Алматыда бір топ белсенді бас прокурордың қызметінен кетуін талап етті

«Бас прокурор Берік Асылов қызметінен кетсін»


23/01/2023
16:08 21904 0

Фото: Ашық дереккөзден 

 

23 қаңтарда бір топ белсенді Алматы қаласының прокуратурасына жиналып, бас прокурор Берік Асыловтың қызметінен кетуін талап етті. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

– Елдегі заңдылықтың сақталуын қадағалайтын органның басшысы Берік Асылов мұғалім Қалас Нұрпейісов пен журналист Әйгерім Тілеужанды «діни экстремистік ұйымдардың мүшелері» дегенін бәріміз естідік. Соты болмай, үкім шықпай тұрып екеуі жайлы мәжіліс қабырғасында, депутаттардың алдында айтқаны арқамызға аяздай батты. Бұл – прокурордың өзінің заңды өрескел бұзғаны, сол үшін оның қызметінен кетуін талап етеміз, – деді прокуратура алдына барған журналист Думан Мұхаммедкәрім.

Жиналғандар осыдан үш күн бұрын, 20 қаңтарда «Бас прокурор Берік Асылов қызметінен кетсін» деген онлайн петиция жариялаған. Қазір оған 130-тан аса адам қол қойған, қалалық прокуратура алдына жиналғандар сол жерден де қол жинады. 

– Осы жерге жиналған 30-дан астам адам қол қойды. Онлайн петиция сәл қиындау, электрон пошта арқылы, Facebook арқылы тіркелу керек. Сондай шарттарына байланысты онлайн қол қоюшылар саны әзірiе аса көп емес. Бірақ барлық азаматтық қоғам бұл петицияны қолдап жатыр,– деді жиналғандардың бірі, белсенді Арайлым Назарова.

Жиналғандар шамамен бір сағаттан соң тарады. Петицияны президент әкімшілігіне пошта арқылы және электронды өтініш түрінде жіберетінін айтты. Олармен сөйлесуге прокуратурадан ешкім шыққан жоқ.

Журналист Әйгерім Тілеужан 2022 жылғы қарашада Қаңтар оқиғасы байланысты күдікті ретінде сот шешімімен үйқамаққа алынған. Бірнеше ай бойы оны «Алматы әуежайын басып алмақ болғандар ісі бойынша» қылмыстық іске куәгер ретінде тартып, кейін күдікті санатына ауыстырған.

«Әуежайды басып алмақ болды» деген күдікке іліккендердің тағы бірі – тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов. Әйгерім Тілеужан да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындайды, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады.

Қазақстан Конституциясының 77-бабында «адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» деп көрсетілген.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/01/2023 16:08
21904 0

Уведомление