14 наурызда батыс Қазақстан Көрісу күнін тойлайды. Бұл мейрам туралы не білеміз?

Бұл мейрам неге тек батыс өңірлерде тойланады


12/03/2021
10:58 6272 0

14 наурызда Қазақстанның батыс өңірлері Көрісу күнін тойлайды: адамдар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, төс түйістіріп көріседі.

 

masa.media осы мейрамның тарихы мен оның Қазақстанның басқа өлкелерінде неге тойланбайтынын айтып береді. 

 

Бұл қандай мейрам? Мәні неде? 

 

Қазір осы күнде адамдар, әсіресе балалар мен жастар ерте тұрып, көрші-қолаң, туыстарының үйіне барып, бір-бірімен қол алысып көріседі. «Бір жасың құтты болсын», «Жаңа жыл құтты болсын» деп тілек айтады. Қонақ күткен үй дастархан жайып, келгендердің қолына түрлі тәтті ұстатады. Кей ауылда отбасылар бірігіп, үлкен той жасайды, ат жарысын ұйымдастырады. 

 

Бұрын жұрт осылай қыс бойы көрмеген жақындарымен қауышатын болған, халін сұрап, сағынышын басқан. 

 

«Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Ертедегі жұрт бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтады. “Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма” деген сарында өлеңдетіп көріскен»,дейді тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев ult.kz-ке. 

 

Бұл мейрамның тағы бір мәні — адамдар көрісе отырып, бір-біріне деген өкпе-ызасын, араздығын ұмытады (не ұмытуға тырысады), кешірім өтінеді. 

 

Бұл мереке неге 14 наурызда тойланады? 

 

Бұрын Қазақстанда көрісу күні Шығыс елдерінің күнтізбесіне сай 1 наурыз болған. Қазір біз қолданып жүрген Грегориан күнтізбесіне сай ескі 1 наурыз — 14 наурыз. Наурыздың, яғни көктемнің басы — қазақтар үшін жаңа жыл, жаңа өмірдің басы. 

 

Амал VS Көрісу 

 

Көрісу күнін кей адам, әсіресе Маңғыстау тұрғындары Амал мерекесі деп атайды. Себебі бұрын қазақтар ай аттарын басқаша атаған. Наурызды Амал (Хамал) деген. Атауы содан қалып қойған

 

Наурыздан қандай айырмашылығы бар? 

 

Екі мейрамда да жұрт бір-біріне сәлем беріп, хабар алмасады, «Жаңа жыл құтты болсын» айтып, бір-біріне қонаққа барады, той жасайды. 14 наурыз (Көрісу) — қазақша Жаңа жылдың басы, ал 21 наурыз (Наурыз) — аяғы. 

 

«Шын мәнінде халқымыз Наурызды айдың алғашқы күнінен бастап бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше 1–8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14–21 наурыз аралығы»,дейді этнограф Серік Ерғали ult.kz-ке.

 

Бұл мейрамды неге тек батыс Қазақстан тойлайды? 

 

Бұл салтты көбіне Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары мен олармен іргелес жатқан елдердің қазақтары дәріптейді.

 

Бірақ кей тарихшы бұл мереке Қазақстанның барлық жерінде тойланды дейді. Дәлел ретінде олар ақын-жазушылардың жазбасын келтіреді: 

 

Мысалы, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінде былай делінген: 

 

«...Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған: "Маған көріспейсің бе" деп қалжыңдады. Әзілдесіп үйге кірдік...».

 

«...Маған қарап Шұға күлді.

 

— Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, — деді. Мен не айтарымды білмедім...». 

 

Абай Құнанбайұлы, «Жазғытұры» өлеңі: 

 

«Ойдағы ел қырдағы елмен араласып,

Қуанысып, көрісіп, құшақтасып». 


Бірақ Кеңес үкіметі 1990-жылдарға дейін ұлттық мейрамдарға тыйым салып келгендіктен көрісу ұмыт болған, тек батыс Қазақстан жұрты бұл жоралғыны сақтап қалған.

Поделиться

Нет комментариев.

12/03/2021 10:58
6272 0

Уведомление