Ақпарат министрлігі The Village Kazakhstan-ның құқығын қорғауға дайын екенін айтты

Оған қоса, ақпараттың рас-өтірігіне оны жариялаған БАҚ не автор жауапты екенін ескертті


02/09/2021
12:36 38871 0

Ақпарат және қоғамдық даму министрі. Фото: liter.kz.

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village Kazakhstan-ға жасалған қысым туралы пікір білдірді. Жақында редакция біреулер Абайда зорланған бала жайлы мақаланы өшіруді талап етіп, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан еді. 

 

Министрлік журналистердің құқығын қорғауға дайын екенін айтады:

 

«ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері The Village Kazakhstan редакциясына қажет көмек көрсетіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында редакциямен, сондай-ақ мақала авторымен байланысқа шығып отыр.

 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге жол берілмеуге тиіс деген қағиданы ұстанады. Министрлік өз тарапынан журналистердің құқығын қорғауға көмектесуге дайын».

 

Оған қоса, министрлік ақпараттың рас-өтірігіне оны жариялаған БАҚ не автор жауапты екенін ескертті. 


«Барлық журналистен жарияланым кейіпкерлерінің жеке өміріне зиян келтірмеу үшін этикалық нормаларды сақтауды сұраймыз», — дейді олар. 

 

Жарияланғаннан кейін редакция қыспаққа алынған мақала сәрсенбі күні шықты. Онда журналист Әсем Жәпішева 2017 жылы Абай аулында зорланған бала мен оның әжесінің қазіргі өмірін айтып берді. Материалға сенсек, зорлауға қатысы барлардың көбі жауапқа тартылмаған, зардап шеккендер әлі күнге дейін қоқан-лоқы көреді. 

 

Жалпы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұлай журналистерге араша түсуі — сирек құбылыс. Жақында олар Алматыдағы аудан әкімдігінің күзетшісі қуып шыққан «Хабар 24» арнасының журналисін қолдап пікір берген еді. Сонда тәуелсіз БАҚ-тар мемлекет журналистерді билікшіл және тәуелсіз деп алалайды деп айыптады.

Поделиться

Нет комментариев.

02/09/2021 12:36
38871 0

Уведомление