16 жылға сотталған қаңтаршы Ербол Жұманов изоляторда азапталуда

Ол сотта азаптаудан қабырғасы сынғанын айтқан болатын


30/05/2023
14:30 4747 0

 

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановты тергеу изоляторында азаптауда. Бұл жөнінде оның адвокаты Жалғас Сапарханова хабарлады. 

 

– Ербол Джумановты Жамбыл облысының тергеу изоляторы азаптап жатқандығы туралы суық хабар жетті. 04.05.2023 жылдан бастап арыз-шағым түсірілген соң, тоқтағандай болып еді, алайда бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқанын жаңа маған хабарласқан қорғауымдағы Ербол Джумановтан естідім.Басшылық қайда қарап отыр?!, – деп жазды Сапарханова өзінің facebook парақшасына. 

 

Адвокаттың сөзінше, құзырлы органдар азаптау арқылы Ербол Жұмановтың кінәсіз екенін өздері дәлелдеуде. 

 

– Істегі бүкіл шындықтың ашылуына қанша кедергі келтіріп, ашылмауына бөгет жасағанымен әділдікке қол жеткіземіз, Ерболдың кінәсіз екендігін дәлелдейміз! Осы азаптау фактілерімен Ерболдың кінәлі емес екендігін өздеріңіз дәлелдеп келесіздер!, – деді ол. 

 

 

28 сәуірде Ербол Жұмановты Тараз соты 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «қару ұрлау» және ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деген айыптар тағылған. 

 

Ербол Жұманов сот залында да азаптау туралы, үкіммен келіспейтінін айтып, соттың әділетсіз өткеніне наразылық білдірген. Күзет оның қол-аяғын күштеп басып ұстап, кейіннен залдан алып кеткен. 

 

– Түрмеде өлуім керек болса дайынмын. Тек мына бассыздық тоқтасын. Қинап жатыр, ұрып жатыр, қанша қабырғамды сындырды. Соның біреуін айтпай отырмыз... Бұларға қан керек. Бұл жолы бір-екі адам кетерміз. Келесі жолы бұлар қанша адамды соттайды. Тоқтамайды бұлар, – деген Жұманов сот залында. 

 

Ербол Жұманов мамырдың 4-і күні 28 сәуір үкім шыққан сәттен бастап өзі қамауда отырған N67 мекеме қызметкерлері мен басшылығы тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, өміріне қандай да бір қауіп төнетін болса мекеме басшылығын жауапқа тартуды сұрап, шағым жазған. Бірақ арада бір күн өткен соң, 5 мамырда мекеме басшылығына ешқандай арыз, шағымы жоғын көрсетіп, түсініктеме жазған. Адвокат Сапарханова Жұмановтың араға бір салып екі түрлі шағым жазуы қысым болып жатқанын одан сайын айқындайды дейді. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/05/2023 14:30
4747 0

Уведомление