Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі үйіне полиция келгенін айтты

Ол бұны қысым деп есептейді


25/05/2023
10:42 12723 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан 4 жасар Айкөркемнің үйіне полиция келген. Бұл жөнінде Азаттық радиосы бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдеханға сілтеме жасап хабарлады. 

 

24 мамырда кешкісін Алматы қаласының Қайрат ықшамауданындағы Айдос Мелдеханның үйіне полиция келген. 

 

Оның айтуынша, өзі үйінде жоқ кезде пәтерінің қоңырауы шырылдаған. Ұлы Бауыржан тұтқаны көтерген кезде қоңырау шалғандар «тысқа бірер сөзге шығып кетуін» сұраған.

– Ойында ештеңе жоқ, ол подъезге шыққан. Келгендер оны полиция департаментіне алып кетуге тырысқан. «Сол жақта бәрін түсіндіреміз» деген. Сол кезде ұлым маған хабарласты, – дейді Мелдехан.

Ол полицияға ұлын алып кетуге рұқсат бермеген. Ресми түрде шақыру қағазын беруін талап еткен. 

Оның сөзінше, келгендер өздерін Алматы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері деп таныстырған. Олар не үшін келгенін және ұлын не себепті әкетпек болғанын түсіндірмеген.

Айдос Мелдеханның сөзінше, жуырда ұлы Айкөркемнің қазасына тікелей және жанама қатысы бар адамдардың аты-жөнін жаза бастаған.

Айдос Мелдеханның 19 жастағы ұлына былтыр сәуірде әскерге шақыру келген. Ұлы оқу орнына түскісі келгендіктен, білім мекемесі оған әскерге баруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беруге тиіс болған. Соған қарамастан, оны әскерге алып кеткен. Қазір ол әскерде жүр.

Айдос Мелдехан үйіне полицияның келуін қысым деп санайды. 

– Менің жағдайымда мұны саясатпен ғана байланыстырамын, – дейді ол.

Айдос Мелдеханның айтуынша, жуырда анасы көз жұмған.

– Анамнан айырылдым. Ол немересінің оққа ұшқанын көтере алмай, қайғыдан қан жұтып, өмірден өтті. 19 мамырда қырқын өткіздік, – деді Айдос Мелдехан.

 Былтыр Қаңтарда елде жаппай наразылық пен тәртіпсіздік кезінде оқ ату туралы бұйрық берілгеннен кейін көп адам оққа ұшқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқ ату жөнінде бұйрық бергенін 2022 жылы 7 қаңтарда мәлімдеген. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза тапты. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

Айдос Мелдеханның айтуынша, Айкөркемнің қазасына байланысты істе әлі күнге дейін бір ғана күдікті – жас офицер бар. Тергеу органдары оны "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен жауапқа тартқысы келеді. Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп жатыр.

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/05/2023 10:42
12723 0

Уведомление