Қаңтардан кейін баласы «ДЦП» болып туылған ананың оқиғасы: «Омондар ішіңнен тепсе балаңнан айырыласың»

Қанды оқиға қандай із қалдырды?


07/11/2023
18:05 7318 0

 

Екі айдан кейін Қаңтар оқиғасына екі жыл болады. Осыған байланысы Masa Media тілшісі Өскемен мен Семей қалаларына барып, қанды оқиға кезінде азапталған, оқ тиіп, жараланғандар мен жақындары қаза тапқан отбасылармен тілдесіп қайтты. Алдағы уақытта сайтымыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларымызға Қанды Қаңтарға байланысты материалдар сериясын жариялаймыз.

 

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қайта құрылған Абай облысының орталығы Семей қаласына 5 қарашада жеттік. Қалаға кіре сала Ақмарал Василеваның үйіне бет алдық. Бұған дейін Ақмаралдың күйеуі Айдын Заманбекұлының Қанды Қаңтар кезінде ұсталып, азапталғанын естігенбіз. 

 

Жол көрсететін навигатор бізді бірі қираған, бірі бос, енді бірінде адамдар тұрып жатқан Семейдің ең шетіндегі ықшам ауданға алып барды. Солтүстік Шығыс деп аталатын саяжай тұрғындарының тас жол көрмегеніне қанша жыл болғанын айтудың өзі қиын. Көшеде жаяу жүргенді қойып, көлікпен жүрудің өзі азап. Жауыннан кейінгі балшық балтырыңа жетеді. 

 

 

Ақмарал Василеваның үйі екі көлік қатар келсе әрең сыйатын кішкентай көшеде орналасқан екен. Ол бұл үйді Қаңтар оқиғасынан кейін журналист Динара Егеубаеваның көмегімен сатып алған. Сол уақыттан бері үш баласымен бірге осында. Оған дейін пәтер жалдап тұрған. 

 

Ақмаралмен сұхбатымыз Қанды Қаңтарда Семейде оқиға қалай өрбіп, күйеуі Айдынның қай уақытта ұсталып, азапталып, қанша айдан кейін бостандыққа шыққаны туралы әңгімеден басталды.

 

– Жолдасым Айдын Заманбекұлы 2022 жылы 5 қаңтарда жұмыстан шығып, орталық алаңға барды. Ол қымбатшылыққа қарсы, кедейшілікке қарсы наразылығын білдіру үшін барды. Бесі күні түнгі сағат 12-де үйге келіп, қалың киімін киіп кетті. Қаңтардың 6-ы күні таңертең алаңға мен де бардым. Күйеуім үйге қайтамын деп отырған кезде, сағат 11 шамасында штурм болды. Сол кезде ол кісіні ұстады. Мен оны сол күні кештен бастап іздедім. Телефоны өшіп жатты. ЦОН, ЦОП, РУВД барлығына бардым. Еш жерде болған жоқ. Қаңтардың 10-ы күні Затонский РУВД-да екенін білдім. Сол жерде постта тұрған адам «күйеуіңіз тірі, уайымдамаңыз, бірақ жағдайы өте ауыр» деді. Передачка, ешнәрсе қабылдамады. 18-ші қаңтар күні ұсталғандардың барлығын Өскеменге алып кетті, – деді ол. 

 

Ақмарал аяғы ауыр болса да күйеуі қамауда отырған 6,5 айда Семейден бөлек, Өскемен мен Астанадағы құзырлы органдарға барып, жағдайын айтып, жұбайын босатуды сұрап, арыз жазған, наразылық білдірген. 

 

– Қыста Семей қаласында 6 қаңтардан 18 қаңтарға дейін РУВД-ның алдында жүрдім. Коменданттық сағат аяқталғанға дейін сонда болдық. Одан кейін Өскемен, Астана қалаларына бардым. Біз Астанаға барған кезде қысым басталды. Формадағы кісілер бізді фотомызға қарап тұрып тосып алды. Ең ақырында бас прокуратура алдында штурм болады деді. Сол кезде барған адамдардың көбісі қайтып кетті. Маған бір кісі: «Сен де қайт, қазір омондар автозакқа тиегенде ішіңнен теуіп жіберуі мүмкін. Балаңнан айырыласың» деді. Сосын ол жерден кетіп қалдым. Бірақ кейін біз бас прокурордың орынбасарымен кездесіп, арыз жазып, бірақ қайттық. Бұдан бөлек, тергеуші қысым жасады. Ол «Сен Қаңтар оқиғасында болдың. Күйеуіңнің жанында тұрсың» деп видео көрсетті, – дейді Ақмарал. 

