Қазақ интелегенциясына ықпалы күшті болған «Қабуснама» қандай туынды

Х ғасыр бұрын жазылған кітаптан 15 кеңес


22/06/2022
13:53 46514 2

Он ғасыр бұрын Орталық Азия  аумағында жазылған “Қабуснама” кітабынан қазіргі өмірге жарайтын он бес кеңес ұсынамыз. Алдымен, шығарманың құндылығына зер салып көрелік.

«Қабуснама» қандай туынды?!  

Осыдан ондаған ғасыр бұрын,  орталығы – Бұхара саналатын Саманилер билігі кезінде, Кейкаус есімді  данышпан өз ұлына арнап даналық сөздерін жазып қалдырған. Феодалды қоғамдық таптың үстемдігі барысында, синтезді өркениеттік шығармалар  адамзат үшін қозғаушы күш болды. Солардың бірі – Кейкаустың «Қабуснама»  кітабы. 

Кітап – құранды жадынамалап тәпсірлеу арқылы басталады да, сырластық  мәндегі әңгімелердің эстетикалық талғамды ақылдары  жеңіл сюжетке жалғасады. 

Қырық төрт тараудан, елу алты әңгімеден  тұратын шығарманың қамтитын тақырыптары да әр түрлі.Риторикалық өнер арқылы орта ғасырдағы  шығыстық және жалпыадамзаттық өнеге нормалары нәзік үйлестірілген. Мағыналық  аспектісіне орай тереңдігі үшін эрудициялық деп қарастырылатын туынды.

Логикалық жүйелі ойлау антикалық ойшылдарға да тән болса, бұл шығарманың баурап алар тағы бір ерекшелігі – құрылымы жағынан халық педагогикасына негізделген. Сондықтан, мың жасқа қара қадам басса да, күні кеше жазылғандай әсерлі.

Бұл шығарма  – араб, парсы, шағатай (ескі өзбек тілі), татар тілінде ұрпаққа жеткен. Өзбек тіліне аударған Сүтібай Далимов.  Ал өзбек тілінен аударып, қазақ оқырмандарына жеткізген Тұрсынәлі  Айнабеков.

Прогрессивті идеялар заманында шығарма ойшылдар тарапынан қолдауға ие болып, дамыды және жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды. Тарихилығы бойынша Қазақстан аумағына жақын орналасқандықтан, қазақ интелегенциясына да ықпалы күшті болған. 

Әрине, мұндай дүниенің дегдарлығы деп ұсынылатын шығармадан олардың шет қалуы мүмкін емес. Бұл турасында Абай қарасөздерін «Қабуснамамен» салыстырып көру жеткілікті. Ы.Алтынсариннің хрестоматиялық түзілісі ше?! Мағжанның дидактикалық туындысы да ұштасып жатады. 

Он ғасырлық тарихи туындыдан қазіргі өмірге жарайтын он бес кеңес:

·      

АЖеткізе білудің қаншалықты маңызды екенін білеміз, сол үшін де  дұрыс сөйлеу алуды былайша насихаттайды:

«Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі – сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың.» 

Қайырымды перзент турасында және сол парасатты болудың артықшылығы ретінде:

«Егер әрбір перзент  ақылды және дана болса, ол ата-ананың мейір махаббатын құрметтеуден бас тартпайды.» - дейді. 

Орынды сөздің ғана бағы жанатынын былайша түсіндіреді:

« Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да, жаман көрінеді. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді. Ықылассыз тыңдаушыға сөз айтқаннан, тыныш отырған мақұл.»

 Үздіксіз дамуды талап ететін адам болмысының өзгеріске, жаңалыққа бейімділігін қуаттай келе:

«Қыңырлыққа әдеттенген кісіден бойыңды аулақ сақта. Өйткені, қыңырлыққа әдеттенген жан туралыққа баспайды.» - деген.

Ізгіліктің де алгоритмі барын былайша ұқтырады:

«Жақсылық істеуге лайықты жанға жақсылық істеуден тартынба және ол адамға жақсылық істеудің жолын үйрет.  Бұл жөнінде «жақсылық істеуді білген, жақсылық істеуді үйретуге де міндетті» деген сөз бар.» 

