Қазақстанда президент лауазымы қалай енгізілді?

Назарбаевтан – Тоқаевқа дейінгі Қазақстан


24/04/2023
18:56 4037 0

 

Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент қызметі енгізілген күн. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстанда алғаш рет президент лауазымы енгізілді. Осыған байланысты бүгін біз президент қызметі, Назарбаев пен Тоқаев кезіндегі сайлауларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

Президент лауазымы және Назарбаевтың сайлауы

1990 жылы 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі «Қазақ ССР президенті қызметін тағайындау және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Сол күні Жоғары Кеңес президенттікке 49 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Кейіннен 1991 жылы 1 желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы болды. Оған бір ғана кандидат – Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жеңіске жетті. 

1991 жылдың қазанынан 1993 жылдың желтоқсаны аралығында Жоғары Кеңес төрағасы болған саясаткер Серікболсын Әбділдин 2014 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Назарбаевтың президент болып сайлануын былай деп еске алды: 

– 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ ССР-і Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты советтік Қазақстанның президенті етіп сайладық. Сөйтіп салтанатты ант қабылдау рәсімі, яғни инаугурациясы 10 желтоқсанға белгіленді. Сол екі ортада Беловеж оқиғасы араласып, СССР-дің таратылғанын жариялады.

Ол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасы болған Ерік Асанбаев вице-президенттікке сайланып, төраға міндетін мен атқарып отырғанмын. Беловеж келісімінен соң біздің алдымызда «Жаңадан сайланған президентті қандай елдің президенті деп атау керек?»  деген мәселе тұрды. Сол себепті желтоқсанның 10-ы күні таңертең инаугурациядан бұрын республиканың атын Қазақстан Республикасы деп асығыс өзгертуге тура келді. 

Түстен кейін сағат 15.00-де қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс өткізіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің атынан қаулыға қол қойып, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының президенті» деген куәлік тапсырдым. Назарбаев осылайша Қазақ ССР-інің президенті болып сайланып, Қазақстан Республикасының президенті болып шыға келді.

Таратылған парламент, күшейген президент

1995 жылы 1 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халықтары ассамблеясы құрылды. 12 наурызда сыртқы істер министрі шетел елшілерімен кездесуде Қазақстан парламенті өзін-өзі таратуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Сол сәттен бастап 72 депутат үш күн аштық жариялап, 16 наурызға дейін Жоғары Кеңес ғимаратынан кетуден бас тартты. Олар «парламенттің тарауы президент билігін күшейтуге алып келеді, елдегі демократиялық институттардың жұмыс істеуіне кедергі жасалады, көп партиялы жүйе келмеске кетеді» деп қауіптенді. Жылдар өте ол қауіптері шындыққа айналды. 

1995 жылы 29 сәуірде Қазақстан халықтары ассамблеясының бастамасымен Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін созу туралы жалпыхалықтық референдум өтіп, ресми дерек бойынша, сайлаушылардың 95, 46% Назарбаевтың өкілетін ұзартуды мақұлдады.

1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы «Отан» деген атпан саяси партияға айналды. Кейіннен аты «Нұр Отан» деп ауысты. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін «Аманат» болып қайта өзгерді. Бұрын да, қазір де парламенттегі көпшілік орын осы партияға тиесілі.  

Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент сайлауы жеті рет болды. Оның бесеуі Назарбаевтың тұсында – 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары өтті. Барлығында Назарбаев «жеңіске жетті». Екеуі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде – 2019 және 2022 жылдары өтті. Онда Тоқаев «жеңді». 

Сабақтастық және өзгеріссіз сайлау

30 жыл президенттік орын тақтан түспеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда өз еркімен қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, 70,96% дауыспен Тоқаев жеңіске жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасын «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп атады. 

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін, елде референдум, кезектен тыс президент және парламент сайлаулары өтті. 2022 жылы 20 қарашада мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында Тоқаев 81, 31% дауыс жинап, қайтадан президент болып сайланды. 

Қазақстанда бірде-бір президент сайлау уақытында болған жоқ. Барлығы мерзімінен ерте өтті. Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың барлығы сайлаулардың бірде-біреуін әділ өтті деп мойындаған жоқ.

Поделиться

Нет комментариев.

24/04/2023 18:56
4037 0

Уведомление