Популярные тэги

Робототехниканың тілін тапқан ару: жас ғалым инсульт алғандардың өмірін қалай жеңілдетпек

Ғылымдағы қазақ қыздарының әлеуеті әлдеқашан мойындалған. Тіпті, ерлердің тісі бата бермейтін салаларда алғы шепте жүрген қаракөздеріміз бар. Солардың бірі – Бану Әбдіқадырова.


29/01/2026
12:26 223 0

АҚШ-тағы University of Massachusetts Amherst университетінде докторантурада оқып жүрген Банудың зерттеулері инсульт алған немесе жүйке ауруларына шалдыққан науқастарға арнап жаңа технологиялар жасауға бағытталған. Ол дайындаған экзоскелеттер болашақта нейрореабилитацияда ғана емес, адам қозғалысын жеңілдететін жабдық ретінде қоғам өмірінің түрлі саласында қолданыс табары сөзсіз.

 

Бөпесін көтеріп жүріп ғылымдағы ізденістерін тоқтатпаған Бану Әбдіқадырова Masa media тілшісіне берген сұхбатында өзі зерттеп жүрген технология Қазақстан емханаларына қашан жететінін, елден жырақта бала өсірудің қиындықтарын және Америкадағы өмірдің жұрт жасыратын көлеңкелі тұстарын да айтып берді.

 

АМЕРИКАҒА БИЛЕТ

 

– Бану, бір қарағанда механикалық инженерия, робототехника ерлерге тән салалар болып көрінеді. Таңдауыңыз неге бұл бағыттарға түсті?

 

– Ғылымның бұл салаларына қызығушылық Назарбаев университетінде (NU) оқып жүргенімде басталды. 1-курста «Механика және динамика» пәні қатты ұнады. Семестр біткен соң профессорға барып, қандай ғылыми жобалары бар екенін, қандай зерттеулермен айналысатынын сұрай бастадым. Оның жұмыс істейтін бағыты қызықтырған соң 1-курстың соңынан бастап бірге жұмыс істей бастадық. 2-курста робототехника бағытындағы конференцияға бардық. Түрлі компаниялардың өкілдері алып келген роботтарды көріп, профессорлардың презентацияларын тыңдап, қызығушылығым оянды. Ішімде болашақта осы салада жұмыс істесем деген мақсат пайда болды.

 

–  АҚШ-та докторантураға өз күшіңмен түсу – оңай жол емес. Қандай қиындықтардан өттіңіз?

 

– Иә, күрделі процесс болды. Ең қиыны – ғылыми жетекші табу. Себебі саған жетекшілік ететін ғалымның грантынан оқуыңның ақысы, шәкіртақың төленеді. Сол үшін ғылыми жетекшіңді қызықтыра алуың керек. 4-курста оқып жүргенімде 100 шақты профессорға хат жаздым.  Олардан жауап алу өте қиын. Өйткені университетің түгілі, елің жайлы білетіндер көп емес.

 

АҚШ-та нетуоркинг маңызды рөл ойнайды. Профессорлар өзі танитын ғалымдардың шәкірттерін, өзі істес болған зертханалардың ізденушілерін қуана қабылдайды. Ал Қазақстаннан шыққан біз сияқты қарапайым адамдарға олардың көзіне түсу үшін көбірек жетістікке жету керек.

 

Ғылыми басылымдарда мақалаларымның жарық көруі маған көп көмектесті. 1-курстан кейін білек сыбана кірісудің арқасында оқу бітіргенше 2 мақалам жарық көріп үлгерді, үшіншісі жарияланғалы жатты. Бұл менің компетенттігімді көрсеткен факторлардың бірі болды деп ойлаймын.

 

 

–  Құжат тапсырған ЖОО-лардың қаншауынан шақырту алдыңыз?

 

– Көп университетке құжат тапсырдым. АҚШ-тың өзінде 9 университетке жолдадым. Соның екеуінен ғана шығындарды толық жабатын шақырту(offer) келді. Қайсысын таңдаймын деп бас қатырғанда UMass университетіндегі ғылыми жоба көбірек ұнап, осы оқу орнына түстім. 

