«Бұл – саяси тапсырыс»: Жеті жылға сотталған Жыланбаевтың жақтастары сот үкімімен келіспейді

Белсендінің денсаулығы нашарлап, тергеу изоляторының медициналық бөліміне жатқызылған


06/12/2023
13:28 11467 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Азаттық радиосының мәліметінше, 5 желтоқсанда Астанада тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының өкілдері мен адвокат Мейіржан Досқараев баспасөз мәслихатын өткізді. Олар Марат Жыланбаевқа шыққан сот үкімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, істің саяси тапсырыс екенін айтты. 

 

Іс бойынша Жыланбаевқа белсенділер Бибигүл Иманғалиева мен Жанар Сәрсеноваға ақша аударғаны үшін айып тағылған. Айыптау актісінде екі белсенді «экстремистік қозғалыстың қатысушылары» деп көрсетілген. Иманғалиева мен Сәрсенова бас прокуратураға хат жолдаған. Хатқа Марат Жыланбаевтың сотына қатысқан прокурор Саят Нұрбеков жауап берген. Ол «Иманғалиева мен Сәрсенованың аты экстремистік ұйымға қатысушылар тізімінен» табылмағанын мәлімдеген. 

 

Адвокат Мейіржан Досқараевтың сөзінше, қазір Марат Жыланбаев тергеу изоляторының медициналық бөлімінде жатыр. 16 күндік аштықтан кейін оның денсаулығы нашарлаған. 

 

Белсенді, марафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты Астана соты 29 қарашада «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосып, билікті белсендіні дереу босатуға шақырған. 

 

Сот барысында Марат Жыланбаевтың өзі тағылған айыптармен келіспеген. Ол процестің ашық өтуін талап етіп, аштық жариялап, ауызын тігіп тастаған. Бірақ сот белгісіз куәләрдің өтініші бойынша процесті жабық өткізген.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/12/2023 13:28
11467 0

Уведомление