Белсенділер депутат Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға шағымданды

Оған Олимпиада чемпионының сайлау күні Алматыда болған митиңдегі әрекеті себеп болған


25/01/2021
11:47 46256 0

Фото: kaztag.kz

 

25 қаңтарда құқық қорғаушы Ерлан Қалиев пен тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Әйгерім Тілеужан бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға арыз жазды. Олар қазір Алматы мәслихатында депутат болып отырған бұрынғы спортшы 10 қаңтарда Алматыда алаңға шыққандарды ұрып-соқты дейді. 

 

Оның әрекеті заңсыз. Әкімшілік кодексте екі бап бар. Бірі — 73-1-2-бап («Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу»). Ауыр салмақтағы боксшы, қолы ауыр бұрынғы чемпион басқаларға жұдырығын сермеймін деген кезде белсендіге (Әйгерім Тілеужан) тиіп кетті. Екіншісі — 434-бап («Ұсақ бұзақылық»). Плакат жыртып, белсенділерге тиісіп, балағаттағаны үшін жазалауын талап етеміз, — деген құқық қорғаушы Ерлан Қалиев «Азаттық радиосына».

 

10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихат сайлау өтіп жатқанда Алматыда белсенділер оған бойкот жариялап, Республика алаңына шыққан еді. Арнайы жасақ оларды жан-жақтан қоршап алып, бірнеше сағат бойы аязда ұстады. Сол уақыт аралығында Ибраимов қоршауды бұзып, митиңге қатысушыларға жақындағысы келген. Кейін әлеуметтік желіде тараған видеода депутат белсенділердің плакатын жыртып жібергені көрінеді. 

 

Бірнеше күн өткеннен кейін Ибраимов осы әрекетіне қатысты мәлімдеме берді. Ол плакат жыртқанын мойындап, митиңге шыққандарды «ел ішіне іріткі салып жүргендер», «тыныштық бұзып жүргендер» деп атады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/01/2021 11:47
46256 0

Уведомление