Алматыда Glovo курьерлері ереуілге шықты

Наразылар басшылығына 23 талап қойды


07/07/2021
16:53 39990 0

Фото: vlast.kz

 

7 шілдеде Glovo жеткізу қызметінің ондаған курьері жұмыс жағдайын жақсартуды сұрап ереуілге шықты. 

 

50 шақты курьер компанияның Байтұрсынов-Жамбыл көшелеріндегі кеңсесіне барып, талап қойған. Бірақ ондағылармен келісімге келе алмағасын «Нұрлы тау» бизнес орталығындағы басшылық кеңсесіне барды. 

 

Ереуілшілер 23 талап қойып отыр. Олар базалық төлем өсірілсін, бонус жинау және тапсырыс қабылдау жүйесі жақсарсын дейді. 

 

— Бағана сөйлескен адамдар проблеманы шеше алмаймыз деді. Сол себепті басшылар отыратын осы жерге («Нұрлы тауға») келдік. Біз қойып отырған 23 талап бар. Солардың бірде-біреуіне дұрыс жауап қайтармады. «Ештеңе өзгермейді» деді. Тым болмағанда ауа райы жағдайындағы бонустарды қосыңдаршы, екі тапсырыс мәселесін реттеп беріңдерші деп келіп тұрмыз, — деген наразылардың бірі Жеңіс Орынәлиев «Азаттық радиосына». 

 

Наразылармен Бостандық ауданы әкімдігінің өкілі Маржан Балбаева сөйлесіп, мәселелерін сотта шешуді ұсынды. Ал Glovo-ның атқарушы директоры Талант Ботбаев курьерлердің жалақысы басқа курьерлердікімен бірдей екенін, оны өсірмейтінін айтты.

 

Жауапқа қанағаттанбаған ереуілшілер Желтоқсан көшесінің жолын бөгеді. Журналистер олар онда ұзақ тұрмағанын, кейін қала әкімдігіне барып, шағымданғанын хабарлайды. Vласть әкімдіктегілер ереушілермен келіссөз жүргізетінін айтты.

 

Еске сала кетейік, мамырда Алматыда Wolt пен Chocofood жеткізу қызметтерінің курьерлері де осындай талап қойып ереуілге шыққан еді.

Поделиться

Нет комментариев.

07/07/2021 16:53
39990 0

Уведомление