Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептері ашылуы мүмкін


08/11/2023
12:27 12741 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептері ашылуы мүмкін. Қазақстан да Ресейдің шекаралас аумағында дәл сондай мектептердің ашылуына мүдделі. Бұл жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. 

 

Ақорда баспасөз қызметі сұхбат мәтінін ресми сайтына жариялады. Тоқаевтың айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Қазақ студенттердің Ресей оқу орындарын таңдауына «географиялық жақындық, тілдік кедергінің болмауы, баға мен кеңес кезінен бері келе жатқан университеттердің беделі» себеп. 

 

Сұхбатта Қазақстан мен Ресей үкіметі арасында жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу жөнінде келісімге қол қойылғаны, соның нәтижесінде екі елде «тепе-теңдік негізде жоғары оқу орындарының бөлімшелері»ашылып жатқаны айтылған. Мысалы, 2024 жылы Дулати атындағы Тараз аймақтық университетінде ресейлік Менделеев атындағы химия-технология университетінің бөлімшесі ашылмақ. 

Бұған қоса, Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептерін ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр. 

– Халқымыздың тарихи және мәдени ортақтығын ескере отырып, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша да екі жақта қызығушылық бар. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде бірлескен қазақ-орыс білім беру ұйымдарын құру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді Тоқаев. 

Ол Қазақстан Ресейдің шекаралас аумақтарында да сондай мектептердің ашылуына мүдделі екенін айтты. 

– Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екіжақты қатынастың маңызды бөлігі болып қала береді. Біз үшін Ресейдің төл мәдениетімен таныса отырып, әлемді қазақ мәдениетімен таныстыру маңызды, – деді Тоқаев. 

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда істеп тұрған 6900-дан астам мектептің 54 пайызы (3743 мектеп) – қазақ тілінде, 15,3 пайызы (1055) – орыс тілінде, 30,5 пайызы (2106) – аралас. Елде қазақша мектептердің жетпейтіні жиі айтылады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

08/11/2023 12:27
12741 0

Уведомление