Антикор Назарбаевтардың офшорларын құқықтық негіз барда ғана тексере алатынын айтты


16/02/2022
18:24 36731 0

Фото: reuters.com

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) Назарбаев әулетінің офшордағы мал-мүлкін құқықтық негіз барда ғана тексере алады. Мұны агенттіктің басшысы Марат Ахметжанов хабарлады. 

 

— Әр істі тексеру үшін құқықтық негіз керек, яғни қылмыстық іс керек, заңсыздық болғаны, бұл ақша заңсыз жолмен келгені дәлелденуі керек. Оның үстіне, бұл ақша өзге елге шығарылғаны анықталса, оны қайтарып алу үшін сол елге нақты дәлелдер беруіміз керек, — деп жауап берген Ахметжанов журналистер сұрағына. 

 

Антикор басшысының сөзіне сенсек, Қазақстан 68 елден ғана заңсыз кеткен ақшаны қайтарып ала алады екен. Бірақ онда да құқықтық негіз қажет. 

 

Назарбаев әулетінің офшордағы шоттарына қатысты тергеу жүріп жатыр ма, ол жағын Ахметжанов айтпады. 

 

— Қылмыстық істерге қатысты ақпаратты прокурордың рұқсатынсыз бермейміз, — деген ол.

 

Журналистердің зерттеуіне сенсек, офшорларда бұрынғы президенттің бірнеше туысының шоты бар. Мысалы, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның баласы Нұрәлі Әлиев Панама мен Британ Виргин аралдарында бірнеше компанияға иелік етеді. 

 

Былтыр экс-президенттің бейресми әйелі Әсел Құрманбаеваның Британ Виргин аралдарында офшор шоты болғаны, сол арқылы 30 миллион долларлық компанияны сатып жібергені белгілі болды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

16/02/2022 18:24
36731 0

Уведомление