Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім белсенділер Марат Жыланбаев пен Әйгерім Тілеужанованы қолдап, аштық жариялады


23/11/2023
17:07 11993 0

Фото: Ашық дереккөзден

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім белсенділер Марат Жыланбаев пен Әйгерім Тілеужанды қолдап, аштық жариялады. Журналист аштықты 20 қарашада бастаған, бір бұл жөнінде ақпарат 23 қарашада тарала бастады. 

– Ол Жыланбаев пен Тілеужан сотының жабық өткені жаман және дұрыс емес деп санайды. Соған қарсы болып отыр. Жыланбаев пен Тілеужанның күресін қолдап, ол жақындап келе жатқан өзінің сотын ашық өткізуді талап етіп отыр, – деген адвокат Ғалым Нұрпейісов Азаттық радиосына берген сұхбатында

Адвокаттың айтуынша, ол қазір су ғана ішіп отыр. Талдықорғандағы тергеу изоляторының әкімшілігі журналистің аштық жариялағандығынан хабардар. 

Ғалым Нұрпейісовтің сөзіне қарағанда, өткен аптада журналистке инъекция салынып, медициналық көмек көрсетілген. Аштықтан кейін медициналық көмек көрсетілгені-көрсетілмегені белгісіз. 

23 қарашада Азаттық радиосының тілшісі Жетісу облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хабарласып, журналистің аштық акциясы туралы сұрады. Департаменттің баспасөз қызметі ақпаратты анықтап көретінін айтты. Екінші рет хабарласқан кезде баспасөз қызметінің өкілі телефонға жауап бермеді.

Бұған дейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу амалдары аяқталғаны хабарланған, ізінше тергеу процесі «14 куәгерге байланысты» тағы бір айға созылғаны белгілі болған. Жақтастары мұны «қоғамда дау туғызған саяси істердің қатар келуімен» байланыстырған. Қазір Астанада белсенді Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Бір күн бұрын сот тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевты он жылға соттаған. Құқық қорғаушылар Жыланбаев пен Әлтаевты «саяси тұтқын» деп таныған. 

Әйгерім Тілеужанова – Қаңтар кезінде «әуежайды басып алу» ісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылған белсенді. Жуырда апелляциялық сот Тілеужановаға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырған. Әйгерім Тілеужанова үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Журналист маусымнан бері тергеу абақтысында отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналисті «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/11/2023 17:07
11993 0

Уведомление