Қаңтар оқиғасы туралы зерттеу нәтижесі: Тоқаевтың «ескертусіз оқ ату» бұйрығын респонденттердің 71% қолдамаған

«Қанды Қаңтар қазақстандықтар үшін нәзік тақырып»


28/09/2023
14:52 14338 0

 

PaperLab зерттеу орталығы қазақстандықтардың Қаңтар оқиғасына көзқарасы туралы зерттеуін жариялады. Ол халықтың Қаңтар оқиғасында не болғанын, оның себептері мен тараптардың қатысы туралы әлі күнге дейін нақты ешнәрсе білмейтінін көрсеткен. 

 

2022 жылдың 29 желтоқсаны мен 2023 жылдың 10 қаңтары аралығында жүргізілген сауалнамаға 1047 адам қатысқан. Респонденттердің 38% Қаңтарда «билікті басып алу үшін саяси арандатушылық болды» деп санайтынын жеткізген. Сауалнама авторларының сөзінше, бұл биліктің ресми ұстанымына ұқсайды. 2023 жылы 5 қаңтарда бас прокурор Берік Асылов парламентте Қаңтар оқиғасына байланысты есеп беріп, наразылықты ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары ұйымдастырғанын айтқан. Кейіннен ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының соты құпияланып, жабық жағдайда өткен. 

 

Сауалнамаға қатысқандардың 28% «бұл тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан бейбіт наразылық» деп санайтынын жеткізген. 15% «жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан лаңкестік шабуыл» деп түсінетінін айтқан. 4% басқа нәрсе болды деп есептеген. 16% жауап бере таба алмаған. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтарда «Алматыға шетелде дайындықтан өткен 20 мың террорист келді» деп мәлімдеген. Бірақ оған ешқандай дәлел көрсеткен жоқ. Алайда Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «Қазақстандағы террористік қауіпті жоюға көмек алуына» мүмкіндік берген. 

 

Респонденттердің 44% елге ҰҚШҰ әскерін кіргізгенді қолдамаған. 37% керсінше қолдаған. Ресми мәлімет бойынша, ҰҚШҰ әскері елге 2022 жылы 6 қаңтарда жіберіліп, соңғы бөлімі 19 қаңтарда Қазақстан аумағынан шығарылған. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қанды Қаңтарда «ескертусіз оқ ату» бұйрығын сауалнамаға қатысқандардың 71% қолдамаған. 

 

Сауалнамада ең мақұлданбаған әрекет Қаңтарда ұсталғандарды азаптау болған. Оны респонденттердің 72% мақұлдамаған. Ал 7% мақұлдаған.

 

Сұралғандардың басым бөлігі Қанды Қаңтар кезіндегі биліктің іс-әрекетіне баға беруде қиналған. 

 

PaperLab зерттеуі бойынша, Қаңтар оқиғасы қазақстандықтар үшін өте нәзік тақырып. Себебі сұралғандардың үштен бірі оқиғаны еске алғанда бойын қорқыныш пен алаңдаушылық билейтінін айтқан. 

 

«Елде билік шын мәнінде кімнің қолында: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев па, әлде ол президент ретінде қалдырып кеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында ма?» деген сұраққа респонденттер әртүрлі жауап берген. Сұралғандардың 40% билік қазіргі президенттің қолында десе, 9% билік іс жүзінде Назарбаевтың иелігінде деп есептейтінін айтқан. 11% екеуі бірігіп басқарады десе, үштен бірі «саясатқа қызықпағандықтан» сұраққа жауап бере алмайтынын жеткізген. 

 

Зерттеу авторларының айтуынша, Қаңтардан кейінгі айларда бірқатар БАҚ «мемлекеттік төңкеріс туралы болжамды» таратуға белсене атсалысқан. Билік былтыр тергеу нәтижесін жариялаған кезде аталмыш болжамды ресми нұсқаға айналдырған. 

Сауалнама авторлары зерттеу соңында Қаңтар оқиғасынан кейін бір жыл өтсе де, оның себебі мен салдары әлі күнге дейін белгісіз қалып отырғанын айтады. Олар халықтың қайғылы оқиға кім кінәлі деп есептейтінін білу,  биліктің әрекетін қоғам қалай бағалайтынын зерттеу маңызды деп есептейді. 

 

Сұралғандардың 39% бір жыл ішінде жағдай жақсарғанын «сезбегенін» айтқан. Төрттен бірі «ел басқаруда өзгеріс болады» деген тұжырымға скептицизммен қараған. Азаматтардың басым бөлігі Қаңтар оқиғасы қайталанбайтын шығар деп үміттенетінін жеткізсе, үштен бірі оқиғаның қайталау ықтималдағы нөлге тең деп санайтынын айтқан. 

Поделиться

Нет комментариев.

28/09/2023 14:52
14338 0

Уведомление