Қаскөй топ, қос билік және қылмысты ақтау: Тоқаев жаңа сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы не айтты?

Қанды оқиғаның екі жылдығы қарсаңында президенттің сұхбаты шықты


03/01/2024
17:43 10975 0

 

Қанды Қаңтардың екі жылдығы қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басылымына сұхбат берді. Ол онда ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды сөз ете келе, Қаңтар оқиғасына баға берген. Президент оқиғаны «қаскөй топ» ушықтырғанын айтып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «оның серіктерінің саяси қитұрқылығы елдің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айтқанын» мәлімдеген. Тоқаев «Қаңтарды көтеріліс деп атау – қылмысты ақтау» деп есептейді. 

 

Тоқаевтан сұхбатты «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дихан Қамзабекұлы алған. Ол президентке «Өткен жыл несімен есіңізде қалды?» және «Жаңа жылдан не күтесіз?» деген екі сұрақтан кейін бірден Қаңтар оқиғасы туралы сұрақтар қойған. Бірақ сұрақтар арасында ескертусіз оқ атуға бұйрық беру, 238 адамның қазасы, азаптаулар туралы сауалдар жоқ. 

 

Тоқаев журналистің «Қаңтар оқиғасына не себеп болды?» деген сұрағына «қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды» деп жауап берген. Кейіннен оны елде болып жатқан өзгерістер мен реформаларды ұнатпаған ықпалды адамдардың іс-әрекетімен байланыстырған. Бірақ ол адамдардың кімдер екенін ашып айтпаған. 

 

– Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын., кейді тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады, – дейді Тоқаев.

 

Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға, Алматы облысы полиция басқармасының басшысы, генерал Серік Күдебаев 9 жылға, қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға, Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов (Кәрім Мәсімовтің інісі) 10 жылға сотталған. Мәсімов пен Күдебаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болған. 

 

Президенттің айтуынша, бұл ықпалды адамдардың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болған. Олар дайындыққа 2021 жылдың ортасында кіріскен. 

 

– Жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды. Маң­ғыстау облысында арандатушы­лар­дың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты, – дейді Тоқаев. 

 

Газ бағасын өсіру туралы шешім қабылдаған үкіметті сол уақытта Назарбаев тұсында премьер-министр болып тағайындалған Асқар Мамин басқарған. Тоқаевтың өзі оны сол қызметке қайталап екі рет бекіткен. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев Маминді қызметінен алған. Бірақ ол қанды оқиғаға байланысты қандай да бір жауапқа тартылмаған. 

 

Сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын үш толқынға бөлген. 

 

– Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкес­тер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мем­лекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады, – дейді Тоқаев. 

 

Президент  Қаңтар оқиғасы кезінде «20 мың террорист келгені туралы» твиттер желісіне жазған. Бірақ кейін өшіріп тастаған. Сол уақытта мемлекеттік «Қазақстан» ұлттық арнасы елге бүлік жасауға Орталық Азия елдерінің азаматтары келгені жөнінде ақпарат таратып, эфирге Қырғызстан азаматының сұхбатын шығарған. Бірақ кейіннен оның музыкант Викрам Рузахунов екені белгілі болған. Ол «Қазақстан құқық қорғау органдары жазықсыз ұрып-соқты» деп сотқа де жүгінген. 

 

Тоқаев сұхбатта Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне елден кетуге бірнеше рет ұсыныс жасалғанын да айтқан. Бірақ ол одан бас тартып, Ақордадан кетпей жұмыс істеген. 

 

– Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым, – дейді Тоқаев.

 

Бірақ президент бұл жерде де кімдердің кет деп ұсыныс жасағанын айтпаған. Тоқаевқа елден кетуге ұсыныс жасалғаны туралы бұған дейін «Қасіретті Қаңтар. Президент Тоқаев және антқа адалдық» кітабында ресейлік жазушы Леонид Млечин жазған. Орда.кз басылымының басшысы Гүлнар Бажкенова «Ақордада президенттің күзет қызметі мен Кәрім Мәсімовтің күзеті арасында төбелес болып, пышақтасып, адам өлгені» туралы айтқан. Алайда билік бұл ақпаратты не растап, не терістемеген. 

 

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын көтеріліс деп атау дұрыс емес екенін айтқан. Ол оны «қылмысты ақтау» деп бағалаған. 

 

– Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады, – дейді Тоқаев. 

 

Қоғамда Қаңтар оқиғасы – халықтық көтеріліс деген пікір бар. 

 

Сұхбат барысында Қаңтар оқиғасына дейінгі «қос билік» туралы да сөз қозғалған. Тоқаев біреулердің билік транзиті кезіндегі жағдайды пайдаланып, қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғанын айтқан. 

 

– Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде президент әрі жоғарғы бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы президент иеленген қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді дейді Тоқаев. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев та, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Қаңтар оқиғасына дейін елде қос билік барын бірнеше рет жоққа шығарған.

 

Сұхбатта Тоқаев Назарбаевқа оның саяси серіктері елдің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айтқанын да сөз еткен. 

 

– Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Бұдан бөлек, Тоқаев бір сөзінде «Кеттің бе  қайырылма!» деп, Назарбаевты сынай сөйлегендей болған. 

 

– Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс, – дейді Тоқаев. 

 

 Сұхбатта «Қазақстанда саяси тұтқын бар ма?» деген де сұрақ қойылған. Оған Тоқаев «Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ» деп жауап берген.

 

Бұдан бөлек, ол елде тәуелсіз БАҚ жұмыс істеп тұрғанын да айтқан. 

 

«Tirek» сайтының мәліметінше, елде 2адам «саяси тұтқын» деп танылған. Соңғы жылдары билікті ашық сынайтын саяси белсенділер үстінен «экстремистік ұйым жұмысына араласу», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» баптары бойынша іс қозғалып, ұзақ мерзімге қамау үрдісі байқалады. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/01/2024 17:43
10975 0

Уведомление