«Ауылбайдың керегі жоқ» : Дизайндағы қазақша стильдің жай-күйі қандай?

Сәулетші Елзат Мұқашпен сұхбат


07/11/2023
14:50 13081 0

 

Елзат Мұқаш интериер дизайнер және сәулетші. Елзаттың басқа сәулетшілерден ерекшелігі өз жұмыстарын тек қазақша стильде жасайды. Ендеше қазақша стильді заманауиландырып, сұранысқа шығарған Елзат мырзамен сұхбаттасып көрдік. 

– Қай уақыттан бастап дизайн саласында қазақша стильді қолдандыңыз?

– Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында сәулетші мамандығында білім алдым. Академияда оқып жүргенімде әлемдік стильдердің шығу тарихын зерттеп бастадым. Әлемге әйгілі әр стильдің белгілі бір заңдылықтары мен қалыптасқан қағидалары бар. Мысалы жапон стилін қалай жасау керек деп гуглға жазсаңыз ережелер мен нұсқаулықтарды шығарып береді. Қазақша стиль деп қарасақ нұсқаулық тұрмақ киіз үй мен оюлардың сапасыз суреті әрең табылады. Ізденіс барысында неге қазақша стиль қалыптаспаған деген сұрақ туындады. 3 курстан бастап тапсырыс қабылдап бастадым. Бизнесмендер мен кәсіпкерлерден түрлі жобалар түседі. Барлығының қалайтыны классикалық  шетелдік стиль. Алғашында оларға қазақша стильді ұсынып көрдім. Бірден “ауылбайдың” керегі жоқ деп бас тартатын. Сосын айлаға көшіп қанша уақытым кетсе де, қабылдап қалар деген үмітпен алдын ала қазақша бірнеше нұсқа жасап ұсынатын болдым. Сонда да қабылдағандар мен қызыққандар аз болды. Әлі күнге дейін есімде осыдан он жыл бұрын жездем үйінің ішкі дизайнын маған тапсырды. Мен оған өте аз бағада, өзім құрылысына араласам деп жатып жұмысымды алғаш рет қазақша жасағанмын. 

– Қазақша стильді заманауиландырып дизайнда қолдану идеясы қайдан келді?

– Шығармашылықтың адамы болғаннан кейін маған қайталанбайтын заттарды жасау өте маңызды. Әрқашан өзгелерге ұқсамау үшін идея қарап жүремін. Мысалы, бүкіл әлемге әйгілі лофт стилі тастанды, қирап жатқан ғимараттарға диван немесе басқа жиһаздар қоя салу арқылы пайда болған. Сол сияқты кез келген заттан идея тудыруға болады. Әсіресе қазақша стильдің қалыптаспауы біз үшін үлкен сын. Қазақ халқының мәдиеті мен тарихы өте бай. Қарапайым киіз үйдің өзі қаншама элементтерден тұрады. Тіпті бір ғана оюдың өзінде зор мағына мен әсемдік жатыр. Соның барлығын түсінген сәулетші әлемде жоқ ғажап туындыларды жасай алады. 

Астанадағы Ханшатырдың авторы - Норман Фостер. Әлемдегі үздік архитекторлар қатарына кіреді. Неге шатырдың орнына әлемге әйгілі болған басқа стильдегі ғимаратты қоя салмады? Себебі, Фостер мырзаға көшпелілердің көшпелі тарихы маңызды әрі қызық болған. Ал біздікілер біреудің қаңсығын таңсық көріп, әлем жалыққан дүниелердің көшірмесін салуға әуестеніп тұрады. Университеттегі дипломдық жобамды да қазақша стиль тақырыбында қорғадым. Сол сәттен бастап архитектураға қазақша стильді енгізіп, әлемдік деңгейге жеткізем деген өмірлік мақсат қойдым. Қазір тұрақты түрде осы бағытта жұмыс жасап келем.

– Қазақстандағы ғимараттарда қазақи стиль қалыптасқан ба?

– Мүлдем қалыптаспаған деп толық айта аламын. Біріншіден, үкіметте ұлттық идеология деген түсінік жоқ. Яғни мәдени құндылықты жаңғырту деген нақты бағдарлама қалыптаспаған. Есеп беріп, құтылу үшін немесе ақшаны жымқырып сапасыз дүниелерді жасай салу деген бағдарламалар бар шығар. Алайда нақты сәулет өнерінде көріп жүрген жоқпын. 

