Қанды Қаңтарда жоғалған Өзбекстан қазағының туыстары БҰҰ-ға шағымданбақ

Туыстары оның тірі екеніне сенеді


28/09/2023
15:55 9024 0

Фото: Азаттық радиосы

«Халықаралық құқықтық бастама» қоры Қаңтарда «із-түзсіз жоғалып кеткен» Өзбекстан қазағы Мақсет Қанатбаевқа байланысты істі тергеген мемлекеттік органдардың үстінен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.

Қордың заңгері, әрі құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев бұл істе жәбірленуші Мақсет Қанатбаевтың өкілі ретінде танылған. Ол Азаттыққа БҰҰ-ға шағымдануға жеткілікті дәлел жиналғанын айтты.

– Құзырлы органдар – полиция, прокуратура және жемқорлыққа қарсы агенттік 1,5 жыл ішінде істі дұрыс тергеген жоқ. Біз бұл органдарға сенуден қалдық. [Әділ тергелуін сұрап] жазбаған жеріміз жоқ, – деді Амангелді Шорманбаев.

Мақсет Қанатбаевтың жоғалып кетуіне байланысты «Адам өлтіру» (Қылмыстық кодекстің 99-бабы) бойынша іс былтыр 29 қаңтарда қозғалған. Істі басында Алматы қаласының полиция департаменті тергеген. Онда іс дұрыс тергелмей, Алматы қалалық ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне жолданған.

 ҰҚК бұл істің ұлттық қауіпсіздікке байланысы жоқ деп, тергеуден бас тартты. Комитеттің түсініктемесінде «полиция қажетті әрекет жасамай, істі созбалаққа салып жіберген» деген сөздер жазылған, –деді Шорманбаев.

Істі кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. Алайда тергеу бірнеше рет «дәлелдеме мен күдіктінің табылмауына байланысты» тоқтатылған. «Халықаралық құқықтық бастама» қоры тергеу сотының шешімімен істі қайта қозғатқан.

Жемқорлыққа қарсы агенттіктен кейін іс Алматы қаласының полиция департаментіне қайтарылды. Шілденің аяғында департамент Азаттыққа Мақсет Қанатбаевқа байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартқан.

16 тамызда Алматы прокуратурасы істі жемқорлыққа қарсы агенттікке қайта берген.

– 1,5 жыл өтті. Інімізден хабар жоқ. Мемлекеттік органдар жауап бермейді, – дейді Мақсет Қанатбаевтың туыстары. Алматыға інісін іздей келген туыстары оның тірі екеніне сенеді.

– Ендігі үмітіміз БҰҰ-ның арнайы баяндамашысында. Онда Қаңтар бойынша әлі көп іс жіберілмеді. Біз алғашқылардың бірі боламыз. Осылайша халықаралық деңгейде бір шешім шығаруға әбден мүмкіндігіміз бар, – деді Амангелді Шорманбаев.

Оның айтуынша, бір ғана Қаңтар бойынша алдағы уақытта БҰҰ-ға жолданатын 30 шақты іс бар. Шағым иелері «әділдікке халықаралық ұйым арқылы қол жеткізгісі келеді»

Бұған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты БҰҰ комитеттерінің біріне жеткізілген бір іс болған. Бұл – Қаңтарда «мемлекетке опасыздық жасады», «төңкеріс жасамақ болды», «жемқорлықпен шұғылданды» деп 18 жылға сотталған ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі. Былтыр қарашада Біріккен ұлттар ұйымының жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Астананы Кәрім Мәсімовті «шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға» шақырған. Оған Қазақстанның сыртқы істер министрлігі пікір білдірген.

«Қазақстан жағы халықаралық практиканың барлық нормасын сақтай отырып, ұлттық заңнамаға сәйкес толық жауап береді. Мұндағы маңызды сәт – біздің қозғалған мәселені артық саясиландырмай нақты фактілерді келтіре отырып талқылауға дайындығымыз» деген министрлік өкілдері.  

33 жастағы Мақсет Қанатбаевты 6 қаңтарда Алматы полициясы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Оның изоляторға кіргені туралы дерек бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, Қанатбаев 12 қаңтарда изолятордан шығарылған. Алайда оның мекемеден шыққаны туралы дәлел жоқ.  

Мақсет Қанатбаев Алматыға Қарақалпақстанның Тақияташ қаласынан 2020 жылы келген. Жоғалғанға дейін қаладағы «Алтын Орда» базарында жүкші болып жұмыс істеген.

Қаңтар оқиғасынан кейін елде кемінде екі адам із-түзсіз жоғалған. Ал құқық қорғаушылар тізімінде із-түзсіз жоғалғандардың саны одан да көп.

Алайда Қазақстан билігінің есебінше, Қаңтар оқиғасында хабар-ошарсыз кету фактілері тіркелмеген, із-түзсізжоғалғандар жоқ.  

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/09/2023 15:55
9024 0

Уведомление