Барселонада тәртіпсіздіктер басталды: 100-ге жуық адам ұсталды
Испанияның Барселона қаласында 24 қазан күні кешке жастардың наразылығы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қала орталығында полиция мен шеруге қатысушылар арасында қақтығыс болып, ондаған өрт шықты, дүкендер тоналды.
Каталонияның ішкі істер министрі Нурия Парлонның мәліметінше, оқиғаға байланысты шамамен 100 адам ұсталған. Олардың төрттен бірі – кәмелетке толмағандар.
Қара киініп, бет-жүзін жасырған наразылар қоқыс жәшіктерін, велосипедтер мен мотоциклдерді өртеп, қалалық инфрақұрылымға зиян келтірген. Сондай-ақ Каталония астанасындағы Каталония алаңы (Plaza de Catalunya) маңындағы сауда орындарына шабуыл жасалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қалада 30-дан астам жерде өрт тұтанып, 14 дүкен тоналған немесе бүлінген. Қауіпсіздік шараларын күшейтуге байланысты El Corte Inglés әмбебап дүкені секілді ірі сауда орындары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Кейбір дүкендердің ішінде сатып алушылар қалып қойған.
Наразылық әлеуметтік желілерде «Institut Indignats» («Ашулы лицейлер») ұранымен ұйымдастырылған. Бұл акция Францияда басталған наразылық толқынымен тұспа-тұс келіп отыр. Алайда Испаниядағы шерушілер нақты талаптарын жария етпеген. Олар биліктің жекелеген шешімдерінен гөрі, қалыптасқан жүйеге жалпы қарсылық білдірген.
Барселона мэрі Жауме Коллбони қоғамдық тәртіпті бұзу мен вандализм әрекеттері жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, заң бұзған ересектермен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Каталония билігі де болған оқиғаны айыптап, тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан саяси қозғалыстардан гөрі, ретсіз әрекет еткен топтар қатысқанын атап өтті.
12:37
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.