«Қаңтарда азапталған Маханбаевқа түрмеде қысым жасалып жатыр»

Сот Маханбаевқа ешқандай негізсіз, мәжбүрлі психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған


07/09/2022
13:00 29106 0

Адвокаттар Жалғас Сапарханова мен Айнара Айдарханова Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған белсенді Қосай Махамбаевқа қысым болып жатқанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, сот Маханбаевқа ешқандай негізсіз, мәжбүрлі психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған. 

 

– Қосай Маханбаевтың үстінен қозғалған іс заң бұзушылықтармен өтіп жатыр. Алматы қаласы арнайы прокурорлар басқармасының жедел тергеу тобының тергеушілері мен жетекшісі мені бұл іске қатыстырғысы келмеді. Іс бойынша құжаттардың көшірмесін алу жөніндегі өтініштерім әлі күнге дейін қанағаттандырылмады. Сот Маханбаевқа мәжбүрлі түрде психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау қаулысымен таныстырды. Біз бұл сараптаманы не үшін тағайындап жатқанын сұрағанымда, олар 1 тамызда №24 аурухананың психиатр дәрігерінің Маханбаевты тексеріп кетуін сараптамаға негіз етіп алғанын білдік. Қазір бізде «Маханбаев отырған ЛА 155/18 мекемесінің басшылары не себепті бұндай сараптама тағайындады?» деген сұрақтар туып отыр. Қазір Маханбаевқа қысым жасалып жатыр. Біз оны психиатр дәрігердің барып тексеруі заңсыз деп есептейміз. Себебі ол басына, денсаулығына қатысты ешқандай шағым түсірмеген, – дейді Сапарханова. 

 

Жалғас Сапарханованың сөзінше, Қосай Маханбаевтың оқ тиген кездегі жараларына аллергия шыққан. Осыған байланысты олар түрме басшылығынан тері дәрігерін шақыруды сұраған. Бірақ, оның орнына психиатр дәрігерді жіберген. 

 

– Қосай Маханбаев қамауға алынған бастапқы үш айда екі адамдық тар қапаста отырды. Оның жуынуға мүмкіндігі болмады. Оқ тиген жараларына аллергия шығып кеткен. Сол себепті біз тері ауруы дәрігерлерінің тексеруін сұрап шағым түсіргенбіз. Алайда, біздің ол арызымыз қанағаттандырылмай, №24 аурухана басшылығы психиатр дәрігерді жіберген. Маханбаевты не себепті психиатр қарағаны бізге жұмбақ болып тұр,– дейді Сапарханова. 

 

Сапарханова Қосай Маханбаевтың үстінен «ғимараттарға шабуыл жасау» бабы бойынша тағы бір іс қозғалып жатқанын айтты. Бұл жөнінде прокурордың қабылдауында болғанда белгілі болған. 

 

– Прокурордың қабылдауында болғанымызда бізге Қосай Маханбаевқа қатысты ҚР ҚК 269 бабы (ғимараттарға шабуыл жасау) бойынша тағы бір іс қозғалатынын айтты. Алайда, Маханбаев қаңтарда аяғына үш жерден оқ тиіп ауруханаға түскен. Ол ғимараттардың маңайына да жоламаған. Бұл бап негізсіз және заңсыз ілініп отыр деп санаймыз. Істе тіпті 272 баптың белгілері де жоқ. Себебі барлығымызға белгілі 4-5 қаңтарда бейбіт шеру болды. Бұның барлығы Маханбаевқа жасалып жатқан қысым деп білеміз, – дейді ол.  

 

Жалғас Сапарханова Қосай Маханбаевтың бір отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтады. Оның сөзінше, қазір Маханбаевтың анасы ауыр хәлде төсек тартып жатыр. Осыған байланысты оны түрмеден үй қамаққа ауыстыру қажет. 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, азапталған Қосай Маханбаевты маусымның 2-і күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданарылық соты 15 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарған. Оған «заңсыз митингке шақыру» айыбы тағылған. Кейіннен 17 маусымда Алматының тергеу соты оны екі айға қамады. 

 

Сол уақытта ол сот залында: 

– Бұл маған жасалып жатқан қысымның бір түрі. Енді Қаңтар кезінде мені азаптаған адамдардың қолында боламын, – деген. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/09/2022 13:00
29106 0

Уведомление