«Билік күрескерлерді түрмеде ұстауға тырысады». Белсенділер «саяси тұтқын» Ержан Елшібаевқа араша сұрады

Билік қоғамдағы саналы, белсенді, күрескер азаматтарды оқшаулап, түрмеде ұстауға тырысады. Елшібаев соның бір көрінісі және соның құрбаны


13/10/2022
13:11 26975 0

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы Елшібаевтың түрмеде жазықсыз отырғанын айтады. Оның сөзінше, белсендіні түрмеден шығармау үшін тағы да 8 жылға соттаған. 

 

– Билік қоғамдағы саналы, белсенді, күрескер азаматтарды оқшаулап, түрмеде ұстауға тырысады. Елшібаев соның бір көрінісі және соның құрбаны. Оны Қызылордадағы түзету мекемесінде тәртіпке бағынбады, өз-өзіне дене жарақатын салды, қарсылық білдірді, өз тәртіптерін орнатпақ болды деген айыппен қайтадан 8 жылға соттады. Мен сот үкімімен танысып шықтым, ол өзінің кінәсін мойындап отырған жоқ. Тағылған айыппен келіспейді. Бұның барлығы қолдан жасалған нәрсе. Куәлерді алып қараңыз, барлығы түрме қызметкерлері мен сол жерде жазасын өтеп жатқан адамдар. Олар басшылығы қандай куәлік жаса десе, соны жасайды. Ал жазасын өтеп жатқандарға қысым жасау оңай. Не айт десе, соны айтады. Біз әрине ол жерде болған жоқпыз. Бірақ сезіп, біліп отырмыз. Бұл азаматты нақақтан-нақақ, жалған айыппен соттап отыр, – деді Сәрсенбайұлы. 

 

Адвокат Шымқуат Байжанов Елшібаевқа қатысты шығарылған үкім заңсыз дейді. Оның айтуынша, сот шешімі халықаралық заңдарға да қайшы. 

 

– Елішбаевқа шығарылған үкім заңсыз. Бұл Қазақстан ратификациялаған халықаралық заңдарға да қайшы. Соның ішінде азаптау заңына қарсы... Ержан Елшібаев бес жыл жазасын өтеді. Бір жылы ғана қалды. Осы уақытқа дейін мерзімінен бұрын босау, жазасын шартты жазаға ауыстыру өтініштерінің барлығын қанағаттандырмай келді де, ең соңында қайтадан 8 жылға соттап жіберді. Яғни 428 баппен 7 жыл берді де, алдыңғы бір жылын қосып, 8 жылға соттап жіберді. Бұл масқара жағдай. Алдыңғы жазасын қосатын болсаңыз, бұл азамат кісі өлтірген адам ұқсап 12 жыл түрмеде отырайын деп тұр, – дейді Байжанов. 

 

Қыркүйек айында Қызылорда соты Ержан Елшібаевтың жаза мерзіміне 7 жыл қосып, түпкілікті 8 жыл жаза мерзімін тағайындаған. ЗК-169/5 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан белсенді «мекеме тәртібіне бағынбады, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді» деп айыпталған. Ол өзіне тағылған айппен де, сот үкімімен де келіспеген. 

 

Маңғыстаулық 34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Құқық қорғау органдары Ержан Елшібаевты "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) деп айыптап, 2019 жылғы қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Оның жазасы 1 жыл 6 айдан кейін аяқталуы керек еді.

 

Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген. 

Поделиться

Нет комментариев.

13/10/2022 13:11
26975 0

Уведомление