Астана белсенділері Кіші Талдыкөлді сақтап қалу үшін қалай күресіп жатыр?

Ол жерде қазір тұрғын үй кешені салынып жатыр, жұрт бұған наразы


08/09/2021
14:27 39848 0

Астана белсенділері тұрғын үй кешені салынып жатқан Кіші Талдыкөл көлдер тобын аман алып қалу үшін қала әкімдігімен бір жыл бойы күресіп келеді. 7 қыркүйекте SOS.Taldykol бастамасы Baqsy Saryny («Бақсы сарыны») деген арт-перформанс өткізіп, билік пен жұртқа тағы бір үндеу жолдады. 

 

Құрылыс алаңы үлкен болғандықтан перформанс екі жерде өтіп, үш сағат жалғасты. 

 

— Қиыншылық кезде дала қауымы көшпелі өмір салтының белгісіне айналған бақсыларға жүгінетін. Қоғамды жұмылдырар басқа амал қалмағасын суретшілер осы салт-дәстүрді пайдаланбақ. Бақсы — дүниелерді байланыстыратын адам, ол табиғаттың тепе-теңдікті сақтау құқығын қорғайды, — дейді Artcom алаңының өкілі Мая Сағым осы қойылым туралы. 

 

Құрылыстың бір бөлігінде суретші, белсенді Асхат Ахмедияров бақсы киімін киіп алып, көлді  құммен көмбек болған көлікті тоқтатса, ал екінші жерде суретші Әйгерім Оспан бульдозердің алдында отырып қобыз тартты. 

 

 

 

 

— Көлді көміп, жою деген — үлкен қылмыс. Көлдің даусы жоқ, біз сол дауыс болуымыз керек. Ал біз деген — экожүйені қорғап қалғысы, қала көркі  мен табиғат көркінің арасында диалог құрғысы келетін қала тұрғындары. Қобыз — киелі аспап. Оның үні табиғат пен аққудың зарына ұқсайды. Біз, суретшілер, көлді қорғап, емдеуге келдік, — дейді Оспан. 

 

Перформансқа сол жердегі үйлердің тұрғындары да қатысқан. Олар бұл құрылыс сол маңның экожүйесі мен көркіне зиян тигізетінін, тұрғын үй бағасының құлдырауына түрткі болатынын айтады. 

 

 

— Көрші жатқан үйлердің тұрғындары пәтерін сата бастады. Олар қоршаған ортасы адам өмірі мен денсаулығына зиян жерде тұрғысы келмейді, — дейді бір наразы тұрғын. 

 

SOS.Taldykol-ге қала тұрғындары, суретшілер, экологтар, сәулетшілер мүше. Олардың күресі былтырдан бері жалғасып келеді. Белсенділер әкімдік Кіші Талдыкөлді көміп, үстінен үй салар болса, бұл сол жердің табиғатына, әсіресе сирек кездесетін құстарға зиян келтіреді дейді. Олар қала әкімдігіне бірнеше рет шағынған. Әкімдік жақында жерді қорғаймыз деп уәде берді. Бірақ наразылар бұған сенбейді, бұл жұртты жай жұбату дейді. 

 

Олардың айтуынша, әкімдік құрылысты бастарда көлді су қорынан алып тастап, елді мекен жерлер санатына қосқан. 

 

15 тамызда олар Кіші көлді қорғап қалу туралы тағы бір петиция ұйымдастырып, президентке үш талап қойды. 

 

  • Әкімдіктің Кіші Талдыкөлді су қорынан елді мекен жерлері санатына ауыстыру туралы шешімін жою. Көлдер тобына су объектісі деген мәртебе беріп, елдің су кадастрына енгізу; 
  • Көлдер тобын қорғау туралы қандай да бір шешім шыққанша онда құрылыс жасауға мораторий жариялау;
  • Кіші Талдыкөлді жоспарланып отырған парктің шекарасына қосу.

    Петицияға қол қойғыңыз келсе, сілтемесі мынау.

 


 

Фото: Әйгерім Қағарманова

Поделиться

Нет комментариев.

08/09/2021 14:27
39848 0

Уведомление