Лувр жәдігерлері Қазақстанға жеткізілуі мүмкін

Парижде Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері өтіп жатыр.


20/09/2026
11:45 0

 Қазақ-француз өнер ұжымдары арасындағы өзара гастрольдер 

 

Қазақстан мен Франция мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Бұл туралы  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың Француз Республикасының Мәдениет министрі Катрин Пегармен кездесуінде айтылды.

 

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстар қарқынды дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілуіне және өзара байланыстардың жүйелі сипат алуына Қазақстан мен Франция президенттерінің достық пен сенімге негізделген қарым-қатынасы айрықша ықпал етіп отыр.

 

Министрлердің кездесуінде екі елдің өнер ұжымдары арасында өзара гастрольдер ұйымдастыру мәселесіне ерекше мән берілді. Катрин Пегар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ екі ел мамандарына арналған оқу бағдарламаларын, тағылымдамалар мен өзара шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

 

Музей саласындағы ынтымақтастық

 

Францияға жұмыс сапары барысында Арман Қырықбаев Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен де кездесті. Тараптар Лувр қорындағы жәдігерлер көрмесін Қазақстанда ұйымдастыру мүмкіндігін және музей саласындағы өзге де бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

 

Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасы аясында Қазақстан киносы күндері және Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға» атты дөңгелек үстел өтті. Мәдениет күндердің басты оқиғасы – Париждегі «Мариньи» театрында ұйымдастырылған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті.

 

Гала-концерт француз көрерменіне қазақ музыкасы мен хореография өнерінің байлығы мен сан қырлылығын танытты. Сахнада қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері, сондай-ақ заманауи туындылар орындалды.

 

Концертте Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбай (Amre), Елдар Сапараев, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев, Назым Сағынтай, «Астана Балет» театры, HasSak этнофольклорлық ансамблі және Mezzo тобы өнер көрсетті. Өнерпаздарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.

Поделиться

Нет комментариев.

20/09/2026 11:45
0

Уведомление