Коммуникация барысында асқан мәдениеттілік пен мейірімді даналықты ұстану жайлы:

«Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Әр нәрсеге таңданып таңырқама, өйткені таңдану жас балаға жарастықты. Есті жан қайғымен аяқталатын қуанышты қуаныш демейді, қуанышпен аяқталатын қайғыны қайғы екен демейді.» - деген.

Жастың пайымы үшін  үлкенге құрмет көрсету сынды жақсы әдептерін дәріптей отырып, оларды да таразылай білуді ескерте:

«Жақсылықты ең алдымен өз жақыныңа істей біл. Қарт-қарияларына ізет, құрмет көрсетіп сыйла. Бірақ сен олардың құрсаулы құлы болмай, жақсылығымен қатар кемшілігін де көре біл.» - деп жасықтықтан сақтандырады.

Қайшылықтар ортасында құндылықты өнер деп  танып, оны  жоғалтпау жөнінде:

«Сократ Хаким: «Өнерден жақсы нәрсе, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаншақтықтан асқан дұшпан жоқ» деген екен. Әрбір сәтті босқа өткізбей, тиімді пайдаланған жағдайда ғана өнерді үйренесің. Өнер үйренетін дана табылмаса, наданнан үйрен.»

Субьективті көзқарастың иесі сенімен мүдделес әрі мейірімді болса, сұхбаттардың жеке дара өтуі де сенің  игілігің деп  былайша көрсетеді:

«Шапағатты және мейірбан жандар досың болсын, олармен әрдайым оңашада ақылдасқаның жөн. Өйткені, сен олармен оңашалап сөйлескенде ғана ой-пікірінен ойдағыдай пайдалануыңа болады.»

Абсурд – наразылық тудырады. Сондықтан сақтық мәселесі бойынша:

«Жалғанға ұқсаған шындықтан гөрі шындыққа ұқсаған жалған жақсы. Өйткені, ондай жалған сөзге жұрт сенеді, ал жалған сияқты шындыққа ешкім сенбейді.»

Махаббаттың ақыл толысқан кездегі байыпты түрін ғана құптайтынын әрі жүректі босқа шаршатпас үшін: 

«Ғашықтықтан қашық жүр, ғашық болу ақылдылар ісі емес. Ақылды жандар – ғашықтықтан өздерін сақтай білетіндер. Ғашықтықта адам көңілсіз болады.»

Табандылық, туралық сынды қасиеттерге қатысты:

«Өз көзқарасыңды қорғауға мықты бол. Екі түрлі түсінігі бар сөзге қанағаттанушы болма, сенімді адамдардың хаты болмайынша, есіткен жел сөздерді басшылыққа алмағын.» 

Мейірім және қайраткер болу туралы:

«Жан күйдіріп сөйлеме. Білгеніңді жақсы сөз өрнектерімен жұртшылыққа хабарлап, оның іске асуына көңіл бөл.»

Саяхат турасында:

«Дүниедегі  ғажайыпты көргің келсе, бір-ақ рет кемеге түссең жеткілікті.»

Ел билеушлілердің қалың бұқараның  бәріне бірдей мейірімді болуы керектігі туралы:

 «Падиша күн сияқты болуға тиісті. Күн біреуге көлеңке, біреуге нұрын шашпайды.»

 

 

Авторы: Айжан Асанғожа

Поделиться
Александр 30/12/2023 08:22
Тюркские народы могли бы привить сильные качества гения, инженера, конструктора, изобретателя, разработчика, придумщика, способного, эйдетика, блестящей личности, гипнотизера, компьютерного гения, хакера, казаха по прозвищу монгол, Аттилы, Тамерлана, Бейбарса l, Кутуза, Чингисхана, Сунь Цзы, Омара Хайяма, Конфуция, Лао Цзы, Эрнана Кортеса, Отто фон Бисмарка, Наполеона l Бонапарта, Эрвина Роммеля, Ришелье Луи Франсуа Арман дю Плесси, Ланна, Массена, Ней, Мюрата, Бессьера, Лефевра, Сюше, Журдана, Сульта, Даву, Серрюрье, Мармона, Курта Мейера, Фридриха Великого, Хуго Шмайссера, Николы Тесла, Ялмара Шахта, Hansa Grubera детям детдома.
Ответить
0 0
Показать комментарии (1)
22/06/2022 13:53
46514 2

Уведомление