БҰҰ комитеті Қазақстаннан Қаңтарда қаза тапқандар мен азапталғандар туралы барлық деректі жариялауды талап етті


05/05/2023
16:40 18269 0

Фото: Bagdat Asylbek (RFE/RL)

 

Қазақстан билігінен тағы да 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың аты-жөнін, қандай жағдайда қайтыс болғанын және басқа да деректерін, азаптау фактілері мен ол бойынша жүргізілген тергеулер туралы статистиканы ашық жариялау сұралып отыр. Оны Қазақстанның кезекті есебін тыңдаған БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті талап етті. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.

 

Қаңтар оқиғасынан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, азаптау туралы қанша шағым түскені, бұл фактілер бойынша неше іс қозғалғаны белгісіз. Адам құқықтары саласындағы сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр.

«Билік Қаңтар оқиғасы бойынша шынайы статистиканы жариялаған жоқ. Ал ресми органдар берген ақпарат «іріктелген әрі бір-біріне қайшы» деректерден тұрады». БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің мүшелері осындай мәлімдеме жасады.

2 – 3 мамырда Женевада (Швейцария) комитет мүшелерінің алдында Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов бастаған Қазақстан делегациясы есеп берді. Делегация құрамында Бас прокуратура, әділет министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Бұл – Қазақстанның БҰҰ комитетінде жасаған төртінші есебі. Бұған дейінгі есептер 2014, 2008 және 2002 жылдары тыңдалған.

Комитет сұрақтары

2 мамырда тыңдалымның бірінші күні БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің өкілі Анна Раку делегация мүшелеріне жиында Қаңтар оқиғасына баса назар аударылатынын ескертті.

Раку Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болды деп көрсеткен 238 адам қашан, қай жерде және қалай қаза тапқаны жөнінде ақпарат жоғын, тіпті, олардың толық аты-жөні мен жасы да белгісіз екенін атап өтті. Ол жыл басында парламентте есеп берген жемқорлыққа қарсы қызмет пен Бас прокуратура ұсынған деректерде қайшылық барына назар аударды.

– Кей хабарлар, ақпарат ретсіз берілген, осыдан азаптау туралы шағымдар мен ол бойынша жүргізілген зерттеулер туралы толық картина жоғын көрсетеді, – деді Анна Раку.

Ол делегация мүшелерінен комитетке қамауда көз жұмған азаматтар саны, 238 адамның қалай қаза тапқаны және кінәлілерді жауапқа тарту үшін қандай шаралар қолданылғаны жайлы жаңартылған ақпарат беруді сұрады.

– Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау туралы қанша шағым түскені, олар бойынша неше қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылғаны белгісіз, – деді Раку.

Комитет өкілі ақпанда Талдықорғанда азапталған 23 адамның шағымы бойынша бес полицей 3-4 жыл аралығында түрме жазасына кесілгенінен хабардар екенін айтты.

– Талдықорғанда арқасына үтік басылған, жыныстық зорлық көрген азаматтардың ісі туралы да білеміз. Олардың шағымы бойынша қозғалған істер әлі сотқа жетпеді. Талдықорғанда азаптау туралы тағы төрт іс «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен мерзімінен бұрын тоқтатылған, – деді ол.

Раку Қазақстан делегациясынан құқық қорғаушы Райгүл Садырбаеваны азаптауға қатысты пікір білдіруді сұрады. Құқық қорғаушы 2022 жылғы 12 қаңтарда ұсталған. Бұл туралы халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да жазды. Полиция Садырбаеваны жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыптаған.

Құқық қорғаушы екі апта бойы ешкіммен байланыса алмаған. Оны қорлап, зорлаймыз деп қорқытқан, өлтіруге талпынып, медициналық көмек көрсетпей, бар кінәні мойнына алуға мәжбүрлеген. Ол наурыздың ортасына дейін қамауда болып, кейін үйқамаққа шығарылды. Қыркүйекте Садырбаеваны елден кетпеу туралы қолхатпен босатты. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс жыл аяғына дейін жабылған жоқ.

Еуропарламент Қазақстан туралы резолюциясында Садырбаеваны босатуды талап етті. Құқық қорғаушы әлеуметтік желідегі жазбаларының бірінде Қазақстан билігі құқығын қорғамағанын, өзін азаптаған кісілерді танып тұрса да, кінәлілер жауапқа тартылмағанын жазды.

БҰҰ өкілі Қазақстан делегациясынан қанша іс айыпталушының кінәсін мойындап, жәбірленушімен процестік келісім жасауы арқылы жабылғанын сұрады. Құқық қорғаушылар кей жерлерде кінәлілерді жауапқа тартуға осындай келісімдер кедергі болғанын айтып еді. Раку Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істердің қаншасы тоқтап қалғанын да талқылау керек деді.

