Популярные тэги

Кремний алқабындағы қазақтардың «хабы», шетелден қаржы тартқан стартапшылар


14/03/2025
18:04 71 0

masamedia.kz коллажы

 

 

Nutgraph: Кремний алқабы ( ағылш. Silicon Valley) - АҚШ-та, Солтүстік Калифорния аймағында орналасқан жаңа технологиялар мен тың идеялардың тоғысқан жері. Бұл аумақта Google, Apple Inc., Facebook, Sony сынды әлемдік компаниялардың штаб-пәтерлері, венчурлық капиталы бар фирмалар, бизнес-періштелер мен дарынды инженерлердің кеңселері бар. Кейінгі жылдары шетелдік инвесторлар тарапынан Орталық Азияның стартап-экожүйесіне қызығушылық оянып, қазақстандық стартаптардың саны едәуір артты. Дегенмен акселерациялық бағдарламалар жайлы білмеген көп стартаптың күйіп кетуі жиілеген.

 

 


 

 

Стартап экожүйесінде Қазақстан «дамушы» ел

 

 

Биыл дүниежүзілік StartupBlink аналитикалық арнасы стартап экожүйесіне қатысты есеп жариялады. Рейтинг нәтижесі бойынша, Қазақстан бәсекеге қабілетті топ-100 елдің қатарына кірді. Кейінгі 5 жыл ішінде еліміз тізімде 86-орыннан 74-орынға дейін түскен.

 

 

 Фото: StartupBlink.com

 

 

 

StartupBlink сайтының дерегінше, Қазақстанның стартап экожүйесі әлі дамудың бастапқы сатысында тұр. Орталық Азиядағы инновациялық hub-қа айналу үшін бірталай уақыт пен күш-жігер қажет. Ел экономикасы мұнай-газға тәуелді болғанымен, негізгі білім арқылы цифрлық экономикаға көшу бағытында қадам жасалып жатыр, деп бағалайды сарапшылар. Бұл жолда жергілікті стартаптарды дамыту, кәсіпкерлерге қаржылық және білім беру ресурстарын ұсыну, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты арттыру маңызды.

 

 

Стартап әлемінен хабардар бизнес-эксперт Дәулет Беймурзиновтың ойынша, стартап-экожүйеcін барлық стейкхолдердың бірлескен жұмысы кезінде ғана жақсарта аламыз.

 

“Орталық Азияның стартап-экожүйесін дамыту үшін кәсіпкерлерді оқыту, венчурлық қорлар мен бизнес-періштелерді жандандыру, сондай-ақ корпоративтік тапсырыстар арқылы квазимемлекеттік және мемлекеттік компанияларды тарту маңызды. Мемлекет нарықты салық конференциялары, білім беру бағдарламалары мен гранттар арқылы қолдауға тиіс”, - дейді эксперт. 

 Инновациялық hub ашудың маңызы

 

 

Орталық Азиядағы  мықты стартап-қауымдастығын құруды мақсат қылған Әсет Әбдуәлиев  Кремний алқабында Silkroad Innovation Hub негізін қалаған. Бұл бастама Цифрлық даму министрлігі және Астана hub қолдауымен 2023 жылы құрылған.

 

 

Silkroad Innovation Hub жобасы - Орталық Азия стартаптарына Кремний алқабында қолдау көрсететін орталық.    

 

 

Әсет Әбдуәлиевтің айтуынша, Кремний алқабында қазақстандық стартаптар жайлы естігендер аз.

 

“Көп адам бұл жерден үлкен компаниялардың шығатынын әлі білмейді. Біз Silkroad Innovation Hub компаниясы ретінде бұл пікірге деген көзқарасты өзгерткіміз келеді. Венчурлық және кәсіби инвесторлардың өңірдегі стартаптарға көбірек назар аударғанын қалаймыз. Компания келген стартапшыларға мүмкіндік жасап, венчурлық инвесторлармен кездесу ұйымдастырады. Мұндағы миссия - Орталық Азия стартаптарын таныту, олардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашу”, - деді ол.

 

 

 

Фаундер отандық стартаптарға қандай қолдау жасалады дегенге шетелдік инвесторлармен кездесуден бөлек, түрлі бағдарламаға қатысу кезіндегі инвестиция тарту артықшылығын атап өтті.

 

Біз тек Қазақстанды емес, барлық өңірден келген стартаптарды да қолдаймыз. Бұл Орталық Азияның бес елі және Түркия, Гүржістан, Моңғолия мемлекетін қамтиды.  Дрейпер университеті, AlchemistX үлгісіндегі жетекші акселераторлармен бірге акселерациялық бағдарламалар өткіземіз. Сонымен қоса, өзіміздің StartX және Silicon Valley Residency атты бағдарламамыз бар. Өткен жылы бұл бағдарламаларға әр өңірден келген 200 стартаптың жартысы Қазақстаннан болды”- дейді ол.

 Silkroad Innovation Hub ұсынған бағдарламаға қатысу нәтижесінде 19 стартап венчурлық инвестиция тартты. Әсет айтпақшы, хабқа келген стартапшылар 40 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жинаған.

 

                               

Шетелден инвестиция тартқан қазақтар

 

 

Жақында Silkroad Innovation Hub арқылы ЖИ стартапы 3,6 млн АҚШ долларына бағаланған.

 

 

Perceptis жобасының мақсаты - кеңесші мамандардың уақыты мен ресурсын үнемдеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану.

