«Ақталудың өзі артық»: Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне қатысты даудың нүктесін қойды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасындағы қазақ және орыс тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Masa media.
Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Тоқаев «Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгіме» таратқандар жайлы сөз қозғады.
«…Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық. Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ», – деді президент.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылғанын, ана тіліміз еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылатынын атап өтті.
«Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Конституция жобасындағы 9-бап қоғамда қызу талқыланып, қазақ тілі мен орыс тілінің мәртебесіне қатысты дау туған соң, комиссия құжаттағы «тең» сөзін «қатар» сөзімен ауыстырды. Нәтижесінде «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деп жазылды.
16:10
63
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.