Жазушы Муракамидің қазасы туралы хабар желіні дүр сілкіндірді

Жазушының өмірден өткенін ресми дереккөздер растады. Алайда әңгіме әйгілі Харуки Мураками туралы емес, онымен тегі бір қаламгер Рю Мураками жайында.


23/10/2026
10:11 0

2026 жылғы 23 қазанда Gentosha баспасы өзінің тұрақты авторы, танымал жазушы Рю Мураками қайтыс болғанын хабарлады.

«Жазушы Рю Мураками 17 қазанда өз үйінде 74 жасында қайтыс болды», – делінген баспаның мәлімдемесінде.

 Қаламгердің неден қайтыс болғаны айтылмады. Жазушымен қоштасу рәсімі отбасы мүшелерінің қатысуымен өткен. Марқұмның туыстары көңіл айту хабарламаларын жолдамауды, гүл мен сыйлық жібермеуді өтінген. Сондай-ақ жақындарынан сұхбат алуға өтініш білдіріп, мазаламауды сұраған.

 

Рю Мураками несімен танымал?

 

Рю Мураками 1952 жылғы 19 ақпанда Жапонияның Нагасаки префектурасындағы Сасэбо қаласында дүниеге келген. Оның шын есімі – Рюноскэ Мураками.

 

Жазушыға кеңінен танымалдық әкелген туынды – 1976 жылы жарық көрген «Көгілдірдің барлық реңкі» романы. Осы еңбегі үшін ол әуелі жас қаламгерлерге арналған «Гундзо» сыйлығын, кейін Жапонияның беделді әдеби марапаттарының бірі – Акутагава сыйлығын иеленді.

 

Муракамидің көпшілікке белгілі шығармаларының қатарында «Қоймадағы балалар», «Мисо сорпасында» және «69» романдары бар. Қаламгер туындыларында зорлық-зомбылық, қоғамнан оқшаулану, жыныстық қатынас, әлеуметтік дағдарыс және жапон жастарының өмірі секілді тақырыптарды қозғады.

 

Рю Мураками әдебиеттен бөлек, тележүргізуші ретінде де танылды. Ол актриса Эйко Коикэмен бірге Жапониядағы «Камбрий сарайы» (Cambrian Palace) атты іскерлік бағдарламаға шамамен 20 жыл бойы жүргізушілік етті. Бағдарламаға ірі компаниялардың басшылары мен бизнес өкілдері қатысатын. 2026 жылы жазушы бұл жобадағы жұмысын аяқтады.

 

Екі жазушыны неге шатастырады

 

Рю Муракамиді Жапониядан тыс жерлерде онымен тегі бір қаламгер Харуки Муракамиге қарағанда көп тани бермейді. Екеуі де бір буынның өкілдері болғанымен, шығармашылық бағыттары бөлек.

 

Харуки Мураками 1949 жылы дүниеге келген. Ол «Норвег орманы», «Жағадағы Кафка» және «Құс сағатының шежіресі» романдарымен танымал. Оның шығармаларында шынайы өмір суреттері сюрреалистік элементтермен астасып, жалғыздық тақырыбы жиі көрініс табады.

Поделиться

Нет комментариев.

23/10/2026 10:11
0

Уведомление