Ақтөбеде 100-ге жуық автобус айдаушы ереуілге шықты

Олар жалақымыз өсірілсін дейді


12/02/2021
10:52 46322 0

Фото: azattyq.org

 

12 ақпанда «Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының» 100-ге жуық жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты. «Азаттық радиосының» хабарлауынша, олар басшылыққа жалақысын 200 мың теңгеге дейін өсіріп, еңбек жағдайын жақсартсын дейді. 

 

— Мен осы жерде екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. 46-маршрутта. 1-маршрутты жауып тастады. Күніне сізге 70 мың теңге тапсырамыз. Сенбі, жексенбі күндері 40–45 мың тапсырамыз. Менің алатын айлығым — 32 мың теңге. Сіз неге сол ақшаның өзін уақытында бермейсіз? Неге алты айдан бері зейнетақы жарнасы түспей жатыр? Неге медициналық сақтандыруға ақша түспей жатыр? — деді жүргізушілердің бірі Бекзат Аязбаев басшылық өкіліне. 

 

Басқа жұмысшылар зейнетақы жарнасы аударылмағандықтан, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғанын, автобустарға қажет бөлшектерді өздері сатып алып жүргенін, басшылар күнделікті жоспарды негізсіз өсіріп тастағанына шағымданды. 

 

Кәсіпорын директорының орынбасары Есбол Сатаев өздері шығын көріп, мемлекеттен көмек күтіп отырғанын айтады: 

 

«Бізге субсидия, компенсация 2015 жылдан бері берілмей келеді. Содан бастап жағдай құлдырап кетті. Мына жүргізушілер де оған куә. Егер субсидия болғанда жағдай бұлайша қиындамас еді. Бұған дейін субсидияға байланысты бірнеше отырыс болды. Құжаттар толтырылды. Мәселе 2019 жылдың жаз, күзінде қаралды. Бірақ бұл бір күнде қарай салатын мәселе емес». 

 

2021 жыл басталғалы бері Шымкент пен Ақтөбеде бірнеше жұмысшылар ереуілі өтті. Олар да жалақымызды өсірсін, еңбек жағдайын жақсартсын деп жұмысқа шықпады. Басшылығы талаптарды орындауға уәде бергеннен кейін жұмысшылар ереуілді тоқтатты.

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/02/2021 10:52
46322 0

Уведомление