Еуропадағы наразылықтар: жеті елдің халқы қымбатшылыққа қарсы шеруге шықты

Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Португалия, Бельгия және Грекия тұрғындары жалақы мен зейнетақыны көтеруді, баспана жалдау құнын қолжетімді етуді, азық-түлік пен электр энергиясы бағасын тежеуді талап етті.


23/11/2026
07:35 0

Ең ауқымды шеру

 

Ең ауқымды шеру Францияда өтіп, ұйымдастырушылардың мәліметінше, оған 150 мыңға жуық адам қатысқан.

 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша шеруге шамамен 82 мың адам қатысқан. Оның 21,5 мыңы Парижде болған. Ал ұйымдастырушылар қатысушылар санын 150 мың, Парижде 45 мың адам деп бағалады. Дегенмен шеруге шыққандар саны бір апта бұрынғыдан едәуір азайған.

 

Лионда полиция қала орталығында шеру өткізуге рұқсат бермеді. Соған қарамастан, бірнеше топ белгіленген шектеуді бұзып, тыйым салынған аумақтарға өтуге тырысқан. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Марсельде полицияның есебінше, көшеге 4,6 мыңға жуық адам шыққан. Кейін шерушілердің бір бөлігі келісілмеген бағытпен қозғалған.

 

Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Франция бойынша 70 мыңға жуық полиция қызметкері мен қауіпсіздік күштері жұмылдырылды. Шерулердің басым бөлігі бейбіт өткенімен, кейбір қалаларда қақтығыстар болған.

 

Португалияда жалақы мен зейнетақыны көтеруді талап етті

 

Португалияда нөсер жаңбырға қарамастан, мыңдаған адам Лиссабонға жиналды. Шеруге Порту, Авейру, Фару секілді қалалардан да тұрғындар келген. Наразылар жалақы мен зейнетақыны көтеруді, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын төмендетуді, баспана жалдау құнын қолжетімді етуді және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды талап етті.

 

Кәсіподақтардың айтуынша, күнделікті шығындардың өсуі отбасы бюджетіне барған сайын ауыр салмақ салып отыр. Жұмысы бар адамдардың өзі баспана ақысын, коммуналдық төлемдер мен азық-түлік шығынын қатар өтеуге қиналады.

 

Португалияда баспана мәселесі де өзекті. Жарияланымда келтірілген дерекке сүйенсек, 2017 жылдан бері елдегі тұрғын үй бағасы екі еседен астам өскен. Жаңа келісімшарттар бойынша жалдау ақысы да айтарлықтай қымбаттаған.

 

2025 жылы Португалиядағы орташа жылдық табыс Еуропалық одақтағы орташа көрсеткіштен 37 пайызға төмен болған. Соның салдарынан тұрғындар табысының барған сайын көп бөлігін күнделікті қажеттіліктеріне жұмсауға мәжбүр.

 

Испания мен Ұлыбританияда тұрғындарының талабы

 

Барселонада шеруге шыққандар баспананы қолжетімді етуді, мемлекеттік мектептерді қаржыландыруды арттыруды және қоғамдық қызметтердің сапасын жақсартуды талап етті. Полицияның мәліметінше, акцияға 3 мыңға жуық адам қатысқан. Ұйымдастырушылар олардың санын 5 мың деп көрсетті.

 

Мадридте мемлекеттік білім беру жүйесін қолдауға және әскери шығындарды арттыруға қарсы акциялар өтті. Бұдан бөлек, коронавирус пандемиясы кезінде қарттар үйіндегі адамдарға көрсетілген қарым-қатынасқа наразылық білдіргендер де көшеге шықты.

 

Лондонда мектеп оқушылары да қатысқан жүздеген адам әскери шығындардың көбеюіне қарсы шеруге шықты. Олар «Болашағымыз үшін күресеміз, біреудің соғысы үшін емес!» деп ұрандатты.

 

Италияның Рим мен Милан қалаларында да ауқымды шерулер өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 20 қараша, жұма күні өткен акцияларға ондаған мың адам қатысқан.

 

Наразылық Германияны да қамтыды. GenZ regelt қозғалысының мәліметінше, елдің 70 қаласында өткен акцияларға 21 мыңға дейін адам жиналған.

 

Фото: Francesco Fotia / Reuters

Поделиться

Нет комментариев.

23/11/2026 07:35
0

Уведомление