Есесіне интерьер дизайн ішкі көріністерде қазақша стильдің ұшқыны байқалады. Оның өзі үкіметтің арқасында деп айта алмаймын. Ерікті қазақтар қазақша стильді жасатып, жарнамалап жатқандығының арқасы. Бизнесмендер мен кәсіпкерлер арасында қазақи стиль трендке айналып жатыр. Бизнес орындарының ішкі көрінісін ұлттық нақышта жасатып жатқандардың қарасы бұрынғымен салыстырғанда көбейген. Себебі бұл стиль сұраныста бар. Сұраныстың туып жатқаны білімді сәулетшілердің қазақи стильді қолданып, жасап жатқан еңбегінің нәтижесі.

– Шетелдіктер арасында қазақша стильдің ұшқыны байқалады. Мысалы, Швейцария тауларында киіз үй типтес Louis Vuitton бутигі ашылды. Көпшіліктің пікірі де оңынан болды. Сіз архитектор ретінде бұл нәрсеге көзқарасыңыз қандай?

– Бұл тенденция ұнамайды. Қызғаныш көзімен қараймын. Шетелдіктер біздің стильді қолданғанымен, бұл қазақтың стилі, мәдениеті деген сөз аузынан шықпайды. Олар жалпылама Орталық Азия, Түркілер стилі деп таныстырады. Оның әсері қолымыздағы алтынды біреуге жайдан жай бере салғанмен тең. Сондықтан бірінші біз жасап, олар бізден сатып алатындай деңгейге ұмтылуымыз шарт. Мысалы, біз хайтек стилін бірден білеміз, тура сол сияқты болашақта біздің стильді қолданған күннің өзінде қазақша стиль екені тайға таңба басқандай көрініп тұрса деймін. Дизайнда қолданылған элементтер арқылы қазақ тарихы мен мәдениетінің исі аңқып тұрса деген мақсатым бар. Сол арқылы өз барымызды әлемге жарқыратып шығара аламыз.

– Елзат мырза, қазақша стильді дизайнда қолданып жүргеніңізге нақты қанша уақыт болды? Іске асырған жемісті жұмысыңыз ретінде қандай жобаларды айтар едіңіз. 

– Қазақша дизайн саласында жүргеніме 10 жыл болып қалды. Басында қазақша стиль десем тапсырыс түспей қиналатын едім. Қазір шүкір, жеткілікті түрде тек қазақша стильдегі тапсырыстар қабылдаймын. Барынша жасаған жобаларымды бір-біріне ұқсатпай ерекшелеуге тырысамын. Көбіне жеке кәсіпкерлерден пәтерімді, офисімды, мейрамханамды жасап бер деген ұсыныстар түседі. Алайда әліде басқа стиьдерге қызығатындар жетерлік. Оларға айтарым сіз сұраған лофт, хайтек, жапон, қытай стилінің шетелде тізесі шыққан. Өзіміздің қолөнерді әдемі стильге айналдыру арқылы жаңашылдыққа ие боласыз. 

Қайрат Жолдыбайұлының бастауымен Шымкент қаласында Кемел адам мектебі ашылды. Сол мектептің ішкі дизайнын маған тапсырды. Көбіне жеке кәсіпкерлердің офисына, мейрамханасына, пәтеріне жасап жүрген дизайнды ұлт болашағын тәрбиелейтін мектепке жаса деген ұсыныс ерекше шабыт берді. Балаларға ыңғайлы әрі қазақ мәдениетін заманауыйландырып ерекше етіп жасауға тырыстым. Шаңырақтың, оюдың элементтерін қостым. Сол мектеп қабырғасынан Қазақстанның жарқын болашағы болатын мықты мамандардың шығуына тілектеспін. 

– Сізге осы 10 жыл аралығында мемлекет тарапынан ұсыныстар түсті ме? Қандай да бір гранттарына қатыстыңыз ба? 

– Біріншіден, конкурстар ұйымдастырылады. Мен ондай конкурстарға қатысып көргем. Ол жерде кім жеңетіні, қалай болатыны әу бастан шешіліп қойған. Яғни жүйе дұрыс жасамағандықтан не болатыны түсінікті. Ақыры соңында жеңімпаздар басшылықтағы аға көкелердің бауыры, туысы немесе қалтасына ақша салып берген ығай мен сығайлар болып шығады.

Екіншіден, біздің басшылық арнайы оқыған мамандардың көмегіне жүгіну дегенді білмейді. Ойына не келсе соны соғады. Бұл ретте сәулетші де, дизайнер де, құрылысшы да, тендер беруші де, алушы да әкім мырзалар болып шығады. Нәтижесінде қандай стиль екені түсініксіз, сапасыз, ыңғайсыз, құбыжық ғимараттар пайда болады. Бұндай шіріген жүйеден мен әлде қашан үмітімді үзгенмін. Болашақта да күшті бірдеңе күтем деп айта алмаймын.

