Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің соты: Прокурор күдіктіні 7 жылға түрме жазасына кесуді сұрады


10/11/2023
14:46 12308 0

 

9 қарашада Алматы горнизоны әскери сотында Қанды Қаңтарда оққа ұшып, қайтыс болған 4 жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне байланысты сотта жарыссөз өтті. Онда айыптаушы прокурор соттан іс бойынша күдікті Арман Жұманды кінәлі деп танып, 7 жылға түрме жазасына кесуді сұраған. 

 

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан прокурордың сұрауымен келіспейді. Ол істе куәгер болған өзге бес әскериді де жауапқа тарту қажет дейді. 

 

– Бұнымен біз әрине келіспейміз. Қару қолданған қылмыскерлер куәгер ретінде әлі де бостандықта жүр. Оларды жауапкершілікке тартып жатқан жоқ. Біздің өтінішхаттарымызды қабылдап жатқан жоқ, – деді Айдос Мелдехан Masa Media тілшісіне. 

 

Бұған дейінгі сотта айыпталушы Арман Жұманның қорғаушылары Айдос Мелдеханның өзін ҚР ҚК 119-бабы «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша жауапқа тартуды сұраған. 

 

Айдос Мелдеханның сөзінше, бұл өтінішті 10 қарашада қарайды. Бүгін сотта соңғы сөз айтылады. 

 

Сот жабық өтуде. Судья істе «мемлекеттік құпия» мәліметтер барын алға тартқан. Оған жәбірленуші тарап қарсылық білдірген. 

 

Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары мінген көлікке әскерилер оқ жаудырған. Салдарынан 16 жастағы қызы жараланып, 4 жастағы Айкөркем оққа ұшып, қайтыс болған.

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

10/11/2023 14:46
12308 0

Уведомление