Қанды Қаңтар: Таразда «әруақтардың» апелляциялық соты басталды

«Жалғыз ұлымды ақтау парызым»


24/05/2023
17:23 3962 0

 

Таразда Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан бес адамның апелляциялық соты басталды. Ел арасында «Әруақтар ісі» аталып кеткен сот процесінің алғашқы отырысы Жамбыл облыстық сотында қаралды. 

 

23 мамырда өткен сот процесі бір жарым сағатқа кешігіп басталды. Бұған дейін ол бірнеше рет кейінге қалған. Істі судьялар Абидов, Атибеков, Досымқұлов қарауда. Олар журналистерге процесті видео-фотоға түсіруге рұқсат еткенімен, өздерін түсіруге қарсы екендерін айтты. 

 

Айыптаушы прокурор Саяхат Бағдатұлы соттан істің апелляциялық сатыға келуіне байланысты іс бойынша төменгі инстанциялы сот шешімімен рақымшылықпен бостандыққа шыққан Асхат Тәшекеевтің үкімін қайта қарап, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады. 

 

– Тараз қаласының N2 сотының шешімімен сотталған Тәшекеевке қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1-бөлігімен ақтау үкімінің күшін жойып, Тәшекеевті аталған баппен кінәлі деп танып, 272-бабтың 1-бөлігімен 4 жыл мерзімге, 272-бабтың 3-бөлігімен 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, ҚК 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, түпкілікті жаза 4 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыруды сұраймыз, – деді прокурор. 

 

Асхат Тәшекеевтің өзі прокурордың бұл өтінішіне ешқандай реакция білдірген жоқ. Сотқа бұған дейін прокуратура ешқандай өтініш хаттың көшірмесін жібермегенін, үкімді қайта қарауды бүгін ғана естіп тұрғанын айтты. 

 

Қанды Қаңтарда қаза тауып, қалалық сот судьясы Бағдат Төребекұлы кінәлі деп таныған Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков істе ешқандай дәлел болмағанын, куәлердің барлығына қысым жасалғанын айтты. Ол судьядан әділ шешім шығаруын сұрады. 

 

– Біздің балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Қалалық сотта біз барлығын көрдік. Куәгерлердің барлығы судья Төребекұлына қағазға арызын жазып алып келіп, «Қаңтар кезінде бізді ешкім тыңдаған жоқ. Азапталдық, зардап шектік» деді. Бірақ ол оған қараған жоқ. Тергеушілер жұмыс істемеген. Тек қаралай берген. Біздің балалар қайтыс болып кетті. Олардың кінәсі сөйлей алмағанында ма? Олар сөйлей алмаса біз сөйлейміз, – деді ол. 

 

Қаңтарда қаза тапқан тағы бір сотталушы Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева тергеуде заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтар болғанын айтты. 

 

– Істе балам оқ тиіп қайтыс болды дейді. Менің баламның өмірін қиятындай оқ тимеген. Азаптау жасап, бел омыртқасы сынғаннан кейін қылмысты жасыру үшін өлтірген. Менің балам БТР-ге ешқандай да оқ атпаған. Бейне таспада жансауғалап қашып жатқан балаларды көресіздер. Оқ тиген балаларды азаптап, сүйреп машинаға салып жатқанын көресіздер. Бірақ олардың арасында менің балам жоқ. Яғни қаланың басқа жерінен балам ұсталған. 12 сағат бойы қинау салдарынан өмірмен қоштасқан. Менің басқа ұлым да, қызым да жоқ. Мен өз өмірімнен қорықпаймын. Жалғыз ұлымды ақтау – парызым, – деді Закаряева. 

 

Сот барысында адвокаттар мен сотталушы марқұмдардың туыстары істе тіркелген бейнетаспалардың көшірмесін беруді сұрады. Олар қалалық сот бейнетаспалардың көшірмесін бермегенін алға тартты. Сот алқасының судьялары Абидов, Атибеков, Досымқұлов бұл өтінішті келесі сот отырысында қарайтындарын айтты. Келесі сот отырысы 31 мамырда өтеді.

 

7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы іс бойынша күдікті деп танылған тоғыз адам Асхат Тәшекеев, Марат Бекбау, Ғани Керімбаев, Нұрбол Ережепов, (Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан) – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп таныған. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/05/2023 17:23
3962 0

Уведомление