Әлеуметтік желіде Қазақстанды аралап жүріп қала құрылысын, қоғамдық орындарды сынап видеолар түсіремін. Қай қалаға барсам да стиль тұрмақ тұрғындарға арналған жайлылық жоқ. Шамам жеткенше сол жерді қалай жайлы әрі әдемі етіп өзгертудің нұсқасын ұсынамын. Мысалы, Қызылорада қаласындағы балалар ойын алаңы мен Шымкент қаласының вокзалын видеоға түсіріп қандай кемшіліктері барын көрсеттім және өз нұсқамды да сол видеоға қостым. Артынша қала әкімдігі ойын алаңы мен вокзалды жөндеп кеткен. Бір қуантқаны менің нұсқамды пайдаланған.  Иә, маған ол үшін ешқандай ақша төлемей-ақ қойсын. Тек менің нұсқамды көріп, солай жасағандарының өзі мен үшін үлкен жеңіс. Мен өз мақсатыма жету жолында мемлекеттің қолдауы деген нәрсені баяғыда сызып тастағанмын. Менің мемлекеттен сұрайтыным ешқандай кедергі жасамаса болды. 

– Әр қаланың өзіне ғана тән дизайндық ерекшеліктері болды. Мысалы Лондонның символына айналған қызыл телефон кабиналары. Сол сияқты ұлттық айдентикамызды көрсетіп тұратын қандай дизайндық шешімдерді ұсынар едіңіз? 

– Байқасаңыздар бір ғана Алматының өзінде сан түрлі аялдамалар бар. Біреуі темірден, біреуі әйнектен. Оның үстіне жаяу жүргіншілерге жазда көлеңке, қыста қалқа бола алмайды. Стиль жағына мүлдем аузымды ашпай ақ қойдым. Егер менің мүмкіндігім болса қаладағы аялдамалардың бәрін бір типте жасар едім. Шетелдіктердің бірден көзіне түсердей етіп шаңырақтың элементтерін қолданып. Әрине қазақша стильдің исі аңқып тұратындай әдемі етіп, әрі жаяу жүргіншілерге ыңғайлылық сыйлап тұратындай. 

– Болашақта қандай жоспарыңыз бар?

– Мен әрқашан нақты стратегиялық бағытпен жүргенді ұнатамын. Студенттік кезімде сурет салып, визитка, түрлі банерлер жасап өз қызметімді саттым. Одан интериер дизайнер болып тапсырыстар қабылдадым. Жасаған жұмыстарымның арқасында сенімділік жинап алған соң, нақты бағытымды қазақша стильге өзгертуге шешім қабылдадым. Сол сәттен қазақша стильді әлемге паш ету нақты мақсатым. Жеке брендімді дамытып, қазақша стильді насихаттау үшін 3 жыл қатарынан түрлі телеарналарда қазақша стильді жасаушы ретінде сұхбат бердім. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже алмадым. 2022 жылы қасымдағы достарымның кеңесімен әлеуметтік желіні қолға алдым. Осы қадам мен үшін ең нәтижелі процесс болды. Өзімнің сапалы аудиториямды қалыптастырып, танымдық блогымды жүргізіп келем. Осылайша қазақша стильге, сәулет өнеріне қызығатын оқырмандарымнан сабақ беріңіз деген ұсыныс түсті. Алғашында қызыққан жандардың басын қосып дизайн курсын оқытатынмын. Ал қазір сол әрекетім жаңа бір арманымды дүниеге әкелді. Қазақша стильдің негізін қалап, әліппесін жасап шығарғым келеді. Қазір сол бойынша жұмыс жасап жатырмын. Шығармашылығын енді бастап келе жатқан жас сәулетшілерді оқытып қолөнершілер мектебін аштым. 10 жылдық тәжірибемді қосып, қазақша сәулет қолөнер мектебінің концепциясын құрып шықтым. Қазір сол бойынша жылдар бойы жинаған тәжірибемді қысқа мерзімде шәкірттеріме үйретіп, түрлі қазақша жобалардың санын көбейткім келеді. Болашақта ол мектебім үлкен оқу орнына айналар. Бәрі мүмкін. 

 

Cұхбаттасқан Әмина Кемелбай

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/11/2023 14:50
13081 0

Уведомление