Қаңтарда мал бағып шығып оққа ұшқан Қырықбаевтың ісі. Күдікті әлі күнге дейін бостандықта жүр

Ол оқ атқанын мойындайды, бірақ, кінәсін мойындамайды. ҚР ҚК 99 бабымен «қасақана кісі өлтіру» басталған іс 451 бапқа «билікті асыра пайдалану» ауыстырылған


03/10/2022
14:17 27537 0

Ерназар Қырықбаев. Фото: Азаттық радиосы.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда малшы Ерназар Қырықбаевты атып өлтірді деп айыпталған қатардағы жауынгер Марк Злуняев әлі күнге дейін бостандықта жүр.

 

3 қазанда Алматы горнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласының шетіндегі әскери бөлім маңында оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың өліміне байланысты істі қарауды бастады. Алғашқы сот отырысында іспен танысу мәселелері қаралды.

 

Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыр Бересалған тергеуде Марк Злуняевтің кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Ол күдіктінің бостандықта жүргенін сотқа келгенде білген.

 

 – Заң бойынша күдікті еркіндікте жүрмеуі тиіс. Бұл жайтты бүгін біз бірінші рет көріп, қынжылып отырмыз. Себебі бес жылдан артық үкім шығарылатын баппен айыпталған адам қамалуы керек. Өкінішке орай, ол қамалған жоқ. Тергеп-тексеру амалдары кезінде оның (Марк Злуняевтің – ред) кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Біз алдағы сот отырысында оның қамалғанын сұраймыз,  – деді Бересалған.

 

 

Халықаралық құқықтық бастама қоғамдық қорының басшысы Амангелді Шорманбаев күдікті қару қолданып, оқ атқанын мойындайды, бірақ адам өлтіргенін мойындамайды дейді. Оның сөзінше, «қасақана кісі өлтіру» бабымен басталған іс «билікті асыра пайдалану» бабына ауысып кеткен. Ол әділ тергеу болғанына күмәнмен қарайды.

 

 – Күдікті бостандықта жүр. Адам өлтірілгені бәрімізге мәлім. Ол оқ атқанын мойындайды, бірақ, кінәсін мойындамайды. ҚР ҚК 99 бабымен «қасақана кісі өлтіру» басталған іс 451 бапқа «билікті асыра пайдалану» ауыстырылған. Бұл екі бап бойынша берілетін жаза мерзімінің айырмашылығы 10-15 жыл. Бұл фактілер нені көрсетеді? Тергеу тарапы қылмыс жасаған адамдарды тиісті жазаға тартқысы келмейтін сияқты, – деді Шорманбаев.

 

Фото: Азаттық радиосы.

 

Құқық қорғаушы егер сот күдіктіге тиісті жаза тағайындамаса, онда бұл істі Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жіберуге болады дейді.

  

 – Біз халықаралық құжаттарға қол қойдық. Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактының 6 бабы бойынша, еш бір адамның өмірін, ешқандай себепсіз, еркінен тыс қиюға болмайды. Егер мына істе күдіктіге тиісті жаза бермесе, осы бап бұзылады. Бұл істі болашақта БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жіберуге болады,  – деді Шорманбаев.

 

Ерназар Қырықбаев 5 қаңтар күні мал жайып шығып, Талдықорған шетіндегі әскери бөлім маңында оққа ұшқан. Оның артында төрт баласы мен әйелі қалды.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/10/2022 14:17
27537 0

Уведомление