Қанды қаңтардың салдары: «Өлтіріп тастауға дейін барады деп ойлаймын»

Қаңтар қырғыны кезінде азапталып, қару ұрлады деп айыпталған Қадіржан Керімбекұлы отбасына қысым көрсетіліп жатқанын айтады


24/05/2022
14:06 10882 0

Қаңтар қырғыны кезінде азапталып, қару ұрлады деп айыпталған Қадіржан Керімбекұлы құзырлы орган қызметкерлері тарапынан қысым көріп жатқанын, әлі күнге дейін азаптау бойынша бірде бір адамның жауапқа тартылмағанын айтады. Оның сөзінше, тергеушілер жұбайы мен қарт апасына хабарласып қысым көрсетуде. 

 

«Мен ешқандай қару ұрлаған жоқпын»

 

Қаңтар қырғыны кезінде 291 баптың 1 тармағы (қару ұрлау) бойынша жауапқа тартылдым. Тағылған айып, ешқайда кетпеу туралы шешім, күдікті статусы әлі алынған жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде мен ешқандай қару ұрлаған жоқпын. Оны көшеден тауып алдым. 102-ге өзім звондадым. Телефонымда қайда барғаным барлығы бар. Алматы қаласының полиция департаментінің басшысы мен Наурызбай аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің басшысы Бауыржан Санжаров та звондағанымды растады. Азаптау бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне шағымдандық. Бірақ олардың тарапынан ешқандай іс-әрекет жоқ. Әлі күнге дейін бірде-бір қызметкер жауапқа тартылмады, қамалмады, сөгіс те алмады. 

 

«Отбасыма қысым көрсетіп жатыр»

 

Қолымды сындырды, бес ай болды ісігі әлі кеткен жоқ. Ауруханаға барамын, қаңтар оқиғасы, қарамаймыз сені дейді. №35, №7 поликлиника, «Сенім» жекеменшік поликлиника ешқайсысы қарамайды. Көзіме гематома түсірді, белім ауырады, жарамайды. Қолым қалам ұстауға да келмейді. Ұрғандар арасында Елдар Ахметбеков бар. 

 

Оның үстінен бір емес, алты адам арыз жазды. Шыңғыс Жұманов, Асылан Әлшеров, Ілияс, Жасұлан Ақбаров, Сұңғат деген адамдардың біреуі жауапкершілікке тартылған жоқ. 

 

Бүгін тергеуші заңды өкілім Тоғжан Әбиоллаға звондап қысым көрсеттіп, қайта-қайта «ознакомлениеге» келсін, сотқа жібереміз деп жатыр. Оның аяғы ауыр. Зейнетке шыққан апам бар. Ол кісіге де хабарласып, қысым көрсетіп жатыр. Адвокатым Жалғас Сапархановаға звондамайды. Олар ол кісінің қаңтардың 29-ынан бері менің адвокатым екенін біледі. Отбасыма қысым көрсетіп жатыр. 

 

«Бізді ұрған адамдар өлтіріп тастауға дейін барады деп ойлаймын»

 

Мен үстілерінен арызданған адамдар жұмысыма келді. Қадіржан, қалайсың, осындасың ба? — деп келді. Ертеңінде мен жұмыстан шығып кеттім. Қысым көрсетіп заңды өкілімнің жұмысына барды. Біздің қолымызды сындырып, ұрып, қамап ұстаған адамдардан мен жақсылық күтпеймін. Өлтіріп тастауға дейін барады деп ойлаймын. Басқа ешнәрсе айта алмаймын. Адам баласын фашисттер де олай қинамаған шығар. 

 

Прокуратураға келдік әділдік іздеп. Сұрақтарымызға жауап та ала алмаймыз. Шыққаныма төрт ай болды. Ешқандай нәтиже жоқ. «Опознанияда» осыдан бес-он жыл бұрын куәліктеріне түскен суреттерін көрсетеді. Одан бері қаншама уақыт өтті. Түрлері өзгерді. Оларды ешкім танымайды да. Тірідей беттестіру болса, біз танитын едік. 

 

Антикордың тергеушісі тергеу кезінде боқтайды... Мені бес минутта күдікті етіп, ешқандай дәлел іздемей ақ қамап тастады. Бізді қамайтын кезде ешқандай заңға қараған жоқ. Ал оларды қамайтын кезде заңға қарап қалды. Ешқандай әділдік жоқ. Менің сұрайтыным, әділдік, шындық. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/05/2022 14:06
10882 0

Уведомление