Банктен несие алмақпын. Келісімшартта не болуы керек?

Заңгер Фарух Ахметжановтың бағанасы


07/12/2020
11:55 5578 0

Фарух Ахметжанов, Akhmejanov & Partners Law Firm басқарушы серіктесі, банк беретін қарыз шартында болатын міндетті талаптар мен қарыз алушының құқын заң қалай қорғайтынын айтып берді. 

МАҢЫЗДЫ: банк беретін қарызды шағын несиелермен шатастырмаңыз. Шағын несиелерді микроқаржы ұйымдары береді. Мысалы, онлайн несие беретін компаниялар не ломбардтар. Бұл жерде біз ресми тіркелген банк беретін несиені айтып отырмыз.

Банк беретін қарыз шарты — бұл банктің клиентке қарызға ақша беретіні туралы жазбаша келісім. Онда қарыздың пайызы, мерзімі мен қайтару күні көрсетіледі. 

Мемлекет банк беретін қарыз шартының талаптарын қатаң түрде реттейді. Бұл құжатқа ойдан құрастырылған шарт енгізе алмайсыз.  Тараптардың еркіндігі (әсіресе банк) заңнамамен шектеледі.

Себебі еліміздегі азаматтардың көбі несие алады: қарыздар, ипотека, авто және тауарға берілетін несие. Сол себепті несие мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеу әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін.

Жеке тұлғаға берілетін несиенің көбі стандарт шарттарға сүйеніп жазылады. Оның бәрі банктердің ресми сайтында жарияланған. Қарыз алушы құжатқа өз ескерту не түзетуін енгізе алмайды: ол шартқа толығымен келіседі не одан бас тартады. Шарт жасасудың бұл нұсқасы «қосылу арқылы» деп аталады. 

Заңды тұлғаға қарыз берудің өз ерекшеліктері бар. Бизнеске кредит бере отырып, банк келісімшартқа түзету енгізе алады.

МАҢЫЗДЫ:  Қарыз алушы стандарт шарттарға түзету енгізе алмайды.  Бірақ шартта көрсетілген талаптардың тым ауыр екені анықталса, ол заң бойынша қол қойған шартты бұзуды талап ете алады. Мысалы, келісімшарт банктен жауапкершілікті алып тастаса/шектесе не қарыз алушыны қандай да бір құқықтан айырса.

 

СЫЙАҚЫ АЛДЫН АЛА БЕЛГІЛЕНГЕН МӨЛШЕРДЕ МЕ, ӘЛДЕ ПАЙЫЗБЕН БЕ ТӨЛЕНЕ МЕ?

 

Сыйақы көлемі әдетте пайызбен көрсетіледі. Бірақ банктер оны алдын ала белгілей алады. Мысалы, қарыз бір айдан аз мерзімге берілсе не несие карталарын/тауарға алуға онлайн несие/бөліп төлеу ресімделсе.

 

Қарыз шартымен бекітілетін сыйақы мөлшері шектелген: жылда берілетін тиімді сыйақы мөлшері (ЖТСМ) 56 %-дан аспауға тиіс.

 

ТӨЛЕМДІ КЕШІКТІРГЕНІҢІЗ ҮШІН ТӨЛЕНЕТІН СОМА НАҚТЫ БОЛУҒА ТИІС

 

Жеке тұлға борышын кешіктіріп өтеуі мүмкін. Қарыз туралы барлық шартта осындай жайттар үшін айыппұл мен өсімпұлдың шекті мөлшері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Бұл көрсетілген мәннен тұрақсыздық айыбы асып кетпейді.

Шекті мөлшерді банк емес, заң белгілейді. Қарыз 90 күн кешіктірілсе, тұрақсыздық айыбы әр күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 %-ынан аспауға тиіс. Ал 90 күннен артық кешіктірілсе, соманың 0,03 %-ынан аспайды. 

Тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы жылына бастапқы негізгі борыштың 10 %-ынан аспауы керек.

МАҢЫЗДЫ: Кепілсіз тұтыну несиесін алғандар үшін қарыздың тұрақты өсуінен қосымша қорғаныс бар: 90 күннен кейін тұрақсыздық айыбы есептелмейді, яғни қарыз өспейді.

НЕСИЕ АЛУШЫ ЖАСЫРЫН КОМИССИЯЛАРДЫ ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Қарыз алушы төлеуге тиіс комиссиялардың барлық түрі  шартта міндетті түрде жазылады. Онда көрсетілмеген комиссия заңсыз және қарыз алушы оны төлеуге міндетті емес. 

