Қанды Қаңтар: Талдықорғанда такси жүргізушісін «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп соттамақ

Оны тергеу изоляторында азаптап, қабырғасын, тісін сындырып, басына пакет кигізіп, қинаған


06/03/2023
17:55 3134 0

 

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Бауыржан Әлиасқаровты «Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен соттамақ. 

 

Бауыржан Әлиасқаровтың ағасы Жомарт Әлиасқаровтың сөзінше, бауырының түрмеде отырғанына 1 жылдан асқан. Қаңтар оқиғасы кезінде оны тергеу изоляторында азаптап, қабырғасын, тісін сындырып, басына пакет кигізіп, қинаған. Азаптауға шыдамаған ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. 

 

– Бауырымды 2022 жылы 30 қаңтарда Алматыдағы үйінде ұстап, Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Ол өзін кінәлімін деп есептемейді. Оны тергеу изоляторында отырғанда бөтен адамдар келіп, тергеп, қысым жасаған. Басына целлофан кигізіп, қинаған, тепкілеп, қабырғасын, тісін сындырған, тырнағының астына ине тыққан. «Кінәңді мойында» деп мәжбүрлеген. «Қару қайда?» деп сұраған. «Сені өлтіреміз» деген соң, бауырым қысымға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсаған. Қолының тамырын кескен. Өлмекші болған. Алғашқы көмек көрсетілмеген. Ары қарай да ем қабылдамаған, – дейді ол. 

 

Жомарт Әлиасқаровтың айтуынша, тергеу кезінде бауырына мемлекеттік адвокат Жамбыл Есімханның қатысуымен керекті жауаптарға қол қойдырып алған. Оның келтірген дәлелдерін іске тіркемеген. Азаптау бойынша істі де тоқтатып тастаған.

 

– Мемлекеттік қорғаушы Жамбыл Есімханның қатысуымен өздеріне керекті жауапқа қол қойдырып алған. Оның ұсынған дәлелдерін тексеріп, заңдастырмаған, іске де тіркемеген. Анық дәлелдері жоқ. Бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Азапталғанын қасында бірге отырған жігіттер біледі. Барлығы көрген. Таяқ жегенін, азапталғанын мойындата алмай отырмыз. Үкімет мойындамай отыр. «Дәлел жоқ» деп істі жауып тастады, – дейді Жомарт Әлиасқаров. 

 

Бауыржан Әлиасқаров

 

Бауыржан Әлиасқаров түрмеден хат жолдаған. Онда ол азаптау салдарынан денсаулығынан айырылғанын, Қаңтарда бейбіт митингке шығып, ешқандай қару алмағанын, тонаумен айналыспағанын айтып, митингке қатысқан адамдардан көмек сұраған. 

 

– Мен 2022 жылы 5 қаңтарда болған бейбіт митинг қатысушысымын. Мен ұйымдастырушы емеспін. Ешкімді тонамадым, қолыма қару алмадым. Денсаулығыма шағымым бар. Басым ауырады, қан қысымым жоғары. Бұның барлығы азаптаудың салдары деп ойлаймын. Барлықтарыңыз бізді ІІД қалай ұрғанын, үтік басып, азаптағанын біліп, естіген шығарсыздар. Менің жасым 50-де, төрт балам бар. Екеуі студент, екеуі кәмелетке толмаған. Бейбіт митингке қатысқан адамдардан шын мәнінде қалай болғанын айтып, арыз жазуларыңызды сұраймын, – деген Бауыржан Әлиасқаров хатында. 

 

Түрмеден келген хат

 

Жомарт Әлиасқаров ұсталған кезде бауырының денсаулығында ешқандай ақау болмаған. Талдықорғанға апармас бұрын, Іле ауданының полиция бөлімінде тексерген дейді.

 

Оның сөзінше, тергеушілер бірнеше жігітке қысым жасап, бауырына қарсы арыз жаздырған. Қасында отырған адамдардың барлығы қалай болғанын біледі. Бірақ айтуға қорқады. Себебі түрмеде барлығын азаптаған. 

 

– Екі-үш бала менің бауырыма қарсы куәлік беріп, шығып кеткен. Мен кейін сол жігіттердің біразымен сөйлестім. Олар «біз жала жауып сотталғымыз келмеді, сол үшін осындайға бардық» деді. Оларды менің бауырым танымайды да. Олар 20-30 жаста. Менің бауырым 50 жаста. Негізі қасында отырған жігіттер барлығын біледі. Бірақ олар айтуға қорқады. Ол жерде таяқ жемеген адам жоқ, барлығы таяқ жеген. Қатты соққыдан 25-30 жастағы жігіттер бұттарына сиіп қойған.Сондай адамдар болған, – дейді ол. 

 

Бауыржан Әлиасқаров такси болып жұмыс істеген. Бала-шағасымен бірге Алматыда пәтер жалдап тұрған. Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанға әпкесін ауруханаға қаратуға алып барған. Сол жерде бейбіт митингке қатысып, сыныптас, достарына смс хат жолдап, бейбіт митингке шақырған. Жомарт Әлиасқаровтың айтуынша, бауырының жіберген аудио хабарламасына сараптама жасалған және «дауыста агрессия жоқ» деген қорытынды шығарылған. 

 

Қазір Бауыржан Әлиасқаровтың үстінен «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» баптары бойынша айып тағылған. Жомарт Әлиасқаровтың сөзінше, бауыры Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған жалғыз адам. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/03/2023 17:55
3134 0

Уведомление