Қанды Қаңтарға екі жыл: Masa Media бақылаған даулы сот істері

Азаптау, әруақтар соты және әскерилер жазасы


03/01/2024
14:45 10362 0

 

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына биыл екі жыл болды. Осы уақыт аралығында Masa Media қанды оқиғаға байланысты ондаған істен арнайы репортаждар жасап, ақпарат таратты. Бүгін солардың бір сыпырасын сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Айкөркемнің өліміне байланысты ісі

 

Айкөркем Мелдехан 2022 жылы 7 қаңтарда отбасымен (аға-әпкелерімен) бірге азық-түлік алуға шығып, қаза тапқан. Ол мінген көлікке әскерилер оқ жаудырған. 2022 жылы 28 желтоқсанда іс «Адам өлтіру» бабынан «Қызметін асыра пайдалану» бабына ауыстырылды. 30 желтоқсанда «қылмыстық құрам жоқ» деген желеумен іс тоқтатылды. Кейіннен «атуға бұйрық берді» деп әскери қызметкер Арман Жұман айыпталды. Шілдеде Алматы әскери гарнизонының соты оны ақтап шығарды. 

 

Сот «істе мемлекеттік құпия бар болғандықтан» жабық өтті. Процеске журналистер мен бақылаушылар кіргізілмеді. Үкім оқылған күні сот Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның үстінен «қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша жеке қаулы шығарды. Бұдан бөлек, оған «жалған ақпарат тарату» айыбы бойынша 69 мың теңге айыппұл салынды. 

 

Айдос Мелдеханның өзі сот үкімімен де, тағылған айыппен де келіскен жоқ. Ол істе куәгер деп танылған өзге әскерилерді де жауапқа тартуды талап етті. 

 

Тараздағы «әруақтар соты»

 

Тараз қаласында Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан бес марқұм – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев және Тоқтар Ошақбай сотталды. 2023 жылы 7 ақпанда Тараз қалалық N2 соты марқұмдардың барлығын кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатты. Марқұмдардың туыстары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Бірақ апелляциялық сот тек Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтап, өзгелерінің үкімін өзгеріссіз қалдырды. 19 желтоқсанда Жоғары сотта марқұмдардың заңды өкілдерінің арызын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

 

Бұл сот ел арасында «әруақтар ісі» аталып кетті. Марқұмдардың туыстары сот үкімімен де, тағылған айыппен де келіскен жоқ. Олар тергеу кезінде және сот процесінде заңбұзушылықтар болғанын айтты. Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева істің бір жақты қаралғанын, істе тіркелген видео дискті соттың бермегенін мәлімдеді. Олар алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданбақ. 

 

ҰҚК подполковнигінің өлімі және 16 жылға сотталған Ербол Жұманов

 

2023 жылы 28 сәуірде Қаңтарда Тараз қаласында «заңсыз қару ұрлады және ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді» деп айыпталған Ербол Жұманов 16 жылға бас бостандығынан айырылды. 17 тамызда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. 16 қазанда Жоғары сот істі кассациялық сотта қарау туралы өтініш хатты кері қайтарды. 

 

Ербол Жұманов сот барысында өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол қару-жарақ алғанын растап, Дастан Әділбайды өлтірмегенін айтты. Жұманов сот залында Қаңтар кезінде әскерилер мен ҰҚК қызметкерлері бір-бірімен атысқанын мәлімдеді. 

 

Masa Media осы іске байланысты тамызда «Қаңтаршы Ербол Жұмановтың ісі: ҰҚК подполковнигін өлтірген кім?» деген арнайы репортаж жариялады.  Онда тергеу тарапының бұған дейін Дастан Әділбайдың өліміне басқа адамды айыптамақшы болғаны жөнінде куәгер пікірі берілді. 

 

Істе Ербол Жұмановтан өзге 8 адам әртүрлі жазаға кесілді. 

 

«Әуежайды басып алу ісі» 

 

2023 жылдың шілдесінде тергеу органдары 2022 жылы 5 қаңтарда «Алматы әуежайын басып алу ісі» бойынша тергеуді аяқтады. Бес адам – Әйгерім Тілеужан, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жан-Айдар Кәрменов сотталды. Әйгерім – журналист, азаматтық белсенді, Қалас – тарих пәнінің мұғалімі, Нұрлан Ермұхамет және Жан-Айдар – такси жүргізушісі, экскурсовод және ауыл шаруашылығы қызметкерлері. Сот Әйгерімді төрт жылға, қалған төртеуін сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

 

Сотталушылардың ешқайсысы үкіммен де, тағылған айыппен де келіскен жоқ. Әйгерім Тілеужан соңғы сөзінде «Басымды имеймін, тіземді бүкпеймін» деп, сотта өзі емес, президент Тоқаев отыруы тиіс екенін айтты. 