 

НЕЙРОРЕАБИЛИТАЦИЯ ЖӘНЕ «АҚЫЛДЫ» АЯҚ КИІМ

 

– Қазір нақты қандай зерттеумен айналысып жүрсіз?

 

– Бірнеше зерттеумен қатар айналысып жүрміз. Соның бірі – инсульт алған адамдарға экзоскелет дайындау. Мұндағы ең негізгі проблема – науқастардың асиметриялық қозғалысы. Олар жүрген кезде бір аяғына көбірек салмақ түсіреді, қадамдарының ұзындығы біркелкі емес. Сол ассиметрияны қалай түзейміз деген сұрақтың жауабын іздеу үстіндеміз. Кез келген жаңа дүниеге адам бірден бейімделмейді. Экзоскелеттермен қозғалуға икемделу үшін қанша уақыт керегін, қандай қосымша өзгерістер енгізу қажеттігін білу үшін сау адамдармен тәжірибе жасап көріп жатырмыз.

 

 

Бұдан бөлек, инсульт алған адамдарға арналған «ақылды» аяқ киім жасау жобасына да қатыстым.

 

Үшінші жобамыз – Puma компаниясымен коллаборация. Жүгіруге арналған экзоскелеттерді дайындау жұмысын сол компания қаржыландырып жатыр. Мәселен, марафон жүгіретін адамдар 4,7 м/с жылдамдықпен жүгіреді, олардың энергиясын азайта алатын экзоскелеттер әлі жасалмаған. Осы мәселенің шешімін тапқымыз келеді.

 

– Инсульт алған адамдарға көмектесетін технологиялар жасау идеясы қалай туды? Қандай да бір жеке қажеттіліктен пайда болған жоқ па?

 

– Назарбаев университетінде оқып жүргенімде бір байқауға қатысқам. Сол байқауда әр топқа бір мүгедек адамнан берілді, сол кісінің қажеттілігіне сай құрылғы дайындауымыз қажет болды. Біз мүмкіндігі шектеулі адамға өздігінен қозғалатын велосипед жасап бердік. Өйткені олар қозғалыссыз отыра берсе, уақыт өте келе дене мүшелері жұмыс істеуін тоқтатуы мүмкін. Соның алдын алу мақсатында қарапайым велосипедке мотор орнатып, науқас адамның сұранысына сай бейімдеп бердік.

 

Сол кезде мүмкіндігі шектеулі адамдармен жеке сөйлесіп, көңілім қатты түсті. Елімізде олардың көп мәселесі шешілмеген, жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасалмаған. Сондықтан көбіне төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр. Осы жайт маған қатты әсер етіп, мүгедек адамдардың қозғалысын жеңілдетуге титтей болса да көмегімді тигізсем деген мақсат туды. Ғылыми жетекші іздегенде де осы бағыттағы зерттеулермен айналысып жүрген ғалыммен жұмыс істеуді көздедім.

 

 

АҚШ-та ғылыми жұмыстар қалай жүргізілетінін түсіндіре кетейін. Ең әуелі ғалымдар түрлі федералдық гранттарға тапсырады. Егер идеясы қолдау тапса, ақша бөлінеді. Қаржы қолына тигеннен кейін әрі қарай шешімді сол ғалымның өзі шығарады. Құрал-жабдықтар алуы мүмкін немесе осы бағытта жұмыс істейтін студенттерді жұмысқа шақыруы мүмкін. Яғни, мен зертханаға келіп, ойыма келген зерттеумен айналыса алмаймын. Ғылыми жетекшім қай бағытта жұмыс істесе, мен де сол бағытта ізденемін.

 

ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ҚОЛДАНЫЛУЫ

 

– Сіздің зерттеулеріңізді Қазақстанда қолдану мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?

 

 Менің ойымша, түрлі бағыттарда қолданылуы мүмкін. Тек қана инсульт алған науқастарға емес, адамның қимыл-қозғалысын шектейтін басқа да диагноздар бар. Мәселен, Паркинсон ауруымен ауыратын адамдарға да экзоскелеттер жасауға болады. Тіпті, сау адамдардың да жүруін, жүгіруін ыңғайлататын, тауға шығушылардың биікке көтерілуін, қариялардың сыртқа кіріп-шығуын жеңілдететін жабдық ретінде пайдалануға болады.

