Аспандағы люкс: ең сән-салтанатты әуе cапарларының рейтингі жарияланды
Сарапшылар 2026 жылы жолаушыларға ұсынылған ең сән-салтанатты әуе сапарларын анықтады.
12 мың метр биіктікте қандай қызметтер үшін қомақты ақша төлеуге болады?
AirAdvisor компаниясы әлемнің ірі әуе тасымалдаушылары ұсынатын қызметтерді зерттеп, ұшақ бортында және рейске дейін қолжетімді ең ерекше мүмкіндіктердің рейтингін жасады. Тізімге тек әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми деректері арқылы расталған қызметтер енген.
Рейтингке жеке ұшақпен ұшу қызметтері, қолданыстан алынған немесе әлі іске қосылмаған жобалар, сондай-ақ бизнес-залға кіру, жолға арналған жиынтықтар мен жатын орынға айналатын қалыпты креслолар сияқты үйреншікті ұсыныстар кірмеген.
2026 жылғы ең жайлы 10 әуе қызметі
Зерттеуде әр қызмет бес өлшем бойынша 100 балдық жүйемен бағаланған: сән-салтанат деңгейі – 35%, сиректігі – 25%, жеке кеңістік пен айрықшалығы – 20%, қолжетімділігінің шектеулілігі – 10% және кәдімгі креслодан тыс ұсынылатын мүмкіндіктер – 10%. Соңғысына душ, спа аймақтары мен пәтерге ұқсас жеке кеңістіктер кіреді.
Рейтингтегі үздік ондық:
- Etihad Airways – The Residence (98 балл). Ұшақ бортындағы үш бөлмелі люкс.
- Emirates – Shower Spa (91 балл). A380 ұшағындағы душ бөлмесі.
- SWISS – First Grand Suite (88 балл). Үш адамға дейін сыятын жеке лофт.
- Air France – La Première (85 балл). Ұшаққа мінбей тұрып-ақ пайдалануға болатын 45 шаршы метрлік жеке люкс.
- Singapore Airlines – Suites (82 балл). Жеке креслосы мен екі кісілік төсегі бар люкс.
- Lufthansa – Allegris Suite Plus (80 балл). Екі адамға арналған, қос кісілік төсекке айналатын бірінші класс бөлмесі.
- Japan Airlines – A350-1000 бірінші класы (78 балл). Ені 1,23 метр, шағын тоңазытқышы мен 43 дюймдік экраны бар люкс.
- Emirates – Onboard Lounge (76 балл). A380 ұшағындағы коктейль-бар.
- Qatar Airways – Al Safwa First Lounge (72 балл). Ұшар алдында пайдалануға болатын термалды джакузи.
- Virgin Atlantic – Retreat Suite (68 балл). Бір үстел басында төрт адам бірге тамақтана алатын бизнес-класс люксі.
Рейтингті жасағанда бір әуе компаниясының қызметтері тізімді түгел иеленіп кетпеуі үшін әр тасымалдаушыдан ең көбі екі өнім ғана алынған. Зерттеу 2026 жылғы қыркүйектегі деректерге негізделген.
Аспандағы жеке пәтер, душ пен лофт
Бірінші орын Etihad Airways компаниясының The Residence люксіне берілді. Мұнда жолаушыларға жеке жатын бөлме, душы бар жуыну бөлмесі және бөлек демалыс бөлмесі ұсынылады. Яғни сапар барысында ұшақтың ішінде шағын пәтердегідей жайлылыққа бөленуге болады.

Ұшар алдында жолаушылар үйінен немесе қонақүйден тіркелу қызметін пайдаланып, жеке жүргізуші шақыра алады. Әуежайға келгенде де оларды арнайы қызметкер күтіп алады.
Екінші орын Emirates компаниясының A380 ұшағындағы Shower Spa қызметіне бұйырды. Ол тек бірінші класс жолаушыларына қолжетімді. Ұшу кезінде олар айнасы бар жеке душ бөлмесін, киім ауыстыратын орынды және жылытылатын еденді пайдалана алады.

Үздік үштікті Еуропаның SWISS әуе компаниясы ұсынатын First Grand Suite люксі түйіндеді.
12:19
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.