Қанды қаңтардан кейінгі Назарбаевтар әулеті. Кім, қайда?

Қаңтар оқиғасынан кейінгі Назарбаевтар әулеті


29/06/2022
17:02 27715 0

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің өкілдері мен жақын серіктерінің бірі қызметінен кетсе, енді бірінің үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Осыған байланысты бүгін біз Назарбаевтар әулетінің төңірегінде болып жатқан оқиғаларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

 

Самат Әбіш

 

Назарбаевтың тағы бір немере інісі Самат Әбіш қазір тергеу назарында. Бұл жөнінде 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов мәлімдеді. 

 

Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары ұсталған уақытта Самат Әбіш тек қызметінен босатылған. Оның үстінен ешқандай іс қозғалмаған. Ол Қаңтар оқиғасына дейін Мәсімовтің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 2010 жылдан бері жұмыс істеген Самат Әбіштің қазір қайда екені белгісіз...

 

Қайрат Сатыбалды

 

Наурыздың 13-і күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды. Ол сол күні Дубайға ұшып кетпек болған. Оған «Қазақтелеком» қаржысын жымқырды және қызметін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның мемлекетке қауіп төндіретін өзге де істерге қатысы бары тексеріліп жатқанын мәлімдеді. 

 

Наурыз айының ортасында жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу» бабы бойынша іс қозғап, қамауға алған. Маусымның 10-ы күні тергеу соты Қайрат Сатыбалды мен Гүлмира Сатыбалдының қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. 

 

Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін БАҚ-та «Қазақтелеком» компаниясындағы 29% акциясын мемлекет меншігіне қайтарғаны жөнінде ақпарат тараған. 

 

Forbes журналы 2018 жылы Қайрат Сатыбалдыны ең бай елу адамның қатарына қосқан. Сол уақытта оның байлығы 163 миллион долларға бағаланған.

 

Қайрат Боранбаев 

 

Назарбаевтар әулетінің бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев наурыздың ортасынан бері қамауда отыр. Қаржы мониторинг агенттігі Боранбаевтың «квазимемлекеттік сектордан аса ірі көлемде қаржы жымқырды» деген күдікке іліккенін хабарлады. 

 

Forbes журналы Қайрат Боранбаевтың байлығын 519 миллион жолларға бағалаған. Оған «Қайрат» футбол командасы, «Fitnation» фитнес клубы, «Рахат Палас», «Comfort Hotel Astana» қонақ үйлері,  «Esentai Mall», «Esentai Tower» сауда орталығы, «Алматы» сауда орталығы және «McDonalds» тамақтану желісінің Қазақстандағы франшизасы тиесі. 

 

Бұдан бөлек, оның Ұлыбритания, Чехия, Ресейде қымбат үйлері мен Латвияда қонақ үйі бар. 

 

Болат Назарбаев

 

21 маусымда қаржы моиторинг агенттігі Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаевтың үстінен «рейдерлік» айыбы бойынша шағым түскенін, қазір оның тексеріліп жатқанын хабарлады. 

 

Бизнесмен Нұрша Кәкенов Болат Назарбаевты «Karuan компаниясын күшпен тартып алды» деп айыптаған. Сәуірде «Almaty Steklo» зауытының иелерінің бірі кәсіпорындағы үлесінің жартысын Болат Назарбаевтың тартып алғанын айтқан. 

 

Қаңтар оқиғасынан кейін Болат Назарбаевтың Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткені жөнінде ақпарат тараған. 

Дариға Назарбаева Қаңтар оқиғасынан кейін парламент мәжілісіндегі мандатын тапсырған. Ол сол уақыттан бері халық алдына шықпады. БАҚ пен әлеуметтік желіде оның Дубайда екендігі айтылды. 

 

Дариға Назарбаева және Қайрат Шәріпбаев

 

Есесіне Дариға Назарбаеваның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев бірнеше рет БАҚ пен халық назарын ілікті. Қаңтар оқиғасынан кейін Шәріпбаев өз еркімен «QazaqGaz» компаниясының басшылығынан кетті. Оның орнына компания басшысының міндетін атқарушы болып Ибулла Серди келді. Халық арасында «Серди Шәріпбаевтың жүргізуші болған» деген қаңқу сөз бар. 

 

2 маусымда оған іздеу жарияланды. Маусымның 6-ы күні «QazaqGaz» қазіргі төрағасы Санжар Жаркешов Шәріпбаевтың кезінде компанияда 2,2 миллиард доллар көлемінде заң бұзушылық болғанын мәлімдеді. 

 

Бүгін Қашағанда газ өңдейтін зауыт салып жатқан «GPS Investment» ЖШС компаниясы мемлекет меншігіне өтетіні білгілі болды. Аталмыш компанияның Шәріпбаевқа қатысы бары айтылады. 

 

Динара Назарбаева және Тимур Құлыбаев

 

Динара Назарбаева да Қаңтар оқиғасынан кейін халық алдына шыққан жоқ. Қазір оның қайда екені белгісіз. Ал оның күйеуі Тимур Құлыбаев Қаңтар оқиғасынан кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағалығынан кетті. Президент Тоқаев өткізген бизнесмендер кездесуі мен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты. 

 

Тимур Құлыбаев Petrosun ЖШС компаниясындағы 49 пайыз акциясын мемлекет иелігіне қайтаратыны жөнінде ақпарат тарады. Бұған дейін журналист Денис Кривошеев экс-президенттің күйеубаласы өзіне тиесілі компания акцияларын мемлекетке 1 теңгеге сататынын айтқан. 

 

Forbes журналы Динара Назарбаева мен Тимур Құлыбаевтың байлығын 7,6 миллиард долларға бағалаған. 

 

Әлия Назарбаева және Димаш Досанов

 

Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева 13 қаңтарда Қаңтар қырғынына байланысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде бұндай қатаң сабақ тарихта қайталанбауы тиіс екенін айтып, елдің әкесін қолдап хат жолдап жатқанын жазған. 

Кейін қоғам наразылығынан соң оның желідегі парақшалары жоғалып кетті. Ал Qumash telegram арнасы Әлия Назарбаеваның парақшасы жазба жарияланған уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінен басқарылғанын жазды. 

 

Қаңтар ойының ортасында Әлия Назарбаеваға қатысы бар утилизациялық алыммен айналысатын «Оператор РОП» компаниясы жұмысын тоқтатты. 

 

Бұдан бөлек, 15 қаңтарда Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағалығынан кетті. Досановтың қызметінен өз еркімен кеткені айтылды. 

Поделиться

Нет комментариев.

29/06/2022 17:02
27715 0

Уведомление