 

Қателеспесем, Астанадағы ауруханалардың бірінде инсульт алған адамдарға экзоскелет ұсынылады. Бірақ ол өте ескі үлгі, 10 жыл бұрын жасалған. Оның тиімділігі төмен. Қолданып көргендердің бірінен сұрағанымда, жабдықтың ешқандай көмегі тимегенін айтты. Сол экзоскелеттерді науқастардың қажеттіліктеріне сай жетілдіру үшін еңбектеніп жатырмыз.

 

Біздің жұмыс әлі бастапқы сатыда. Менің ойымша, ол әлі сынақтардан өткізілуі керек. Кең қолданысқа 20-30 жылдан кейін енуі мүмкін. Академиялық ортадағы процестер өте баяу жүреді. Бір сұрақтың жауабын табу үшін жылдап тер төгуің қажет. Инсульт алған адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Тәжірибе жасау көп уақытты алады. Ал дайын технологияны әрі қарай қолданысқа енгізумен басқа адамдар айналысады.

 

 

– АҚШ-тағы академиялық ортаның қандай ерекшеліктерін атар едіңіз?

 

– Америкада ғалымдардың, ғылыми бірлестіктердің коллаборациясы жүйелі жолға қойылған.  Қазақстанда оқығанымда университетіміздің әр департаменті өз алдына бөлек жұмыс істейтін, бір-бірімен ынтымақтастық орнатпайтын. Ал мұнда бәрі басқаша. Мәселен, мен механикалық инженерияда оқысам да, кинезиология саласында оқып жүргендермен тығыз жұмыс істеймін. Өйткені адам қозғалысы, анатомиясына қатысты көп сұрақтың жауабын білмеймін. Коллаборация арқылы біраз жұмысты жеңілдетуге болады.

 

ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУ

 

– Жолдасыңыз да ғылым жолында екен. Ол қай салада ізденіп жүр?

 

– Жолдасым өткен жазда Fitchburb State university-де компьютер ғылымы саласында магистратураны бітірді. Осы салада әрі қарай тәжірибе жинау үшін жұмыс іздеу үстінде.

 

–  Елге оралу, Қазақстанмен бірлескен жобалар жасау жоспарыңызда бар ма?

 

– Осы салада әлі де тәжірибе жинағым келеді. Докторантурамды бітірген соң постдокторантура оқысам деймін. Білімім мен тәжірибем толысып, елге бір пайдам тиетін кезде ғана Қазақстанға оралсақ деген ниетіміз бар.

 

–  Шетелде оқуды жоспарлап жүрген жастар нені білуі тиіс?

 

–  Ғылыми жобамен айналысуды мүмкіндігінше ерте бастаған дұрыс.  Ғылым өзіне шын мәнінде ұнайтын-ұнамайтынын түсіну үшін студент кем дегенде бір зерттеу жұмысын жүргізіп көруі керек. Әрі қарай тереңірек айналысам деген шешім қабылдаған болса, ғылыми мақалалар жариялауға, өзі ұнатқан сала бойынша білімін арттыруға күш салуы қажет.

 

БЕСІК ПЕН ҒЫЛЫМДЫ ҚАТАР ТЕРБЕТКЕН АНА               

  

– АҚШ-та оқитын қазақ жастарының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазір бұрынғыдай елге қарап елегізей қоймайтын шығарсыздар?

 

 Amherst деген шағын қалада тұрамыз. Бұл жақтың өзінде біраз қазақ бар. 10 шақты отбасының бала-шағасын қосқанда 40-қа жуық адамбыз. Мерекелерде жиі бас қосып, ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, қазақы жөн-жоралғыларымызды жасап, мәз-мейрам боламыз.

 

–  Желідегі суреттеріңізге қарасақ, ғылымнан бөлек те қызығушылықтарыңыз көп екен.