НЕСИЕНІ АЛҒАШҚЫ 14 КҮНДЕ САНКЦИЯСЫЗ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ

Бизнес жоспарына арналған қарыздан басқа несиені шарт жасалған күннен бастап есептегенде алғашқы 14 күн ішінде мерзімінен бұрын айыппұлсыз қайтаруға болады.

Дегенмен қарыз алушы несие алғаннан бастап қайтарғанға дейін нақты күндер үшін сыйақы төлеуге міндетті. Қарыз алушының бұл құқығы заңда және міндетті түрде шартта, «ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ҚҰҚЫ» бөлімінде жазылады.

Сондай-ақ қарызды айыппұлсыз толық немесе ішінара қайтаруға болатын кездер бар: 

 

  • қарыз бір жылға дейін мерзімге берілсе, несилеудің жетінші айынан бастап қайтаруға болады (айыппұл кезеңі — қарыздың алғашқы алты айы);
  • қарыз бір жылдан астам мерзімге берілсе, несилеудің екінші жылынан бастап қайтаруға болады (айыппұл кезеңі — қарыздың алғашқы 12 айы).

Бұл ереже «Банктер туралы» заңының 39-бабының 5-тармағында жазылған және банктің оны өз бетімен қарыз алушы үшін тиімсіз жаққа өзгертуге құқы жоқ. 

НЕСИЕ АЛУШЫ ӨЗ ҚАРЫЗЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ СҰРАТУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Қарыз алушы өзі төлеген ақшаның (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, өсімпұлдарды өтеуге) қалай бөлінетіні туралы ақпаратты айына бір рет тегін ала алады. Бұл шартта жазылуға тиіс. 

Банк бұл ақпаратты қарыз алушы өтініш берген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті. 

Несиені мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтегіңіз келсе, банк менежеріне өтініш беріңіз. Ол сізге қайтарылатын сома мөлшерін жазбаша хабарлауы керек. Бұл үшін банкке үш жұмыс күні беріледі.

Қарызды толық өтеген болсаңыз, банкке берешегіңіз жоқ екені туралы анықтама талап етуге құқылысыз. Банк анықтаманы 15 күн ішінде беруге тиіс. 

Дау туындағанда қарыз алушының жазбаша сауалдарына банк 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті.

НЕСИЕНІ ТӨЛЕУ МЕРЗІМІН ӨТКІЗІП АЛҒАНДА ҚАРЫЗДЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОЛЫҒЫМЕН ҚАЙТАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ 

Кейбір адам «несиені төлеу мерзімін өткізіп алсам, банк кез келген уақытта қарызды мерзімінен бұрын сұратуы мүмкін» деп ойлайды. Олай емес. 

Біріншіден, төлем мерзімі 40 күнтізбелік күннен асып кеткенде ғана банк қарызды уақытынан бұрын төлеуді талап ете алады. Екіншіден, бұл банкке тиімсіз. Қарызды уақытынан бұрын төлеуді талап етсе, банк алатын сыйақының мөлшері азаяды. Өйткені несие мерзімі неғұрлым ұзақ болса, артық төлем соғұрлым көп болады.

САҚТАНДЫРУ БОЙЫНША ШЕКТЕУЛЕР

Банктің қарыз алушыны сақтандыру компаниясын таңдауын шектеуге не өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеуге құқы жоқ.

Алайда көріп отырғанымыздай, іс жүзінде бұл шектеулерге көбі бағынбайды.   Сақтандыруға жасырын мәжбүрлеу банк беретін несиелердің көптеген түрінде кездеседі. Сот тәжірибесінде сақтандыру шараларын қолдану туралы бірыңғай түсінік жоқ. Соған қарамастан онымен күресуге болады. Заң қарыз алушыны қорғайды.

КЕЛІСІМШАРТТЫ РӘСІМДЕУ ЖӘНЕ ҚОСЫМША ҚҰЖАТТАР

Осы жылдан бастап банк менежері шарт жасасқанға дейін қарыз алушыға қарыз талаптары туралы қысқаша ақпарат беруге тиіс.

Шартқа негізгі парақ қоса беріледі. Шарт мәтінінің өзі негізгі парақтан кейін жазылады.

Келісімшартта қарыз алушы таныса алмайтын құжаттарға және банктің ішкі құжаттарына сілтеме жасауға тыйым салынады. 

Шарттың мәтіні А4 форматындағы парақта, көлемі 12-ден кем емес Times New Rоmаn қарпімен, жоларалық бір интервалмен және абзац шегіністерін қолдана отырып басылады.

Шартқа қарызды өтеу кестесі қоса берілуге тиіс.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

07/12/2020 11:55
5578 0

Уведомление