 

Комитет 2019 жылы маусымда және билік «антитеррористік операция» жариялаған 2022 жылы қаңтарда наразыларды жаппай ұстау кезінде полиция азаматтарға не үшін ұсталғанын және қандай құқықтары барын түсіндірмегенін, оларға туыстарына хабарласуға не адвокат шақыруға мүмкіндік бермегенін баса айтты.

Қазақстан өкілдерінің жауабы

«[2022 жылы қаңтарда] болған жаппай тәртіпсіздік кезінде күш құрылымдары ұсталғандарды азаптағаны біз үшін де алаңдайтын жайт болды». Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев комитет алдындағы есептің кіріспе бөлімінде осындай мәлімдеме жасады.

Қазақстан делегациясы комитеттің кей сұрақтарына жауап беруге дайындалу үшін екі күн уақыт сұрады. Ақыры делегация мүшелері Қазақстан билігінің Қаңтар оқиғасы туралы ресми дерегінен айнымайтын ақпаратын қайталап шықты. Кей сұрақтар мүлде жауапсыз қалды.

 

ІІМ өкілдері «Қазақстанда тінту сияқты тергеу шаралары сот қаулысымен ғана жүреді. Миранда ережесіне сәйкес, ұсталған адамға құқықтары түсіндірілуі керек. Ал азаматтарды заңсыз ұстағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деп сендіруге тырысты.

Қазақстан делегациясы өз есебінде елде азаптауға жол бермеу үшін тергеу және ұсталған азаматтармен жұмыстың ережесі мен әдістері жетілдіріліп жатқанын айтты.

Прокуратура өкілі комитет сұрақтарына жауап беріп жатып, Қаңтар оқиғасы «сабақ болғанын», Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаптау туралы істердің бәрі прокуратураның қарауына берілгенін хабарлады.

– Бұрын азаптау туралы істерді ішкі қауіпсіздік қызметі қарайтын. Олар өз адамдарын қорғауға мүдделі еді. Қазір істердің бәрі прокуратураға өтті, – деді бас прокурордың орынбасары.

Бірақ прокуратураға нақты қандай құзырет берілгені түсініксіз. Қаңтар қырғынынан кейінгі бір жыл ішінде азаптау туралы істер дұрыс қаралмағаны жөнінде көп шағым айтылған.

Болат Дембаев азаптау туралы істердің ұзаққа созылуын «корпоратив бірлік» деп түсіндірді. Ол «қылмысқа қатысы бар қызметкерлердің көбінің бетінде маска болған, қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін бейнебақылау камерасындағы жазбаларды өшіріп тастаған» деді.

Ол прокуратура сонда да тергеуді уақытылы аяқтауға тырысып жатқанын жеткізді.

Прокуратура өкілі мен оның ішкі істер министрлігіндегі әріптесі қауіпсіздік органдары тергеушілермен және арнайы прокурорлармен азаптау істерін тергеу бойынша сабақ өтетінін, билік адам құқықтарының бұзылуы фактілерін азайту үшін мекемелердегі бейнебақылау камераларының санын көбейтіп жатқанын айтты.

Тергеуді қайта бастауға үндеу

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директорының орынбасары Роза Ақылбекованың айтуынша, комитет мүшелері негізінен қазақстандық құқық қорғаушылардың сөзіне сүйенген. Олар Қазақстан есебі тыңдалмай тұрып құқық қорғаушылармен кездесу өткізген. Комитет қазақстандық әріптестерінен қосымша баяндама да алған.

Онда құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау істері бойынша халықаралық тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жан-жақты, тәуелсіз әрі объективті зерттеу жүргізуге, оның қорытындысын жариялап, тоқтаған немесе жабылып қалған істерді қайта тергеуге шақырады.

Баяндамада «Тергеу органдарының Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау істерінің көбін жауып тастауы Қазақстан билігінің өз зерттеуін халықаралық міндеттемелеріне сай тиімді, ашық әрі тәуелсіз жүргізе алмағанын көрсетеді»делінген.

– Азаптауға қарсы комитет арқылы үкіметке жасаған ұсыныстарымыз қорытынды ескертулерге қосылады деп үміттенеміз, – деді кездесуге қатысқан құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль.

Комитеттің қорытынды ескертулері осы айда шығады. Мемлекет бұл ескертулерге ауызша жауап бермесе, барлық сұрақтарға жазбаша жауап жолдауға тиіс.

Поделиться

Нет комментариев.

05/05/2023 16:40
18269 0

Уведомление