 

Фото: Forbes.kz

 

 

Компания құрылтайшысы Ерсұлтан Сапар мен серіктесі Әлібек Достияров бұрын McKinsey мен Apple сияқты жетекші компанияларда қызмет атқарған. ЖИ шағын және орта бизнеске ірі компаниялармен бәсекелесуге көмектеседі, өйткені кеңес беруші 2-3 есе көп тұтынушымен бірдей байланысқа шыға алады.

 

 

Ерсұлтан компания бәсекеге қабілетті болуы үшін бірден жаһандық өнім шығаруды көздегенін айтты.

 

“Біздің жоба 100-ден астам тілді қолданады. Нәтижені түрлі аймақтың ерекшеліктеріне сай бейімдейміз. Perceptis жасайтын әрбір коммерциялық ұсынысты әлемнің жетекші компанияларында (McKinsey, BCG, EY) жұмыс істеген кеңесшілер тобы тексереді”, - деді ол.

 

Тағы бір ЖИ көмегімен құрылған инновациялық бастама - 19 жастағы қазақстандық кәсіпкер Арсен Қылышбек әзірлеген Amurex.ai жобасы. Бұл стартап бизнес пен жеке жұмыстағы міндеметтелерді оңай шешу, негізгі процестерді жақсарту үшін ЖИ-көмекшісін әзірлейді.

 

 

Фото: Baige.news

 

 

Арсен бұл саламен алғаш рет 9-сыныпта Стэнфорд жазғы мектебінде оқыған кезде танысқан. 2021 жылдың жазында ол Data Science  бағыты бойынша бірінші Whoock.ai деп аталатын стартап ойлап тапты. Оны математикалық модель көмегімен тарихи деректерді пайдалана отырып, нақты болжам жасай алу мүмкіндігі қызықтырды.

 

 

Amurex.ai стартапына келсек, 2024 жылдың қыркүйек айында Арсен үндістандық серіктесі Санскар Джетимен бірге The Personal AI Company жобасын құрған.

 

 

Фото: digitalbusiness.kz

 

 

Жақында Amurex.ai Лондондағы Entrepreneur First венчурлық қорынан 250 мың доллар инвестиция тартты.

 

“Бізде әртүрлі елден жиналған пайдаланушылар бар. Көбіне Ұлыбритания мен АҚШ-тан тіркеліп жатады. Бизнеске арналған компания болмағандықтан, қандай да бір аймаққа шоғырланудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазір де ерекше аймақтық серіктестікті қарастыру жоспарда жоқ. Тек жаңа пайдаланушыларды тарту үшін маркетингтің барлық қолжетімді арнасын (Reddit, Hackernews, Producthunt, X, Linkedin) пайдалануға күш жұмсап жатырмыз”, - деді жас кәсіпкер.

 

Amurex.ai жобасына Google Cloud-тан несие алуға Eurasian Startup Hub фаундеры, венчурлық скаутер (іздеуші) Нұрдәулет Базылбеков көмектесті.

 

“Google Cloud біздің ұйым сияқты серіктестер арқылы несие береді. Егер стартап енді ашылса, шамамен 2,000 доллар несие беріледі, ал егер инвестиция тартқан болса, 100,000 доллар ала алады. Бірақ бұл деңгейлердің арасында үлкен айырмашылық бар, сондықтан Google 25,000 долларға дейін бере алатын экожүйелік серіктестерді құрды. Бұған біздің компанияның құқығы бар. 150,000 доллар көлемінде несие алып та үлгердік. Процесс қарапайым: біз стартаптарды Google-мен ортақ кестеге қосамыз және олар несие сұрағанда, Google олардың тізімде бар-жоғын тексеріп, содан кейін сұрау салуды мақұлдайды”, - деді ол.

 

Нұрдәулет мұндай қолдау стартаптарға интернет-ресурстар мен платформаларды қаржы мәселелеріне алаңсыз пайдалануға және бизнестің өсуі мен дамуына назар аударуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

 

Astana Hub - стартаптың алғашқы аялдамасы

 

 

Astana Hub - Орталық Азиядағы ірі технопарк. Ол акселерациялық бағдарламалар, салықтық жеңілдіктер, білім беру саласындағы қолдау және халықаралық мүмкіндіктерге жол ашады. Кейінгі алты жылда қатысушылардың түсімі 48 есе, ал экспорт 14 есе өсіп, 2024 жылы 479 млн долларға жетті. Негізгі бастамалардың арасында - Silkway Accelerator мен Google for Startups, Hero Training мен Draper University. Scalerator мен Global Outsourcer бағдарламалары қазақстандық стартаптарға Оңтүстік-шығыс Азия нарығына шығуға көмектеседі.

 

Сонымен қатар, стартаптар мен жоғары технологиялы компанияларды қолдау шеңберінде Astana Hub қатысушылары Қазақстанның Салық кодексінде көзделген бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады.

 

“Осы шаралардың арқасында резидент компаниялар үнемделген қаражатты өз жобаларын дамытуға, бизнестің өсуін тездетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуге бағыттай алады. Осылайша, технопарк резиденттері 28 мың жұмыс орнын қамтамасыз етті, ал IT-қызметтер экспорты 2020 жылдан бастап 1 млрд АҚШ долларынан асты”, - делінген Astana Hub баспасөз қызметі бөліскен мәліметте.

 

Дарина ТАУПИХОВА

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/03/2025 18:04
71 0

Уведомление