Армиядағы әлімжеттік. «Неге жұрттың баласы әскерден табытпен оралуы керек?»

Гүлнұр Қозбағарова Шымкенттегі құзырлы органдарға сенбейтінін айтады. Ол «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп есептейді


09/06/2022
14:29 10836 0

24 сәуірде Шымкенттегі 35 748 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге барып, төрт күннен кейін психикалық орталыққа жатқызылған Ырыскелді Қадырдің анасы Гүлнұр Қозбағарова ұлына әскерилердің дәрі-дәрімекті қысыммен бергенін, Шымкенттегі құзырлы органдарға сенбейтінін айтады. 

«Балаңның екі ғана таңдауы бар деді»  

Гүлнұр Қозбағарованың сөзінше, бөлімше командирі Нұркен Қарақұлов кездесу барысында балаңның екі ғана таңдауы бар деген. Қойған сұрағына жауап та бермеген.  

– Негізі менің балам әскери бөлімге сәуірдің 24-і күні түскен . Жастайынан спортпен айналысқан. Өзі сұранып барған. Жақсы болса, конракт бойынша сонда жұмыс істеп қаламын деген... Әскери бөлім командирі Нұркен Қарақұлов кездесу кезінде маған: « Балаңыздың жағдайына байланысты екі ғана шешім бар. Біріншісі – гражданскийда «жынды» пропискасына қағаз жазып береміз. Сол бойынша әскерден балаңыз үйге аман орала алады. 

Екіншісі – «әскерден жалтарды» деп екі жылға сотталып, бірақ әскери борышын өтеп шығады» дегенді айтты.  Бірақ  «егер менің баламның жынды еместігі дәлелденсе, экспертиза арқылы барлық жағдай айқындалса не болады?!» - деген  сұрағыма  жауап бере алмады, - дейді Қозбағарова.  

«Баламның дәрі-дәрімекті қысыммен қабылдағанын әскерилер жоққа шығаруда»  

Баламнан «ешкім кінәлі емес» деп қолхат жаздырып алып, дәрі-дәрімекті қысыммен бергенін әскерилер жоққа шығарып отыр дейді Қозбағарова. Оның сөзінше, тергеушілер ұлы оқыған мектепке барып, ұстаздарынан, достарынан мінездеме алған.

– Әскерге жарамды деген баламның емханада түсініксіз дәрі-дәрмекті қысыммен қабылдағанын, «ешкім кінәлі емес» деп қолхат жаздырып алғанын әскерилер жоққа шығаруда. Мұғалімдерінен,  достарынан іс бойынша мінездеме алған. Олар «бұзық та емес, момын да емес, өз орнын білетін бала» деп сипаттаған. Балама қарсы ілік таба алмаған, – дейді Қозбағарова. 

«Шымкент қаласындағы құзыретті органдарға сенбеймін»

Гүлнұр Қозбағарова Шымкенттегі құзырлы органдарға сенбейтінін айтады. Ол «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп есептейді.

– Мамыр айының 17-і күні шулап жүріп, емханадан шығарып алдық. Негізінен баланы госпиталға жіберу керек екен. Бұлар болса, білгендерін жасады. Мені, жолдасымды, қызымды ортаға алып, баламның «жынды» екеніне қысыммен сендіргісі келді. Жолдасымның қан қысымы 180-ге көтерілді. 

 «Азаттық» радиосының және басқа тілшілерге шыққанымды білгенде ғана әскери басшылық өздері шақырып қабылдады. Мен сонда командир Нұркен Қарақұловтан «Сіз педофильсіз бе?!»  деп сұрадым. Ол «жоқ» деп жауап берді. 

– Бірақ, жындыға телініп тұрған балам ант беруге жетпей жатып, олардың көрсеткен қорлықтарынан қорған іздеген,  адам төзгісіз әрекеттерінің салдарынан,  ар-ұжданы, психикасына нұқсан келген. Шымкент қаласындағы құзырлы органдарға сенбеймін. 

Әлгіндей ата-ана, бізге көрсетілген психологиялық қысым «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендік емес пе?!, – дейді Қозбағарова. 

«Неге жұрттың баласы әскерден табытпен оралуы керек?»

Гүлнұр Қозбағарова баласына қысым жасап, қоқан-лоқы көрсеткен Нұркен Қарақұлов әлі қызметінде жүргенін айтады. 

– Баламды «араларыңнан  тоқылдақтар шығатын болса да, бұл –  Шымкент. Ешқайда қаша алмайсыңдар. Сосын «тоқылдақтарға» көресіні көрсетеміз» деп қорқытқан контракт бойынша істеп жүрген адам әлі орнында жүр. 

«Қызметін асыра сілтеу» деп танылып, қысым көрсеткен адамның әділ түрде жазаланғаны керек. Сол үшін Шымкенттен ертеңдері Астанаға жүргелі тұрмын. Президент қабылдауына бармақпын. Неге жұрттың баласы әскерден табытпен немесе жынды болып оралуы керек?!, – дейді Қозбағарова.

Әскери бөлім жауабы

35 748 әскери бөлімінің командирі Нұркен Қарақұлов Ырыскелді Қадірге ешқандай қысым болмағанын, ол анасын сағынып, әскери борышын өтегісі келмей өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтады. Оның айтуынша, сөйлесу барысында сарбаз құмар ойындарға әуес екенін мәлімдеген. 

– Ешқандай қысым жасалған жоқ. Әңгіме барысында Ырыскелді Қадыр үйінен алыста болғандықтан, анасын сағынып, әскери борышын өтегісі келмей, құмар ойындарға әуес екенін айтып, осының негізінде суицид жасамақ болғанын айтты. Бөлім басшылығы психиатр мен невропотологтың көмегіне жүгінді,  – дейді Қарақұлов. 

Ырыскелді Қадыр қазір Астана қаласында әскери госпитальда жатыр. Оған байланысты іс қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. 

 

Автор: Айжан Асанғожа

Поделиться

Нет комментариев.

09/06/2022 14:29
10836 0

Уведомление