Азаптаған полицейлер ісі. Жәбірленушілер тергеудің қайта өтуін талап етуде

Диас Рамазанов шашымнан ұстап көтерді, Кенжебаев үтіктің парын бетіме басты


16/09/2022
12:50 6811 0

Талдықорғанда қаңтар оқиғасынен кейін қамауға алынған адамдарды азаптаған «полицейлер ісі» қайта тергеуге жіберілуі мүмкін. 

Талдықорған қалалық сотында Қаңтарда адамдарға үтік басып, азаптады деген күдікке іліккен бес полицейдің ісі жалғасуда. 15 қыркүйекте өткен сот отырысында іс бойынша жәбірленуші деп танылған 23 адамның бірі Дәурен Аитов жауап берді. Ол өзін полицияның қалай ұстағанын, үтік басып қинағанын айтты. 

–Мені ДВД-ның артқы есігінен кіргізді де бесінші қабатқа көтерді. Жоғары көтерілмес бұрын «айтып қал, кімде қару бар, қазір сенде мүмкіндік бар. Бесінші қабатқа барғанда өзіңе қиын болады» деді. Мен «білмеймін» дедім. Содан жоғары көтерілдім. Барсам, дәлізге қаз-қатар адамдарды жатқызып қойған. Маска кигендері бар, автоматтары бар, адамдардың басына секіріп, үстілерінен жүгіріп жүр. Сол уақытта алдымнан Айдын Кенжебаев (күдікті) пен Диас Рамазанов кездесті. Кенжебаев резинка дубинкамен басымнан 6-7 рет ұрды..., – деді Аитов. 

Дәурен Аитов тергеу кезінде 6 полиция қызметкерін танығанын, бірақ сотта тек бір ғана адам жауапқа тартылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қалған Нұраханов, Қаптағанов, Жақанбай, Ендібаев және Рамазанов әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. 

– Мені 519 кабинетке алып барды. Бірге 6-7 адам кірді. Диас Рамазанов деген жігіт қолымды артыма қайырып, кісен салып, жерге жатқызып, аяғымен басымнан мыжып тұрды. Екі аяғымды кімдердің мыжып тұрғанын білмеймін, бірақ біреулер мыжып тұрды. Айдын (Кенжебаев – ред) үтікті анандай жерде қыздырып отырды. Содан «дұрыстап ұстап тұрыңдар» деді де, жаңағы ыстық үтікті ішіме салды. 2-3 рет басты. Мен кішкене есімнен тандым. Диас Рамазанов шашымнан ұстап көтерді, Кенжебаев үтіктің парын бетіме басты, – деді Аитов. 

Аитов судьядан өзін азаптаған адамдардың барлығының жауапқа тартылуын сұрап, «істі қайта тергеуге жіберуді» өтінді. Оның бұл сөзін айыпталушы тараптың адвокаттары да қолдады. 

Бұған дейін, 9 қыркүйекте өткен сот отырысында жауап берген жәбірленуші Арман Теңізбаев та өзін азаптаған екі полицейдің аты-жөнін атап, олардың жауапқа тартылмағанына наразылық білдірген. 

Дәурен Аитов жауап беріп жатқанда жәбірленуші Ұлан Құттыбаевтың қан қысымы көтеріліп залдан шығуға мәжбүр болды. Соттан кейін ол полиция қызметкерлерінің азаптауынан кейін денсаулығынан айырылғанын, жүріп-тұруы қиындағанын айтты. 

– Бізді ұрып-соқты, бізде денсаулық жоқ. Қазір пробациялық бақылауға барамыз. Жұмыс істейміз. Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, денсаулығым нашар. Басымда төрт сатресение бар. Қазір қан қысымым жоғарлап кетеді. Енді соққы алатын болсам, не өлем, не комаға түсемін, – деді Құттыбаев. 

Ұлан Құттыбаев күдікті полиция қызметкерлерін қамауға алу керек деп есептейді. Ол судьяны да ауыстыру керек дейді. 

– Күдікті полиция қызметкерлерін қамасын. Қаңтар оқиғасы кезінде мен ауырып отырсам да темір тордың ішінде болдым. Мені де ұрып-соқты, үтіктеді. Осының барлығына әрең шыдап отырдым. Сотта заң жоқ. Судьяны ауыстырып, басқасын қоюды талап етемін,  деді Құттыбаев. 

 

Жәбірленуші Арлан Құттыбаев азаптаудан кейін төрт қабырғасы сынып, басынан зақым алғанын айтады. Оның сөзінше, сол уақытта ДВД-да заң мүлде болмаған. 

– Мен ол кезде кәмелеттік жасқа толмағам. Мамама Арланды анда алып кетті, мында алып кетті деп өтірік алдаған. Шын мәнінде сол уақытта мені жертөледе ұрып жатты. Менің қазір төрт қабырғам сынған. Бауырым төмен түсіп кеткен. Басымнан зақым алғам. ДВД-да ол кезде заң мүлде болған жоқ. Мен 3кәмелеттік жасқа толмаған балалармен бірге отырдым, – дейді ол. 

Құттыбаевтың сөзінше, жеке өзі тергеу кезінде азаптаған 11 адамды таныған. Бірақ қазір сотта соның біреуі ғана жауапқа тартылуда. 

– Мен азаптаған 1адамды таныдым. Қазір айыпталушылардың ішінде Айдын Кенжебаев ғана жауапқа тартылуда. Сотқа мүлде көңілім толмайды. Барлығы бір-бірін қорғап, соттың өзі полиция қызметкерлерінің сөзін сөйлеп отыр. Біз сот әділ шешім шығарады деп үміттенеміз. Кінәлілер соттала ма, сотталмай ма белгісіз, – дейді Құттыбаев.

Күдіктілер қатарында азаптауға қатысы барлардың көбінің жоқ екені айтылған соң сот отырысы аяқталды. Судья Дүйсенбеков істі қайта тергеуге жіберу-жібермеу мәселесін талқылау үшін алдын ала тыңдау өткізуге шешім қабылдады. Келесі сот отырысы 30 қыркүйек күні сағат 10-да басталады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

16/09/2022 12:50
6811 0

Уведомление