 

Ақмарал Василеваның сөзінше, күйеуінің үстінен бастапқыда ҚР ҚК 272 және 269-баптары бойынша айып тағылған. Бірақ кейіннен сот шешімімен ақталып, бостандыққа шыққан. 

 

 

Ол Қаңтар кезінде болған стресс пен күйзеліс ішімдегі баламның денсаулығына әсер етті дейді. Қазір баласы бір жастан асқан, өздігінен отырып, еңбектей алмайды. Дәрігерлер «ДЦП» деген диагноз қойған. 

 

– Қаңтар кезінде болған стресс, күйзеліс, жүрек талмасы барлығы баланың денсаулығына әсер етті. Босанғаннан кейін балам дұрыс дем ала алмады. Аппаратқа түсіргенімізде, баланың жүрегінде тесігі бар деді. Екі ай болғанда дәрігерлерге барып қараттым. Олар «балаң неврологический ауырады, ЗПР бар» деді. Бірақ бір жасына дейін дұрыс диагноз қоя алмады. Бір жасында «ДЦП» деген диагноз қойып берді. Екінші диагноз – омыртқаның арасы бес жерден ашық. Жыныстық жағынан бір жұмыртқасы орнында емес, басқа жерде. Оған екі жасқа толғанда ота жасаймыз деді. Қазір балам бір жарым жаста. Өздігімен еңбектей алмайды, отырмайды, тұрмайды. Екі қолы істемейді. Бір затты көп болса бес минут ұстайды, – дейді ол. 

 

Ақмарал Василева қазір тұрып жатқан үйін баласын емдету үшін сатылымға қойған. Бірақ оның ақшасы да емге жетпейді дейді.

 

– Журналист Динара Егеубаев сбор ашып, 1 миллион 600 мың ақша жинап, осы үйді алдым. Ол кезде үйдің төбесі, ешнәрсесі болған жоқ. Мен өзім ағартып, ішіне кіріп алдым. Баламды емдетуге Ташкент қаласына бару үшін осы үйді сатылымға қойғанмын. Бірақ мектепке алыс, жол жаман деп үйді 2,5 миллионға ғана сұрап тұр. Бірақ сатылмай тұр. Оның үстіне ол ақша өте аз. Бала 60-70 пайыз аяғына тұруы мүмкін деді. Тым болмаса еңбектеп, өз қолымен тамақ ішсе деймін. Қазақстанда Астанаға апаруға болады. Бірақ ол үшін мүгедектік беру керек. Егер мүгедектік статусын берсе ана мен бала орталығына барып келуге мүмкіндік болады. Осы уақытқа дейін ақылы ем алып жүрмін, – дейді Ақмарал.

 

 

Балама осындай диагноз қойған соң өзімді және күйеуімді кінәләй бастадым дейді Ақмарал. Ол жұбайы қамаудан шыққан соң ажырасып кеткен. 

 

– Менде «Егер Қаңтар оқиғасына жолдасым бармаса, мен оның артынан жүрмесем, балам сау болып туылушы еді» деген сезім болды. Мен өзім бірге тұра алмадым. Оны кінәләй бастадым. Қазір келіп тұрады. Алимент төлейді, – дейді Василева. 

 

 

Қазір Ақмарал Василева үш баласына АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алады. Мемлекет тарапынан өзге көмек жоқ. Жергілікті больница мен қалалық медициналық комиссия бүлдіршінге мүгедектік статусын бес айдан кейін бірақ береміз деген. Ақмарал кенже баласы Аронды мүгедектікке тезірек шығарып берсе дейді... 

Поделиться

Нет комментариев.

07/11/2023 18:05
7318 0

Уведомление