БҰҰ-ны алғаш рет әйел басқаруы мүмкін: БАӘ өз үміткерін ұсынды
Біріккен Араб Әмірліктері Лана Нусейбені БҰҰ Бас хатшысы қызметіне ресми түрде ұсынды.
Лана Нусейбе кім?
The National басылымының жазуынша, 21 қазанда БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағаларына хат жолдап, Нусейбенің кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Президент оның БҰҰ-дағы мол тәжірибесін, күрделі халықаралық мәселелерді шешу қабілетін және дипломатиялық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін атап өткен.
48 жастағы Лана Нусейбе БАӘ Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. 2013–2024 жылдары елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған. 2022–2023 жылдары БАӘ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған кезде ел делегациясын басқарып, кеңеске екі рет төрағалық еткен. Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы төрағасының орынбасары және БҰҰ-Әйелдер құрылымының атқарушы кеңесінің басшысы болған.
Бас хатшылыққа үміткер ретінде ұсынылғаннан кейін ол сайлау науқанына көңіл бөлу үшін мемлекеттік қызметтегі жұмысынан уақытша демалыс алған.
Бас хатшылыққа тағы кімдер үміткер?
БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриш екінші әрі соңғы өкілеттік мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанда аяқтайды.
Бұл қызметке Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребека Гринспан, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси және Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет те үміткер.
БҰҰ Жарғысына сәйкес, Бас хатшының кандидатурасын Қауіпсіздік кеңесі ұсынады, ал оны тағайындау туралы шешімді Бас Ассамблея қабылдайды. Лана Нусейбе сайланса, ол БҰҰ-ны басқарған алғашқы әйел әрі араб әлемінен шыққан екінші Бас хатшы атанады. Бұған дейін бұл қызметті 1992–1996 жылдары Мысыр дипломаты Бутрос Бутрос-Гали атқарған.
Жаңа Бас хатшы қызметіне 2027 жылғы қаңтарда кірісуі керек.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысын сайлау тығырыққа тірелген еді. Қауіпсіздік кеңесіндегі алдын ала дауыс беру кезінде жеті үміткердің ешқайсысы кеңестің бес тұрақты мүшесінің бәрінің қолдауына ие бола алмады. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция кандидатураларға вето қоя алады.
11:33
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.