Қанды Қаңтар: Алматыда сот әруақтардың барлығын кінәлі деп таныды

Күдіктілердің туыстары сот шешімімен келіспейді


02/05/2023
18:14 16675 0

 

2 мамырда бес айға жуық қаралған «Әруақтар сотында» үкім оқылды. Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Дәурен Мәукеев Қаңтарда қаза тапқан бес марқұмның барлығын кінәлі деп танып, қайтыс болғандарына байланысты жазадан босатты.  

 

Сот үкімін тыңдауға Шыңғыс Тастанбековтың туыстары ғана келді. Қалған марқұмдардың жақындары мен адвокаттары процеске онлайн қатысты. Соттан соң Тастанбековтың әпкесі Шынар Тастанбекова мен әкесі Абайхан Тастанбеков үкіммен келіспейтінін айтты. 

 

– Жоғары инстанцияға шағымданатын боламыз. Бұл әруақтарды қорлау, масқара ғой мынау, – деді Шынар Тастанбекова. 

 

Сот Серік Керимов, Қанат Әубәкіров, Нұрболат Қасымжанов, Аслан Уәлиев, Шыңғыс Тастанбековті Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігімен (жаппай тәртіпсіздікке қатысты) және Тастанбековтен өзгесін 269-баптың 2-бөлігімен (мемлекеттік ғимаратқа сөз байласып шабуылдады) кінәлі деп таныды.  

 

Бұған дейінгі сот отырысында айыптаушы прокурор Арман Нүгірбеков күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатуын сұраған. 

 

Күдіктілердің туыстары мен адвокаттары сот жарыссөзінде прокурордың айыптауымен келіспеген. Олар тергеу кезінде өрескел заң бұзушылықтар болғанын айтқан. 

Поделиться

Нет комментариев.

02/05/2023 18:14
16675 0

Уведомление