Бір алаң, екі түрлі аза тұту, ұсталған белсенділер: Алматы жұртшылығы Қаңтар құрбандарын еске алды

Белсенділер Тоқаев ашқан мемориалға бармады


05/01/2023
14:25 3457 0

Алматыда Қанды Қаңтардың бір жылдығына байланысты қаралы жиын өтті. Митингке азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері, Қаңтар құрбандарының туыстары қатысты. 

 

Республика алаңында өткен қаралы жиында белсенділер мен саясаткерлер сөз сөйлеп, Қаңтар құрбандарының рухына арнап құран бағыштады. 

 

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, 2011 жылғы Нұрсұлтан Назарбаевтың (сол кездегі президент - ред) әрекетін 2022 жылы қаңтарда Тоқаев қайталаған. 

 

–Жаңаөзенде басталған ереуіл, халық күресі Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкет, Тараз, Семей және өзге қалаларда қолдау тапты. 5 қаңтарда дәл осы алаңда бейбіт жиынды күш қолдану арқылы тарату әрекеттері болды. Алтысы күні халық қайтадан жиналды. Оқ атылды, граната жарылды, улы газбен адамдарды алаңнан тазарту әрекеттері жасалды. Осы алаң қанға бөкті. Үлкен қасірет. 2011 жылғы Жаңаөзендегі адамдарды ату жалғасты. Оны атқарған Назарбаев жүйесі. Соны жалғастырған қазіргі президент Тоқаев. Бұл өте өкінішті. Қазақтың тарихындағы ауыр күндер, азапты күндер, азалы күндер, – деді саясаткер Masa.Madia тілшісіне.

 

 

Сәрсенбайұлының айтуынша, бастапқыда Алматы әкімдігі қаралы жиынды бірлесіп өткізуге уағдаласқан. Бірақ кейіннен жиынды ұйымдастырушы белсенділерді алаңға жеткізбей ұстаған. 

 

– Қаңтарда қаза тапқандарды еске алу, рухына тағзым ету, әрбір азаматтың парызы, борышы. Сол үшін осында жиналдық. Арнайы комиссия құрылды. Ол комиссияның осындай шараны өткізуіне Алматы қаласының әкімдігі келісімін берді. Тіпті, бірлесіп өткізуді ойластырған. Жиынның соңында арнайы орындарға барып, дастархан жайып, құран бағыштауды өзінің міндетіне алған. Бірақ әкімдік осы шараның кең ауқымда өтуіне өздері кедергі жасап отыр. Көптеген қоғамдық белсенділерді, осы жиынды өткізуге мұрындық болған комиссия мүшелерін көшеде, үйінде ұстап, алаңға жеткізбеді. Тіпті, журналист Думан Мұхаммедкәрімді де осы жерге жеткізбей, аңдып, ұстап отыр, – деді Сәрсенбайұлы. 

 

Жиынға келген азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері  жақында президент Тоқаев ашқан «Тағзым» мемориалына бармады. Олар бұны «жалған» ескерткіш, биліктің Қаңтарда жасаған озбырлығын жасыру деп бағалады. «Тағзым» мемориалына әкімдік өкілдері мен бірең-сараң Қаңтар құрбандарының туыстары барды. Олар құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін құран оқуға келген имамдар халықты арнайы дайындалған автобустарға мінгізіп, мешітке, асқа алып кетті. Бір қызығы, ас өтетін орын ретінде бірнеше мешіт белгіленген. Белсенділер бұны биліктің жиналған халықтың басын біріктірмей, бөлшектеу әрекеті деп бағалады. 

 

 

Тіркелмеген Демократиялық партия мүшесі, журналист Инга Иманбай Тоқаев ашқан мемориалға бармауын былай деп түсіндірді: 

 

– Тоқаев келіп ашқан мемориал шындық емес, жалған. Отыз жыл бойы Назарбаев жүргізген саясат сияқты жалған дүние. Ал жолдың бергі бетінде жүрген шынайы халық. Отыз жыл бойы бұл жүйе шынайылықты тұмшалауға тырысты. Жолдың арғы жағында бір апта болмай құлап, демонтажы өтіп жатқан мемориалға мен бармаймын. Ол жерде Қаңтар құрбандарының аты жазылмаған. Оны шынайы халық қабылдамайды. Ал билік фасад ретінде пайдаланады, – деді Иманбай. 

 

Инга Иманбайдың сөзінше, қаралы жиынға жеткізбей Демпартия белсенділері – Абзал Достияров, Аружан Дүйсебаева, Гүлнар Мирмамбетованы полиция ұстаған. Дәурен Достияровтың үйін полиция қоршауға алып, белсендының далаға шығуына кедергі жасаған. 

 

Бүгін Қанды Қаңтар оқиғасына бір жыл толды. 2022 жылы 2 қаңтарда Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт жиыннан басталған митинг кейінгі күндері бүкіл Қазақстанды шарпыған. Бірнеше күн ішінде әлеуметтік талаптар саяси талаптарға ауысқан. Бейбіт митингтің соңы қантөгіске ұласып, президент Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Салдарынан 238 адам қаза тауып, мыңдаған адам ұсталып, азапталған.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

05/01/2023 14:25
3457 0

Уведомление