«Бұл шын жүректен өкіну ме, жауапкершіліктен қашу ма?»: «Азаптағыш» полицейлер кешірім сұрады

Жәбірленушілерден кешірім сұрап, кінәларын мойындап, соттан шартты жаза беруді өтінді


06/02/2023
19:23 3187 0

Талдықорғанда «азаптаушы» бес полицейдің сотында жарыссөз аяқталды. 6 ақпанда өткен сот процесінде сотталушы тарап өкілдері сөз сөйледі. 

 

Сот процесінде сотталушылардан бірінші болып «ұсталғандарға үтік басып, азаптады» деп айыпталған Айдын Кенжебаев сөйледі. Ол жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан әділ шешім шығаруды сұрады. Журналистерге фото-видеоға түсіруге, сөзін аудиоға жазуға рұқсат бермеді. 

 

– Жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Бізге шартты жаза қолдануыңызды сұраймын. Өзімнің қара басымды ойлап істеген жоқпын. Құрметті сот, әділ шешім шығарасыз деп үміттенемін, – деді Кенжебаев.

 

Адвокат Руслан Есейбеков Кенжебаевтың отбасындағы жалғыз асыраушы екенін, кәмелет жасқа толмаған баласы барын, кінәсін толық мойындағанын ескеру қажеттігін айтып, соттан шартты жаза беруін сұрады. 

 

– Кенжебаевтың шын ниетпен өкінуі, келтірген зиянның ерікті түрде орнын толтыруы, жасөспірім баласының болуы ҚР ҚК 53 бабына сай, қылмыстық жазаны жеңілдетуге жатады. Сондықтан құрметті сот, шешім шығаратын кезде осыны назарға алуыңызды сұраймыз... Менің қорғауымдағы Айдын Кенжебаевты ҚР ҚК 63 бабын басшылыққа ала отырып, шартты түрде соттауыңызды және бір жыл бойы үйқамақта, күзетпен ұстауда отыру мерзімін 62 бапқа сай, ескеруіңізді сұраймын, – деді Есейбеков. 

 

Кенжебаевтың әйелі Айдана Кенжебаева да өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Ол да жұбайының кінәсін мойындағанын айтып, жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан шартты жаза қолдануды сұрады. 

 

 

Күдікті Жанбақыт Нұртаза да жасаған қылмысына өкінетінін, кәмелетке толмаған баласы барын, әйелінің аяғы ауыр екенін айтып, соттан шартты жаза беруді өтінді. 

 

– Өзімнің істеген ісімді толықтай мойындаймын және сол жасаған істерім үшін қатты өкінемін. Үйдің жалғыз асыраушысымын. Бір жастағы кішкентай қызым бар және де қазір әйелім жүкті. Сот мырза, шартты түрде жазалауыңызды сұраймын. Болды, – деді ол. 

 

Қалған сотталушылар Алмас Боқанов, Сапармұрат Тоқташ, Ермек Жұмашев та жәбірленушілерден кешірім сұрап, кінәларын мойындап, соттан шартты жаза беруді өтінді. 

 

Жәбірленуші Жансерік Тұралықовтың адвокаты Әсем Түсіпова сотталушылардың кінәсін мойындап, өкінгендеріне күмәнмен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, күдіктілер сот басында біресе, істі қайта тергеуге жіберуді сұраған, біресе, прокуратурамен процесуалдық келісімге келгісі келген. 

 

– Сот отырысы барысында сотталушылар, яғни полиция қызметкерлері, біресе, істі сот тергеуіне қайтаруды, біресе, прокуратурамен процесуалдық келісімге келу туралы өтініштерін білдірді. Ол шын жүректен өкінудің белгісі ме, жоқ әлде жауапкершіліктен қашудың белгісі ме, бізге белгісіз. Оны өздері ғана біледі. Біздің талабымыз, аса қатігездікпен бұзылған адам құқықтарын қалпына келтіру. Кінәлілер әділ жазасын алады деп сенеміз, – деді Түсіпова. 

 

Бұдан бөлек, Түсіпова соттан Талдықорған полиция департаменті басшыларына адам құқығының бұзылуына жол бергені үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. 

 

– Мен адвокат ретінде Талдықорған полиция департаменті басшыларына адам және адам құқығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылыққа жол бергені үшін және оны жасырғаны үшін жеке қаулы шығаруыңызды сұраймын. Сот барысында Талдықорған полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Шарапиев сотқа тек шындықты айтуға уәде берген. Ол 6 қаңтардан бастап полиция департаментінің ғимаратында бола тұра, ешнәрсе көрмегенін, азаптау болмағанын сенімді түрде айтты. Сонда біз сотта болмаған оқиғаны қарастырып отырмыз ба? Ондай адамдар мемлекеттік қызметте жұмыс атқармауы керек, – деді ол. 

 

Судья Бекмұрат Дүйсенбеков келесі сот отырысын 10 ақпанға белгіледі. Онда сотталушылар соңғы сөзін айтады. 

 

Талдықорғандағы «азаптау» бойынша істе 5 полицей күдікті, 23 адам жәбірленуші деп танылған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/02/2023 19:23
3187 0

Уведомление