Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге жаңа айып тағылды

Ол он күннен бері аштық жариялауда


09/06/2023
14:20 12631 0

 

25 тәулікке қамалған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімге жаңа айып тағылды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, журналиске ҚР ҚК 258-бабы «террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік» бойынша айып тағылған. 

 

– Думан Мұхаммедкәрімге қатысты 258-баптың 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Ол бұған дейін қозғалған 405-баппен біріктірілуде. Негізгі іс 258-баппен жүретін болады. 258-бап бойынша қозғалған іс аясында жауап алынды. Думан қорғануға құқығы бар куә ретінде сұрақтарға жауап берді. Іс Әблязовпен болған сұқбатқа қатысты, – дейді Нұрпейісов.

 

Тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім наурызда өткен парламент сайлауынан бері 4 рет қамалған. Соңғы рет 28 мамырда «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. 

 

Журналистің сот шешіміне қарсы аштық жариялап жатқанына он күн болды. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Мұхаммедкәрім өте әлсіз, арықтап кеткен. 

 

Бұған дейін журналистің әкесі Алмаз Тілепов ұлын қолдап, Іле аудандық прокуратурасының алдында аштық жариялаған. Бірақ денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болған. 

 

«Не дейді?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім билікті қатаң сынайды. Ол 19 наурызда өткен парламент мәжілісі сайлауында өзін-өзі ұсынып, өтпей қалған. 

Поделиться

Нет комментариев.

09/06/2023 14:20
12631 0

Уведомление