«Аралтұз» қызметкерлері ереуілге шыққаны үшін жұмыстан қуылғанын хабарлады

Компания реакция білдірмеді


15/11/2021
11:10 38792 0

Фото: forbes.kz

 

«Аралтұз» компаниясының бірнеше жұмысшысы жалақыны көтеріңдер деп ереуілге шыққаны үшін жұмыстан қуылғанын айтады. Мұны «Азаттық радиосы» хабарлайды.  

Слесарь Ақылжан Қиылбаев компания өзін себебін түсіндірместен жұмыстан шығарғанын айтады. Оған берілген құжатта «келісімшарт тоқтатылғаны әрі келешекте ұзартылмайтыны» жазылған. 

Қиылбаев бұған қыркүйекте ереуілге шыққаным түрткі болды дейді. 

«Бұған дейін ешқандай ескерту, претензия болған жоқ. Компанияның өзі жұмысшы таба алмай жатыр, ал мені жұмыстан шығарып жатыр. Егер қандай да ереже бұзсам, оны мойындап, шығар едім», — дейді жұмысшы. 

Денәкерлеуші Ғалымжан Оспанов пен Мейрамбек Орынбасаров да басшылық қазанда жұмыстан кетуге итермелегенін айтады: оларды дәрігерге апарып, қандағы алкоголь мөлшерін тексерткен. 

«Дәрігерлер "Қан құрамында алкогольдің мөлшері 20 %, бұл қалыпты жағдай. Не үшін әкелдіңдер" деп таңғалды. Одан кейін бастықтар бізді жұмыс тобына қоспай қойды. "Сіздер боссыздар" деді. Екі-үш күннен кейін өздеріміз арыз жазуға мәжбүр болдық. Компания басшылығы шығарам десе, себебін табады ғой», — деді Ғалымжан Оспанов. 

Олар да ереуілге шыққанымыз үшін қуылдық деп отыр. 

Компания бұған қатысты ешқандай пікір бермеген. 

 

Қыркүйекте «Аралтұз» жұмысшылары жалақы көтерілсін деп ереуілге шыққан еді. Олардың сөзінше, компания оларға 2014 жылдан бері айына 48 мың теңге төлеп келген. Наразылар еңбекақыны 100 мыңға дейін көтерсін деп талап қойды. Ереуіл біткесін басшылық жалақымызға 15 мың теңге қосты дейді ереуілшілер.

Поделиться

Нет комментариев.

15/11/2021 11:10
38792 0

Уведомление