Қазақстаннан көшкендер арасында білімділер көп: көші-қон статистикасы нені көрсетті

Биылғы тоғыз айда Қазақстанға 8 971 адам көшіп келсе, 3 567 адам шетелге қоныс аударған.


12/11/2026
10:28 0

Көшіп келушілер азайды

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға тұрақты тұруға 8 971 адам көшіп келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,5 пайызға аз. Ал елдегі көші-қон өсімі бір жылда 47 пайызға төмендеген. 

 

Өткен жылдың осы кезеңінде елге 16 175 адам келіп, 5 975 адам кеткен. Сол кезде көші-қон өсімі 10 200 адам болған. Демек, биыл көшіп келушілер саны 44,5 пайызға, ал көші-қон өсімі 47 пайызға азайған.

 

Салыстыру үшін, 2025 жылы Қазақстанға 23 761 адам қоныс аударып, көші-қон өсімі 16 153 адамға жеткен. Биылғы қарқын сақталса, жыл соңындағы өсім 7-8 мың адам шамасында болуы мүмкін.

 

Қытайдан келетін қазақтар көбейді

 

Қазақстанға көшіп келушілердің басым бөлігі бұрынғысынша ТМД елдерінен келеді. Алайда олардың үлесі бір жылда 82,7 пайыздан 69,5 пайызға дейін төмендеген.

 

Елге қоныс аударушылар арасында Өзбекстан бірінші орында тұр. Тоғыз айда бұл елден 3 041 адам келген. Оның 2 108-і қазақ. Ал Қытайдан 1 795 адам көшіп келген. Бұл барлық қоныс аударушының 20 пайызына тең. Олардың 1 783-і этникалық қазақ, яғни қандастар. Осылайша, Қытай Қазақстанға көшіп келушілер саны бойынша Өзбекстан мен Ресейден кейінгі үшінші орынға шыққан. Моңғолиядан да 167 адам қоныс аударған, оның 161-і қазақ.

 

Қазақстаннан кімдер кетіп жатыр?

 

Қазақстаннан көшіп кеткендердің жартысынан астамы Ресейге бағыт алған. Тоғыз айда бұл елге 1 876 адам қоныс аударған. Дегенмен Ресейден келгендер саны да көп болғандықтан, екі ел арасындағы көші-қон сальдосы оң нәтиже көрсеткен (+135 адам). Ал Германиямен көші-қон алмасуында Қазақстан 391 адамнан, Польшамен 260 адамнан айырылған.

 

Ұлтына қарай бөлгенде, елден кеткендер арасында немістер мен орыстар басым. Немістер бойынша көші-қон сальдосы –384, орыстар бойынша –303 адам.

 

Керісінше, қазақтардың елге келуі кетуінен әлдеқайда көп. Тоғыз айда 4 837 қазақ көшіп келіп, 355-і шетелге қоныс аударған. Қазақтар барлық көшіп келушінің 54 пайызын, ал көші-қон өсімінің 83 пайызын құрайды.

 

Елден білімді азаматтар көбірек кетеді

 

Көші-қонның тағы бір ерекшелігі – елден кетіп жатқандардың білім деңгейі жоғарырақ. Шетелге қоныс аударған 15 жастан асқан азаматтардың шамамен 36 пайызы жоғары білімді болса, Қазақстанға келгендер арасында бұл көрсеткіш 21 пайызға жуық.

 

Соған қарамастан, жоғары білімі бар азаматтар бойынша көші-қон сальдосы әзірге оң: 766 адам. Жалпы өсімге орта білімді көшіп келушілер көбірек үлес қосып отыр.

 

Балаларға қатысты жағдай керісінше. 0-14 жас аралығындағы балалар бойынша көші-қон сальдосы –340 адам болған. Бұл отбасылардың балаларымен бірге шетелге көшіп жатқанын аңғартады.

 

Қазақстанға негізінен 15-44 жас аралығындағы адамдар қоныс аударады. Олардың арасында ерлер басым: ер азаматтар бойынша оң сальдо 3 304 адам болса, әйелдер арасында 2 100 адамды құраған.

Поделиться

Нет комментариев.

12/11/2026 10:28
0

Уведомление