Популярные тэги

Қасіретті төрт жыл: Ресей-Украина соғысынан кейін әлемді не күтіп тұр

Төрт жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірді. Содан бері бұл елде ауқымы мен қатыгездігі жөнінен Екінші дүниежүзілік соғыстан кем түспейтін соғыс жүріп жатыр.


24/02/2026
08:52 119 0

фото: freepik.com

 

Араағайындар араласып, келіссөздер жүргізіліп жатқанына қарамастан, бұл соғысты тоқтататын, бейбітшілікке жетелейтін жол көрінер емес. Әлемдік БАҚ соңғы төрт жылда не өзгергенін және жағдайдың әрі қарай қалай өрбуі мүмкін екенін талқылап жатыр. Masa media редакциясы шетел басылымдарының пайымына шолу жасады.

 

Еуропа Путиннің жеңгенін қаламайды

 

Еуропа Ресей тарапынан төнген қауіп жағдайында өмір сүруге мәжбүр. Барселонадағы La Vanguardia басылымы осындай тұжырым жасаған.

 

Басылымның жазуынша, 2026 жылдың ортасына қарай бұл қақтығыс ұзақтығы жағынан Бірінші дүниежүзілік соғыстан да асып түсуі мүмкін, ал тараптардың ұстанымы әлі де бір-біріне мүлде үйлеспейді. Биыл көктемге қарай екі жақтан қаза тапқан, жараланған немесе із-түзсіз кеткен әскери қызметкерлер саны екі миллионға жетуі ықтимал.

 

 

фото: topwar.ru

 

«Осы жағдайда еуропалықтар «Путиннің жеңуіне жол бермеу керек» деген уәж айтады. Олардың пікірінше, мұндай жағдай Ресейдің жаңа басқыншылық әрекеттеріне жол ашуы мүмкін. Еуропа Зеленскийге қысым жасау соғысты тек сырттай тоқтатқандай әсер қалдыруы мүмкін деп қауіптенеді. Ал одан кейін Путин қайта қаруланып, тағы да шабуыл жасауы ықтимал. Бұл соғыс Еуропаны өзгертті. Енді ол жаңа геосаяси жағдайға бейімделіп, Ресей тарапынан төнген қауіп жағдайында өмір сүруге мәжбүр» деп жазды басылым.

 

Соғыстан кейінгі әлем қандай болады?

 

Лиссабонда шығатын Expresso апталығы Еуропа соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңге дайындалуы керек деп жазды.

 

 

«2022 жылы Еуропа құрлығында территория үшін соғыс болады деп ешкім ойлаған жоқ. Оның үстіне мұндай соғыс төрт жылға созылады, орасан ресурстар жұмсалып, қалалар қирап, мыңдаған адам қаза табады деп те ешкім болжаған емес. Ал бүгін, төрт жылдан кейін, бұрын ақылға сыймайтын дүниелер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Биыл әділетсіз әрі қитұрқылығы көп бейбіт келісімге қол жеткізілуі мүмкін. Парадокс мынада: дәл осы кезең Еуроодақ үшін соғыстың өзінен де ауыр болуы ықтимал. Себебі соғыс – уақытша құбылыс, ал бейбітшілік мәңгі болады деген үміт бар. Сондықтан уақытша шешімдер мен шаралар тұрақты саясатқа айналып кетеді» делінген басылым материалында.

 

Украина әйелдерінің жанкештілігі

 

Австриялық Salzburger Nachrichten басылымы украиналық әйелдер туралы жазды.

 

Басылымның жазуынша, соғыс бейнесі әлдеқашан тек ер адамдармен ғана байланыстырылатын ұғым болудан қалды.

 

 

фото: life.ru

 

«Әйелдер әскери саланың барлық бағытында жүр. Олар майдан шебіндегі окоптарда соғысып, дрондарды басқарады, ауыр жараланғандарды емдейді. Ер әріптестері сияқты, олар да күн сайын өз елін қорғау үшін өмірін қатерге тігеді. Бұдан бөлек, көзге көрінбейтін тағы бір майдан бар. Миллиондаған украиналық әйелдердің еңбегінің арқасында соғыс жүріп жатқан аймақтардан алыста да өмір жалғасып жатыр. Олардың көбі жұмысымен қатар балаларын жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр. Бұл соғыс аяқталған кезде батырлар туралы талай әңгіме айтылады. Сол кезде батыр әйелдер де ұмыт қалмаса екен деген үміт бар» деп пайымдайды БАҚ.

 

БҰҰ не дейді?

 

Соғыстың 4 жылдығына байланысты БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеме жасап, Ресейдің басып кіруі БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын бұзғанын еске салды.

 

Оның айтуынша, бұл соғыс «адамзаттың ортақ санасына түскен даққа» айналып, тек өңірлік емес, жаһандық қауіпсіздікке де қауіп төндіріп отыр. Сондай-ақ ол жыл өткен сайын қақтығыс барған сайын қанқұйлы сипат алып бара жатқанын айтты. БҰҰ басшысының мәліметінше, 2025 жылы соғыс басталғалы бері ең көп бейбіт тұрғын қаза тапқан.

  Әділ, тұрақты әрі жан-жақты бейбітшілікке бастайтын алғашқы қадам ретінде атысты дереу, толық әрі сөзсіз тоқтатуға тағы да шақырамын, – деді Гутерриш.

 

Оның сөзінше, кез келген бейбіт келісім БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және бұған дейін қабылданған қарарларға негізделуі тиіс. Сонымен бірге ол Украинаның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығы құрметтелуі қажет екенін ерекше атап өтті. БҰҰ басшысы ұйым соғысты тоқтатуға және әділ бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған кез келген бастамаға қатысуға дайын екенін атап өтті.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/02/2026 08:52
119 0

Уведомление