 

– Жолдасым екеумізге тауға шығу, жартасқа өрмелеу ұнайды. Табиғат аясында демалуды әдетке айналдырғанбыз. Бірақ балалы болғалы мұндай демалыстар сиреді. Бәлкім, бөпеміз сәл өскен соң отбасылық әдемі дәстүрлерімізді қайта жаңғыртармыз.

 

 

– Бөпеңіз АҚШ-та дүниеге келді ме?

 

– Иә, осында босандым. Қазір баламыз 5 айға келіп қалды.

 

–  Аналық рөліңіз бен ғалым ретіндегі міндеттеріңізді қатар алып жүру қиын болып жатқан жоқ па?

 

– АҚШ-та декретке шығу қиын. Мұнда бала күтіміне байланысты демалыс ары кетсе 3-ақ айға беріледі. Баланы туғаннан бастап немесе 3 айлығынан бастап балабақшаға беру – қалыпты жағдай. Ал біз үшін қиын. Сондықтан жолдасым екеуміз баланы бірге қарап, өзіміз өсіруге тырысып жатырмыз. Бала күтімі мен ғылыми жұмысты қатар алып жүре алуың ғылыми жетекшіге байланысты. Менің профессорым барынша түсіністік танытып, жұмыстарымды үйден жасауға мүмкіндік берді. Жақында қайтадан қатарға қосылдым. Диссертациямды жазып, арасында тәжірибелік жұмыстарды жасап жүрмін.

 

АМЕРИКАДАҒЫ БОЯМАСЫЗ ТҰРМЫС

 

–   Қазақ қоғамында Америкадағы өмірді романтизациялайтындар көп. Нағыз америкалық тұрмыстың қазанында қайнап жүрген адам ретінде қандай «аңыздарды» жоққа шығарар едіңіз?

 

–  АҚШ-қа көшіп келгендер блог бастап, мұндай өмірді әдемі етіп көрсеткісі келеді. Қиналғандарын, қандай сынақтан өткендерін айта бермейді. Біріншіден, Америкадағы өмір өте көп шығынды талап етеді. Баспананы, көлікті жалға алу, балалардың бақшасын төлеу, сақтандырулар – бәріне қыруар ақша керек. Біз үшін қазір студенттерге арналған үйде тұрып жатқанымыз үлкен жеңілдік болып тұр.

 

Екіншіден, Трамп билікке келгелі жұмысқа орналасуға қатысты талаптар өзгерді. Көп компания Америка азаматтарын ғана қызметке алатын болды. Сондықтан көңіліміз қалаған жұмысқа орналаса алмаймыз.

 

Үшіншіден, АҚШ-та ауырып қалсаң, медсақтандыру шеңберінде ғана емделе аласың. Дәріханадан дәрігердің тағайындауынсыз дәрі ала алмайсың. Дәрігер оны оңайлықпен жазып бермейді. Тісің ауырса, тіпті қиын.

 

Төртіншіден, АҚШ-та бюрократия көп. Банк картасын ашу үшін почтамен келгенін 2 апта күтесің. Қазақстанда картаңды көз алдыңда,10-15 секунд ішінде басып шығарып береді. Біздің елде технологияның дамуы дұрыс бағаланбай жатады. Бұл жақтағы басы артық процестерді көріп, Қазақстандағы көп жеңілдіктің қадірін білмегенімізді түсіндік.

 

– Жас отбасы ретінде елден жырақта болудың қиындығы мен артықшылығы қандай?

 

– Елден жырақта болудың қиындығы – баламыздың ата-әжелерінен жырақта өсуі. Аулада қазақтың тілін естімейтіні. Ал артықшылығы – сенетін адамымыз болмаған соң жолдасым екеуміз барлық жауапкершілікті тең бөліп, тырбанып тіршілік етуді үйрендік. Мұндағы гендерлік теңдікті көріп жүргеннен кейін азаматым барлық шаруаға көмектеседі. Баланы да қарасады, үлгермей жатсам, үй тірлігіне де жәрдемдеседі. Қазақстанда тұрсақ, бұған қоғамның көзқарасы басқа болар еді.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

29/01/2026 12:26
223 0

Уведомление