 

Іс бойынша дау болған тағы бір мәселе бас прокурор Берік Асыловтың парламентте сөйлеген сөзі. Ол Қаңтар оқиғасына байланысты есебінде сот үкімі шықпай жатып, «діни экстремистік топ мүшелері Тілеужанов пен Нұрпейісов әуежайды басып алуды ұйымдастырды» деп мәлімдеді. «Ол заңдағы кінәсіздік презумпциясын бұзды» деп, Тілеужанованың қорғау тарапы сотқа шағым түсірді. Кейіннен бас прокуратура Асылов Тілеужанова мен Тілеужанов деп айтты деген уәж келтірді. Іс бойынша әуежайды басып алды деген Тілеужанов сол күйінде табылмады. 

 

Үтік басып азаптау ісі 

 

2023 жылы 10 ақпанда Талдықорған соты «Қаңтар кезінде адамдарды азаптады» деп айыпталған бес полицейді 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Атап айтқанда, Айдын Кенжебаев пен Жанбақыт Нұртаза 4 жылға, Сапармұрат Тоқташ 3 жыл 6 айға, Алмас Боқанов пен Ермек Жұмашев 3 жылға сотталды. Іс бойынша 23 адам жәбірленуші деп танылды. Олар бастапқыда айыпталушыларды соттауды талап етіп, кейіннен оларға кешірім берді. 

 

Соңғы сөзінде Қаңтарда ұсталған адамдарды «үтік басып азаптады» деп айыпталған Айдын Кенжебаев үкімет тарапынан әділетсіздік болғанын айтты. Ол бұл істі өзінің қара басы үшін жасамағанын мәлімдеді. Үкім оқылып, сот залынан қамауға алынған сәтте полицейлер балағат сөз айтып, үкімге наразылықтарын білдірді. 

 

Күдебаевтың ісі 

 

2023 жылы сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы, генерал Серік Күдебаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол «азаптауды ұйымдастырды және полиция департаменті ғимаратын тастап кетті» деп айыпталды.

 

Серік Күдебаевтың соты бірнеше мәрте кейінгі қалдырылды. Оның бастапқыда денсаулығына байланысты ауруханада жатқаны айтылды. Кейіннен шекараны заңсыз кесіп өтіп, Қырғызстан арқылы Түркияға қашып кеткені жөнінде ақпарат тарады. Сәуірдің аяғында бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың Қазақстанға жеткізілгенін хабарлады. 

 

Әскер оғынан қаза тапқан Қырықбаевтың ісі

 

2022 жылы 16 қарашада Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағып жүрген 24 жастағы Ерназар Қырықбаевты атып өлтірді деп айыпталған күдікті Марк Злуняеваті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Шабуылдаушы десант бөлімінің қызметкері Злуняев сот залынан қамауға алынды. 

 

Іс бастапқыда ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қозғалып, кейіннен 451-бабына «қызметін асыра пайдалану» ауыстырылған. Марқұмның туыстары мен адвокаты бұған қарсы шығып, сотқа өтініш хат түсірген. Бірақ өтініш қанағаттандырылмаған. 

 

Талдықорғанда оққа ұшқан отбасының өлімі бойынша іс

 

2023 жылы 26 маусымда Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде Сейітқұловтар отбасы мінген көлікке оқ атты деп айыпталған қатардағы жауынгер Данияр Егенбаевты кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. 

 

2022 жылы 8 қаңтарда ерлі-зайыпты Нұрболат Сейтқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразақын мінген көлікке әскерилер оқ атып, салдарынан үшеуі бірдей қаза тапқан. Іс бойынша Данияр Егенбаевтың оғынан Нұрболат Сейтқұлов пен Нұрай Оразақын қайтыс болған. 

 

Алтынай Етаева жақындарымен бірге бір көліктің ішінде өлтірілсе де оның кімнің оғынан қаза тапқаны анықталмауына байланысты ісі бұл істен бөлек алынды. 

 

Сот барысында журналистерге Марқұм Сейтқұловтың әпкесі Дариға Дәуітәлиева бауырының көлігіне 120 оқ атылғанын айтты. 


Изоляторда азапталып өлтірілген Анафияевтің ісі 

 

2023 жылы 7 маусымда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша ұстау изоляторында Жасұлан Анафияевті азаптап өлтірді деп айыпталған полиция қызметкерлерінің барлығын ҚР ҚК 146-бабы бойынша кінәлі деп танып, А.Елеубеков пен М.Шынжырбаевты – 10 жылға,  З.Ибрагимовті – 9 жылға, А.Азимбеков, Н.Торыбаев және

Б.Жақыпбаевты – 8 жылға, А.Мирадиловті – 5 жылға бас бостандығынан айырып,

жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу жазасын тағайындады. 

 

Судья Үстелбаев сотталушылардың барлығын полиция шенінен айырып, марқұм Жасұлан Анафияевтің туыстарына 20 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.  

 

Қаңтар оқиғасы 

 

Қаңтар оқиғасы 2022 жылы 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталды. Қала тұрғындары сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылық акциясына шықты. Кейіннен оған өзге қалаларда қосылып, кейбір аймақтарда ол жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ел бойынша төтенше жағдай жарияланды. 

 

7 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев наразылыққа шыққандарға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік наразылықты «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс» деп бағалады. Бұған байланысты халықтың пікірі әлі күнге дейін екіұдайлы. 

 

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 10 мың адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/01/2024 14:45
10362 0

Уведомление