Абақтыда аштық жариялаған Марат Жыланбаев 13 келі салмақ тастаған

Ол бұған дейін ауызын тігіп тастаған болатын


16/11/2023
14:48 10612 0

Фото: Настоящее время 

 

1 қарашадан бері тергеу изоляторында аштық ұстап жатқан белсенді Марат Жыланбаев 13 келі салмақ тастаған. Бұл жөнінде оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады. 

 

– Мен қазір ғана тергеу изоляторынан шықтым. Марат Жыланбаев 1 қараша күнгі жазбасында салмағы 72 келі болғанын жазған. Ал қазір яғни, 15 қарашада салмағы 59 келі болып тұр, – деді адвокат 15 қараша күні әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.

 

Оның сөзінше, сотта жарыссөз бірнеше рет кейінге шегерілген. 

 

– 14 қарашаға белгіленген жарыссөз 15 қараша таңертеңгі сағат 10-да өтетін болды деді, одан кейін онысы сағат 15.00-ге ауыстырылды. Одан кейін 15 қараша сағат 15.00-ге белгіленді. Ал кеше түнде сот хатшысы хабарласып, жарыссөз 17 қарашаға ауыстырылғанын айтты, – деді Мейіржан Досқараев. 

Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Марат Жыланбаевтың денсаулығы дәрігерлер бақылауында екенін мәлімдеді. 

Тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталған. Судья «белгісіз екі куәгердің өтініші» бойынша сотты жабық режимге ауыстырған. Оған белсендінің өзі және жақтастары қарсылық білдірген. Жыланбаев аштық жариялап, ауызын тігіп тастаған. 

Марат Жыланбаевқа «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, істің саяси астары бар деп есептейді. 

Жақында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігіне үндеу жасап, Марат Жыланбаевты босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырған. 

Поделиться

Нет комментариев.

16/11/2023 14:48
10612 0

Уведомление